Ұрыс-керіс көп үйде туған бала 6 айынан стресске ұшырайды
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында тұрған мұғалімнің зорлықпен өлтірілгеніне байланысты сот аяқталды. 31 жастағы әйел былтыр асылып тұрған жерінен табылған, «өзін-өзі» өлтірді деп, полицейлер істі жапқан. Дегенмен әйелдің туыстары қоғамдық ұйымдарға шығып, қоймай жүріп істі қайта қаратқызды.
Ақыры әйелдің дене мүшелері сынғаны, ішкі органдарының езіліп кеткені анықталды. Күйеуі оны ұрып өлтіріп, сосын асып қойған… Зорлықшыны 11 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы сот шешімі шықты. Қайынжұртына 3 млн теңге өтемақы төлеуі керек. Бұл туралы Астана арнасы “Біздің уақыт” бағдарламасында айтылды.
Петропавлда «Отбасындағы зорлықты тоқтатамыз!» деген шара өткен, қаладағы дағдарыс орталығында қазір 20 әйел баласымен жатыр… Осы проблемамен үндесетін тақырып – отбасындағы ұрыс-керістің баланың психикасына, болашағына, қандай адам болатынына әсері туралы британдық ғалымдардың есебі шықты – ұрыс-керіс көп үйде туған бала 6 айынан стресске ұшырайды екен…
Қазір қоғамымызда ұрыс керіс пен адамдардың ашушаңдығын сіз де біз де күнделікті көретініміз рас. Ал, сіздер отбасылық жанжалдың неге әкеліп соғатынын білесіздер ме?! Бала ол мына губка/сорғыш секілді. Үйдегі болып жатқан барлық жағдайды өзіне бірден сіңіріп алады. Психотерапевт мамандар, ерлі-зайыптылардың жанжалы балаларының жан-дүниесін терең жаралап қана қоймай, оның болашағына кері әсер ететінін айтады. Мамандар тіпті, күнделікті ұрыс-керістен гөрі, баланың тыныштығы мен психикасының дұрыстығы үшін ажырасып тына салған дұрыс деп отыр, өкінішке қарай… Өзі балалар үйінде тәрбиеленген қызылордалық Назым 9 жыл бойы жолдасынан таяқ жеп келе жатыр. Қазір ол күйеуінен қашып кетіп, қамқорлық орталығын уақытша паналаған. Айтуынша, алғашында сүйіп қосылған жары «ішпей-жемей» күнде оны таяқ астына алады екен. Онымен қоймай, балаларды асырауды қойған. Жұмыс істемейді. Үйде бітіретіні Назымды сабап, балалардың үрейін қашыру. Бүлдіршіндері үшін қорыққан ана әзірге мына орталықта тұруға мәжбүр. Бірақ бұл мекемені 6 айдан босатуға тура келеді.
“Жұмыс істемейді ұрады. Балаларға тамақ бермейді. Өзім жұмыс істедім, кішкентай тудым. Үйде отырдым. Неше рет кеттім, келдім, кешірім сұрайды. Қайтадан бастайды… Разводқа берем, ажырасам, болды. Тұрғым келмейді. Балалар дым көрмей жатыр. Қорқып үйде жүреді сол”, – дейді бет-жүзін көрсетпеуді сұраған кейіпкер.
Ал, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында биыл 500-ге жуық тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Қызылжардан бір факт – осыдан бір жыл бұрын әкесі күн сайын ащы суды ішіп алып, қызы мен 11 жастағы немересін балағаттап, таяқтың астына алатын болған. Амалы қалмаған қызы әкесіне полиция шақырған.
-Әкем осыдан бір жыл бұрын араққа сылқиып тойып алып, үйге келіп біздің мазамызды алатын. Қатты да, ауыр сөздер айтып, тіпті қол жұмсауға дейін баратын. Қызым екеуіміздің зәремізден зәре қалмайтын. Кішкентай қыз күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айрылды. Қазір енді ішпеуге тырысып жүр.
-Ішкеніме өкінемін. Арақ-шарап деген жақсылыққа апармайды. Отбасымның берекесін қашырдым. Соңында жек көрінішті болып қалдым. Қазір жұмыс істеп, ешкімге зиянымды тигізбеуге тырысып жүрмін.
Жанжалдан көз ашпайтын отбасындағы бүлдіршінде үрей өз алдына, бәрінен қорқатын сужүрек болып өседі. Сыныптастарынан алшақтап, өзін төмен сезіне бастайды. Өзіне деген сенімнен айрылады. Терең ойға жиі батып, сабақ үлгерімі нашарлайды. Шаңырақтан кеткен берекеден, тіпті үйге келгісі келмейтін «симптомдар» пайда болады екен. Түптеп келгенде невроз сырқатына шалдығады.
“Үйдегі ұрыс-керістің дұрыс еместігін бәрі біледі, бірақ өз еріктерімен шешу өте қиын. Бұл жерде мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Отбасылық психолог немесе психотерапевттің кеңесі қажет. Біртүрлі естілетін шығар, дегенмен басты кінә ерлі-зайыптыда да емес. Олар өз үйінде көріп өскенін қайталайды. Яғни бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын дерт. Олардың отбасыларында да барлығын айқаймен, бір-біріне қатты сөз айтумен шешкен. Олар мәселені басқаша шеше алмайтын болып тұр”, – дейді балалар психотерапевті Гүлдана Бекетаева.
Үйдегі қатты айқайдан, баланың шок алып, кекештеніп қалуы кездесетін жағдай. Медициналық тілмен айтқанда, логоневроз. Тіл мүкісін жөндейтін мекемеге балаларын алып келетін ата–ана сәбиінің үйдегі жанжалдан кекештеніп қалғанын жасырып қалады екен. Тіпті «туа біткен» деген кекештіктің өзі анасы нәрестені құрсағында көтеріп жүргенде тұрмыстық түрлі жағдайлардан қорыққанының белгісі.
“Өкінішке қарай, соңғы кезде ата-аналар балаларының кекештеніп қалу мәселесімен жиі келеді. Жағдайды зерттеп білгенде себебі тұрмыстық жағдай болып шығады. Тура айтсақ, отбасы ішіндегі ауыр атмосфера, ұрыс-керіс. Әсіресе, жас жұбайлар арасында жиі кездесетін жайт. Жастар баланың көзінше ұрсысып, балаға зиян тигізіп жатқандарын сезбей қалады. Бұл көріністі күнде көріп отырған бала үлкен стресс алады. Үрей мен қорқыныш пайда болады. Балаңыздың сөйлеу барысында тоқтап қалып немесе айтқысы келетін сөзін жеткізе алмай, қорқақтап, бата алмай қалатын жағдай туындаса бұны кейінге қалдырмаңыздар”,- дейді дефектолог Жанна Досполова.
“Логоневроз бұл терең сырқат. Бет бұлшық еттерінің зақымдануы емес, сонымен бірге, дауыс желбезегінің түбіне әсерін береді. Өте қиын жағдай. Бұл жағдайдан шығу үшін мамандар командасы қажет. Мұндай жағдайда логопед, вокал және бейнелеу өнері мамандары бірігіп, пластиналардан түрлі бұйымдар жасап, сурет салу арқылы тереңде жатқан логоневрозды шығара бастаймыз”, – дейді Гүлдана Бекетаева.
Психотерапевт мамандар, отбасындағы кикілжіңнің құрбаны тек бала ғана емес дейді. Жанжалсыз күні өтпейтін жанұядағы адамдардың бәрінің де психикасы бұзылған. Бұл жағдайда маман көмегіне отбасы мүшелерінің бәрі жүгінуі қажет. Диана Сапарқызы, тілші: Шын мәнінде ешқандай отбасы бақытсыз болғысы келмейді. Балаларының жүзі күлкіден айырылмағанын, ұйыған, ұмтылған, өскен, өнген әулетке айналғанын бәрі қалайды. Тұрмыстың тауқыметі, қу кедейшілік жүнжітіп жіберетіні рас. Бірақ қара суды да қайғысыз ішетіндер бар. Себебі сол жоқшылықтан айырылу үшін ең басты керегі өзара түсіністік, өзара құрмет, өзара сыйластық пен демеу. Маман айтты, отбасында бала не көріп өседі, дәл соны қайталайды. Өзіңіздің әрекетіңізді қайталап тұрған балаңызды елестетіп көріңіз…
Тағы оқыңыз:
ОҚО-да 5 жасар бүлдіршінді ұлттық бюро қызметкері судан аман алып қалды