Қазақстандықтар Гуанчжоуда қайдан тамақтана алады: Қытай асханасына шолу
Фото: Stan.kz
Қытай халқы жарқанат, өрмекші сынды т.б. қоңыз немесе иттің етін жейді деген пікір кеңінен тарағандықтан, көпшілігі асханасынан дәм татып көруден тартынады. Алайда қытай асханасында теңіз өнімдері, құс еті, күріш, көкөністерден дайындалған тамақтары көп. Гуанчжоуда жүріп, ащы емес, таза өнімнен жасалған тамақ ішкісі келетіндер үшін тілшіміз қала мейрамханаларына шолу жасап шықты.
Дәстүрлі қытай тағамы өте жеңіл. Аспаздар тамақтың калориясын аз етіп дайындауға тырысады, сондықтан адам қанша тамақ ішсе де, аса тоқтықты немесе ауырлықты сезінбейді. Қуырылған тамақ аз, көбіне буға пісіреді немесе қайнатады, осылайша тағам дәмі сақталады дейді.
Қытай асханасы мәдениетінде қалыптасқан нәрсе – тамақты бөлісіп жеу. Біздегі мейрамханадағыдай адамдар әркім өзі жейтін нәрсеге жеке-жеке тапсырыс бермейді. Дастархан ортасына ортақ етіп әртүрлі тағамдар қойылады. Сол үшін мейрамханаларда дөңгеленген айналмалы дастархандар тұрады.
Бұл әртүрлі дәмді татып көруге мүмкіндік береді. Мұндай дәстүр дастархан басындағыларды жақындастырып, бірлікке шақырудан пайда болған.
Қытай асханасында пышақ, шанышқы және қасық орнына таяқшалар беріледі. Таяқша қолдана алмасаңыз, шанышқыны сұрата аласыз.
Сондай-ақ барлық жерде шай тегін. Қытайлықтарда асты шаймен бірге ішу кеңінен тараған екен.
Фото: Stan.kz
Хуи Мин дәстүрлі кантон мейрамханасында қазақстандықтар күріш ұнынан дайындалған өнімдерге тапсырыс бере алады. Бұл жерде жеп көрген тамақтар:
Асшаян қосылған тұшпара. Күріш ұнынан жасалған қамыр өте жұқа болады. Ал тартылған еттің орнына асшаян тартылғандықтан, теңіз дәмі сезіледі.
Фото: Stan.kz
Лачхан. Сұйық күріш қамыры, жүгері крахмалынан жасалады және ішіне жұмыртқа қосылады. Мұны көбіне таңғы аста жейді екен. Әдетте лачханды соя соусымен жейді. Сондықтан тұздықтың дәмі мен иісіне сіңгенше бір-екі минут күту керек.
Фото: Stan.kz
Вонтон сорпасы. Теңіз өнімдерінен жасалатын сорпа өте қою және ақ түсті болады. Сорпаның ішінде асшаян, моллюскалар, күріш және кеспе қосылады.
Кантон әдісімен дайындалған Гонконг кеспесі. Жұқа қытырлақ кеспе, ішінде орамжапырақ, қияр сынды көкөніс қосылады. Кеспе қытырлақ болуы үшін оны қуырады екен.
Фото: Reddit.com
Лянпи – Шыңжаң асханасының басты тағамы. Лянпи кеспесі бидай немесе булгур ұнынан дайындалады. Суық кеспенің жанында көкөністер және соус беріледі.
Фото: Stan.kz
Ал тәттілерінің көбіне желатин қосылған, желе тектес болып келеді. Қантты өте аз қосатындықтан, тәтті емес боп көрінуі мүмкін. Алайда желатин бет терісіне өте пайдалы дейді, әжім түсудің алдын алады екен.
Фото: Stan.kz
Пуэр шайы. Бір қарағанда қара шай сияқты, алайда дәмі емдік шөп шайларына ұқсайды. Пуэр шайының тарихы 1700 жылдан асады. Басқа шайлардан айырмашылығы арнайы әдіспен ашытылады. Қан қысымын реттеуге көмектесіп, тыныштандыратын қасиеті бар.
Сегіз байлық шайы сегіз түрлі шөптен дайындалады. Шайдың дәмін сезу үшін 2 минут тұндырып, кесенің қақпағын жауып күту керек екен.
Фото: Stan.kz
Алайда иіске сезімтал болсаңыз, қытай дәмдеуіштеріне үйренісе алмауыңыз мүмкін. Дәстүрлі қытай мейрамханасындағы барлық тағам түрінен ерекше дәмдеуіш иісі шығады. Сол себепті ұйғыр асханасына бара аласыз.
Ұйғыр асханасында қазақтар үшін үйреншікті палау, ащы дәмдеуіштермен қытырлақ картоп және сиыр етімен кәуап жеуге болады. Сонымен қатар балық және көкөністермен түрлі салатқа тапсырыс беріп көріңіз.
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz
Еуропалық асханадағы тағамдар да қытайлықтардың қалауына бейімделіп дайындалады. Сиыр етімен стейк, пицца, пастасы да біздің елде жеп жүрген сол тамақтарға қарағанда ащырақ және дәмдеуіші көбірек екенін байқадық.
Фото: Stan.kz
Егер дәл отандық мейрамханалардағы тамақтарды аңсап жүрген болсаңыз, ливан немесе түрік асханасына барып көріңіз. Ливан мейрамханасының негізгі қонақтары – Қытайда жүрген қазақ, қырғыз, өзбек, арабтар екен. Жасымық сорпасы, кәуап, стейк, салаттар – бәрі елдегідей.
Фото: Stan.kz
Сонымен қатар қаланың әр түкпірінде танымал фастфуд мейрамханалар желісін табасыз. KFC, McDonald's өнімдері Қазақстандағы фастфуд өнімінен арзанырақ. Мәселен тауық етімен бургер комбосы 2000 теңге, ал ең қымбат комбо 3000 теңгеге дейін барады.
Еске салсақ, жақында Air Astana әуекомпаниясы Алматы-Гуанчжоу тікелей рейсін ашты. Осы рейспен тілшіміз Қытайға барып, 5 күн саяхаттап қайтты. Бұған дейін Гуанчжоу қаласына саяхаттау кезінде қайда баруға болатыны және нені ескеру керегі туралы материал жарияланды.

Қазақстандықтар Гуанчжоуда қайдан тамақтана алады: Қытай асханасына шолу
