Украинада жолаушылар ұшағы апатты жағдайда қонды. Көз жұмғандар бар
Украинадағы Львов әуежайының маңында Ан-12 ұшағы апатты жағдайда қонды. Қазіргі уақытта экипаж эвакуацияланып жатыр.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «РИА Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Хабарланғандай, бүгін сағат 10:10-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Ан-12 ұшағы Львов халықаралық әуежайына қонуға бағыт алғанда, 13,7 шақырым қашықтықта радардан жоғалып кеткен.
«Сағат 7:29-да (жергілікті уақыт бойынша – ред.) экипаждың бір мүшесі байланысқа шығып, Ан-12 ұшағы апатты жағдайда қонғанын хабарлады. Сағат 7:46-да Ан-12 ұшу-қону жолағынан бір жарым шақырым жерден табылды. Ұшақ өртенген жоқ. Экипаж зақымдалған ұшақтан шығарылып жатыр», - делінеді мемлекеттің төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Мемлекеттің инфраструктура министрі Владислав Криклийдің мәліметінше, экипаж жанармай таусылғандықтан апатты жағдайда қонған.
Соңғы мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 4 адам көз жұмып, тағы үшеуі зардап шеккен. Сонымен қатар екі адамның тағдыры белгісіз қалып отыр.