Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне 300-700 долларға дейін табыс табамын": Қазақ жігіті АҚШ-та табысты биржалық трейдерге айналған

Думан Ерқанат 22 жасында АҚШ-тың Колорадо штатының Денвер (Denver, Colorado) қаласына көшіп келген. Бүгінде 28 жасында қазақ жігіті табысты биржалық маклерге айналған. Биржалық акциялармен жұмыс істейтін ол Уолл-стрит беделді биржалық қордағы трейдинг компаниясынан дәріс алған. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Думан АҚШ-қа не себепті көшкені, Американың биржалық қорына инвестиция жасау, сол арқылы табыс табудың жолдары және қазақтарға арналған курсы жайлы айтты.

Отандасымыз Думан Ерқанат Уолл-стриттегі ірі “SMB Capital” трэйдинг компаниясында білім алып, енді осы білімімен қандастарымен бөліспекші. Айтуынша, бұл сала Америкада өте қатты дамыған, ал қазақтар арасында бұған қызығушылық жоқтың қасы.

Басты мақсаты - қазақтар арасында биржалық сауда-саттық саласын дамыту.  Осы жолда онлайн биржалық акциялармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрететін академия құрған.

Білім қуып келдім

Америкаға келгеніме алты жылдай болды. Негізгі мақсатым білім алу болды. National American University-ға MBA-ға (Іскерлік басқару магистрі - авт.) оқу түстім . Туған ағам отбысымен Колорадо штатында тұрады. Алғашында мұнда келгенде әке-шешемнен қаражат алмадым. Білім алу қымбат болғандықтан, әу баста оқудың жарты жылының ақшасын ағам төлеп берді. Одан соң, мектептің кампусында жарты күн жұмыс істеп жүріп, одан бөлек ағамның онлайн бизнесіне көмектесіп қаражат тауып, оқу ақысын төлеп отырдым. 
Оқу оқып жүріп Денвердің жергілікті компаниясында менеджер ассистенті ретінде жұмыс істедім. Бұл импорт, экспорт бағытында жұмыс істейтін компания болды және мұндағы жұмыс маған айтарлықтай үлкен тәжірибе берді. 

 

Америкалықтардың 50-60 пайызы акцияларға инвестиция жасайды 

Оқуда ағылшын тілім жақсы деңгейде болса да, тілдік қиындықтарға тап болдым. Бірақ америкалықтар, не дегенмен көмектесуге даяр, ашық болады екен. Бір семестрден кейін сол ортаға сіңіп кеттім деп айтуға болады. Осылайша, Денвердің қаржылық компаниясында аналитик ретінде бір жылдай жұмыс істедім.  Қаржылық мәселелерге байланысты анализ жасаумен айланыстым. Сол уақыттарда биткоин (вируталды валюта-авт.) шыға бастады, онымен де айналыстым. 

Биржалық акцияларды тереңдетіп меңгермеген едім, уақыт өте келе айтарлықтай қызығушылық пайда болып, Американың биржалық қорына инвестиция және сауда-саттық жасай бастадым. Алғашында биткоинмен бастадым, бастапқыда қиын екен деп ойлап, сенімсіздікке тап болдым. Бірақ Америкада бұл өте дамыған сала, адамдардың 50-60 пайызы осы акциялары бар және оған инвестиция жасайды. 

Инвестиция жасау, акциялармен жұмыс маған ыңғайлы екенін түсінген соң өзім жұмыс істеп жүрген компаниямнан шығып кеттім.

 

Қазақ жастарына биржа саудасы туралы білім бергім келеді

Нью-Йоркта орналасқан "SMB Capital" фирмасынан биржа саудасы жайлы білім алдым, сол жерде жұмыс істедім. 

Биржалық сауда-саттық командалық жұмыс боп келгендіктен, қазақтың ортасында мұндай қоғамдастықтар жоқ екенін байқадым. Осы жайлы әлеуметтік желілерге бөлісе бастаған соң Денвердегі қазақтардан да қызығушылық пайда болды. Сол кезде адамдар тарапынан мұны үйренуге деген ұсыныстар түсті. Неге осы бағытта өзіміздің қазақтың қоғамдастығын жасамасқа деген ой келді. Басқа елдерден Қырғызстан, Америка, Мексикадан да сабақ алам дейтіндер болды. Алайда қазақ жастарына үйрету басты мақсатым еді, сол себепті де қазақша онлайн-курс жасап шықтым. 

 

Америка - жалқауларға арналмаған мекен

АҚШ-тың ұнаған тұстары өте көп. Мен тұратын қаланың ауа-райы өте қолайлы, табиғаты өте керемет, мұнда төрт мезгілдің бәрін көруге болады.

Алматының ауа-райына ұқсайды деп көбі айтып отырады. Тамағы, адамдары өте жақсы, олардан оптимизмді байқауға болады, әрдайым көмек қолын созуға дайын. 

Адамдардың барлығы өз жұмыстарымен жүреді, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Осы нәрсе мені де өзгертті деуге болады. Ал білімі өте сапалы.

Әлі де үйрене алмай жүрген тұстарына денсаулық, білім, өмір сүру өте қымбаттығын қосар едім. Сондай-ақ, Америкада жалқауларға өмір сүру қиын. Бұл жалқауларға арналмаған мекен. Қатты еңбектенуге тура келді.

Қазақтардың туысшыл, бауырмал халық екендігіне үйреніп қалған соң, мұндай жылы қарым-қатынасты Америкада сезіне алмайсың.

 
Биржалық трэйдинг - Америкадағы мәңгі сала 

Америкада бұл өте жақсы дамыған, "өлмейтін" сала Американың заманауи экономикасы акцияларға байланысты. Дүниежүзілік Tesla, Apple, Facebook, Amazon (қоғамдық компаниялар) сияқты компаниялар да акция арқылы іс жүргізеді және болашақта акция ең үлкен экономикалық салалардың бірі болады. Қалаған адам қалаған уақытында инвестиция немесе трейдинг жасай алады. Қазақ жастары осы нәрседен қалмауы керек.

Интернет дамыған заманда қай жерде өмір сүретінің маңызды емес, уақытынан қалмай ертерек бастасақ, инвестицияны Қазақстан нарығына енгізе аламыз. Осылайша ірі компаниялардан пайдасын көруге болады.

Трэйдер болуымның басты себептерінің бірі табысты сала болғандығында. Екіншіден, өмір сүру салты өте ыңғайлы. Таңертеңнен кешке дейін бір жерге байлаулы емессің. Күніне орташа есеппен 3-4 сағат жұмсап, өзіңе ыңғайлы уақытта жұмыс істейсің. 

Өмірде өзіңнің жақындарыңмен, отбасыңмен, туыстарыңмен көбірек уақыт өткізу басты мақсаттардың бірі деп ойлаймын. Осы жағынан өзіме ыңғайлы уақытта жұмыс істеп, уақытты тиімді пайдалануға болады.

Күніне 300-700 долларға дейін табыс табамын

Ал табыс жағынан алып қарайтын болсақ, мен өзім күніне 300-700 долларға дейін табыс таба аламын. Бірақ, әрине, биржа дегенді экономикалық жағдайға, сол күнің жағдайына тәуелді болып отыратынын түсіну керек. Бұл ақшаның мөлшері шоттағы қаражат мөлшеріне де байланысты. Мәселен, 10 000 доллар қаржысы бар адам, күніне 1-5 %-дейін пайда көре алады. Ал ұзақ уақытқа инвестиция жасаған адамдар басқа табыс табу мүмкіндіктеріне ие болады. 

Бұл кәсіпті білімі, тұрғылықты орны қандай болмасын әрбір адам үйрене алады. Шот аккаунт ашу, онымен жұмыс істеу, акциялық сауда-саттық үлкен болғандықтан біз бір-бірімізге бәскелес болмаймыз. Тәжірибелі трэйд-инвесторлар команда болып жұмыс істейміз. 

 

Тәуекелсіз трэйдинг болмайды

Әрине, тәуекел, қауіп-қатерлер болады. Сауда жасамайтын күндер де болады. Демек тәуекелсіз трэйдинг болуы мүмкін емес. Команда болып жұмыс істеп жатқан себебіміз табысты күндерімізді максималды ету, табыссыз күндерді минимумға апару үшін жұмыс істейміз. Биржалық трейдер - тәуекел менеджері деп те айтуға болады.

Жоғары деңгейде білімі болудың қажеті жоқ. Мұнда адамның психологиясы көбірек сыналады. Эмоциясын ұстап, тәртіппен қарайтын болса, табысты трейдер болуға мүмкіндіктері көбірек.

Қазіргі уақытта осы бағытта менен сабақ алып жүрген 100 шақты студентім бар. Бұл жерде білім ғана емес, адамның өзінің соған деген қарым-қатынасы маңызды. Курста америкалық биржалармен жұмыс істеуді толықтай көрсетеміз, ары қарай оны қаншалықты дұрыс алып кете алады, уақыт бөлуі, кәсіби түрде жұмыс істеуі маңызды. Барлық ақпарат бар, қызығушылық танытқан адамдар менен жеке кеңес алуларына болады. 


Қазақ жастарына үйрету - мақсатым

Менің мақсатым - қазақтар арасында осы саланы дамыту. Германия, Татарстан, Жапония, Моңғолия, Канададан сабақ алып жатқандар бар. Өзім бірінші қазақ болғандықтан, бұл сала қазақтар арасында дамып үлгермегеніктен, осы бағытты қандастарымның арасында да дамытқым келеді. Қазіргі уақытта веб-сайтымда екі түрлі курс ұсынылуда: негізгі және тереңдетілген. 

Бір адамның өмірін өзгертсем - ол да үлкен белес

Мен үшін жетістіктің мағынасы әртүрлі. Жеке басым бұрын жетістік деген қымбат көлік, беделді компанияда жұмыс істеу деп есептейтінмін. Қазіргі уақытта жақын адамдарыммен уақыт өткізу, қалаған жұмысымды жасау, содан ләззат алсам, адамдарға үйретудің өзі мен үшін жетістік. Әрбір күнімді көңілді өткізу мен үшін жетістік. 

Осы жаққа келіп, әлемдегі білімі мықты елден оқу оқып, ерекше салаға жататын америкалық қор биржасынан табыс табуды үйретудің өзі жетістік шығар. Бір адамға үйрету арқылы сол адамның өмірін өзгертсем - ол да үлкен белес. 

 

Уолл-стритті кинодан ғана көретінбіз...

Уолл-стритті кинодан ғана көретінбіз, қарапайым қазақтың баласына мұндайды үйрену қиын болады деп ойлайтынмын.  Іздестіру арқылы тек қана үлкен институттардың, инвесторлардың ақшасын биржада айналдырып, ақшасын өсіріп береді деп ойлайтынмын. Биржа трейдингін тереңдетіп үйренгенде, Уолл-стритта өздері үшін биржамен күнделікті айланыстындар бар ма екен деген сұрақ туындады. 

Бастапқыда мен өз бетімше кітап оқу, видео көру арқылы үйрендім. Содан кейін ақырында Уолл-стриттегі “SMB Capital” фирмасынан тәжірибе жинап, кәсіби мамандардан сабақ алдым, себебі олардың жұмысы нағыз тәуекел менеджмент, командалық тәртіптің жемісі. 

Ақпаратты жеткізу тәсілдері, стилі платформалары жайлы мәліметтерді осы дәрістен алып өз курсыма қостым.


Отанға оралу ойда бар..

Қазақтардың әр қалада қауымдастықтары бар. Мысалы, менен Американың өзінен алпыстай адам сабақ алады. Сабақ алған адамдар бір-бірін таниды, бұл дегенміз, олардың өте жақын араласатындығын көрсетеді. Менің түсінгенімше, қанымызда бір- бірімізді аға, бауыр деп тартып тұратын ішкі байланыс бар. Өзім шамам келгенше қандастарыммен араласып тұрамын. Әрбір қалаға барғанда кішігірім жиындарға, саяхаттарға қатысуға тырысамын.

Отанға оралу ойымда бар. Қазақстанға біраз уақытқа өмір сүруге келемін деп отырмын. Одан бөлек, өзімнің отбасым, туыстарым Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Жұмысыма байланысты Қазақстан халқынан қызығушылық бар болса, барып үйрететіндей жағдай жасаймын деген де жоспар бар.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Талқылау