Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкен күнә": Бас мүфти ЛГБТ-дан сақ болып, оның ықпалынан қорғануға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі ЛГБТ қозғалысына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Коллаж Stan.kz

Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы бұл идеологияның ұлттық құндылықтар мен ата-баба дәстүріне қайшы екенін айтты.

"Бұл біздің ұлттық құндылығымызға, салт-дәстүрімізге, ата-баба жолына қайшы дүние. Батыстан келіп, біздің елімізде көрініс беріп жатқан арсыздыққа тосқауыл қоюымыз керек. Ата-баба дәстүрін сақтайтын азамат ретінде біз бұған қарсымыз. Өйткені, бұл арсыздық. Үлкен күнә. Бұның азабы өте үлкен", – деді бас мүфти. 



Бас мүфтидің сөзінше, елімізде әйелдер құқығын қорғау және жыныстық зорлық-зомбылықпен күресу деген желеумен азғындықты насихаттап, отбасы институтына қауіп төндіретін топтар пайда болған. 

"Шариғат тұрғысынан ЛГБТ-ның әрекеттері харам. Бұл адамның жаратылысына қайшы келетін арсыздық. Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын өзгертсе, Алланың лағынетіне ұшырайды. Ондай адам шын жүректен өкініп, емделуі керек. Тәубе етпесе, намаздан бас тартса, ол өте ауыр азапқа ұшырайды", – деді мүфти. 

Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен наразылық тудырып жатыр. Кейбірі басқарма ұстанымын қолдаса, енді бірі мұндай мәлімдемелерді адам құқығын бұзу деп сынады. 

“Діни басқарма осылай деп айтып жатса, мемлекеттік саясат өзгергеннің белгісі. Дін саясаттан бөлек дегенімен, бәрі бір мемлекеттің айтуымен пәтуа шығады. Бұған да шүкір!”, “АҚШ қарсы шыққан соң жандарың кірейін депті. Бұрын айтсаңдар қайда болдыңдар”, “Бірінші Трампқа рақмет. Сол айтқан соң ғана сөйледі-ау”, “Бұлай айту адам құқығын бұзу деп саналады”, – деп жазды олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова сыртқы күштердің миллиондаған ақша тұратын гранттар мен ЛГБТ-ны пайдаланып әріптестеріне қысым жасап жатқанын айтқан еді. 

Талқылау