Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістандағы ұшақ апатынан 241 адам көз жұмып, тек бір жолаушы тірі қалды

Фото: AP Photo / Ajit Solanki

Үндістандағы Ахмедабад қаласында апатқа ұшыраған Air India ұшағында бір жолаушы тірі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News18.com.india порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұшақ бортында 242 адам болған. Жолаушылар ұшағының бортында Үндістанның 169 азаматы, Ұлыбританияның 53 азаматы, жеті португалиялық және бір канадалық болған. 

Әлемдік БАҚ-та ұшақта болған 242 адамның барлығы қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.

Алайда кейінірек New Times of India агенттігі ұшақ сынықтарын жинау кезінде бір адам тірі табылғанын хабарлады.

Тірі қалған адам 11A орнында отырғаны белгілі. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді. 

News18 басылымының мәліметіне сүйенсек, тірі қалған жолаушы 40 жастағы Вишвас Кумар Рамеш Ұлыбритания азаматы екен. Рамеш Үндістандағы отбасына қонаққа келіп, Ұлыбританияға бауырымен бірге қайтып бара жатқан.

Фото: News18

Оның көкірек тұсы, көзі және аяғы жарақаттанған. Қазір ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

"Ұшқаннан кейін отыз секундтан соң қатты дауыс естілді, содан кейін ұшақ құлады. Барлығы өте тез болып кетті", – дейді Рамеш Hindustan Times басылымына берген сұхбатында.

Сарапшылар ұшақ апатына құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін екенін болжады.



"Бір қарағанда ұшақ апатының себебі бірнеше құспен соқтығысуынан туындауы мүмкін. Соның салдарынан екі қозғалтқыш та істен шыққан. Ұшу сәтті басталған. Бірақ кейін ұшақ биіктен құлай бастаған. Бұл негізінен қозғалтқыштың күшін жоғалтуынан немесе ұшақтың көтеруші күшінен айырылғанынан болады. Әрине, тергеу нақты себебін анықтайды", – деді капитан, бұрынғы аға ұшқыш Саурабх Бхатнагар.

Еске салсақ, Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы хабарлаған едік.

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 19:30
Талқылау