Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты

атырау

Фото: Видеодан скрин

Маусымның басынан бері Атырауды қара түтін басты. Жергілікті тұрғындар салдарынан денсаулық сыр беріп, бас ауруы мен жөтелге шағымданды. Сондай-ақ олардың айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Алайда бұл жолы түтін торлаған күндер ұзаққа созылған. Эколог Stan.kz тілшісіне Атыраудағы экологиялық жағдай туралы айтты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаланы түтін басып, тұрғындардан маза кеткелі 15 күндей уақыт болған.

“Қамыс өртенген соң осылай болды деп жатыр. Түтіннен есік-терезе ашудан қалдық. Жөтел күшейді, бас ауырады”, – дейді Асылтек есімді Атырау тұрғыны.

Қаладан жырақ тұратын тұрғындардың бірі түтіннің ұзаққа созылып жатқанын айтты.

“Біз Дамба (Атырау қаласынан алыста орналасқан ауыл) жақта тұрамыз. Осында тұрып жатқанымызға 6 жыл болды. Жылда қайталанады. Әрі кетсе 4 күнге созылатын. Бірақ осы жолы тұншығып отырғанымызға бір аптадан асты. Әлсіздік басты, үйде бала-шаға бар. Терезе аша алмаймыз. Таңертең ауа таза болғанымен кейін түтін басады, түнде де түтін. Қамыс біз жақта. Иісін айтып жеткізе алмаймын. Салдарынан жөтел пайда болды, әлсіздік, ұйықтай бергің келеді. Өзім медицина қызметкерімін. Адам уланғандағы белгілерді байқауға болады”, – дейді тұрғындардың бірі Гүлжан.

Жергілікті эколог Галина Чернова маусым айының өзінде қамыс өртінің бірнеше рет тіркелгенін айтып, дабыл қақты.

“Атыраудағы экологиялық жағдай – нағыз экоцид. Ауадаға көмір сутегінен бөлек, Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сағасына жақын орналасқан сулы-батпақты алқаптарда қамыс өрті жиілеп кетті. Атап айтқанда, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қала түгелдей күйік пен түтінге оранып, тұрғындар далаға шығып, балаларымен серуендей алмады. Тіпті үйдің терезесін ашып, желдетуден қалды. Ал 14 маусымнан бастап "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс алқабы өртенді. Бүгінге дейін өрт толық сөндірілген жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оған тікұшақтар, өрт сөндіру бөлімшелері, тракторлар жұмылдырылған. Қазір өрттің таралуын тоқтату үшін "минералды жолақ" жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деді Галина Чернова.

Эколог маман өрттің жыл сайын қайталануының басты себебі – қамыс алқаптарында өрттің алдын алу шараларының жүйелі түрде жүргізілмеуінен дейді. Мұндай аумақтарда тұрақты түрде бақылау жүргізіліп, рейдтер, жергілікті аймақты шолу, дрондар арқылы қадағалау сияқты жұмыстар міндетті түрде атқарылуы керек деп санайды. Алайда мұның ешқайсысы жасалып жатқан жоқ дейді ол.

@adil.boss54 #атырау #рек #камыш ♬ оригинальный звук - evro.den

 

“Төтенше жағдайлар департаменті әлдекім қасақана өрт қойған деп отыр. Егер бұл рас болса, бақылау мен мониторинг жүйесі бұрынғыдан да қатаң болуға тиіс! Бұл мәселе – қараусыз қалған аумақтардағы қауіпсіздік пен табиғатты қорғау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді”, – деді маман.

Оның айтуынша, қамыс өртінен бөлек атмосферадағы көмір сутегі мөлшерінің шектен тыс асуы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр.

“Бір жағынан – жүйке жүйесіне әсер ететін улы зат – күкіртсутекпен улану, екінші жағынан – өртенген қамыстардан шыққан түтін мен күйе. Қара түтін мен улы ауаны желмен таратып жіберу мүмкін емес. Бұл жағдайда зиян заттардың көздерін жою керек. Қамыс өрті толық сөндіріліп, күкіртсутекті ауаға шығарып жатқан өндіріс көздерінің жұмысын тоқтату қажет. Тек осылай ғана қоршаған ортаға келетін қауіптің алдын алып, қаланың ауа сапасын жақсартуға болады”, – дейді Галина Чернова.

smog

Фото: Әлеуметтік желіден

Экологиялық жағдай қала халқының денсаулығына да кері әсер етіп жатқанын атап өтті.

Атырау облысында:

  1. Аллергиялық аурулар,

  2. Қан түзу жүйесінің бұзылуы,

  3. Тыныс алу жолдары аурулары,

  4. Бірінші рет мүгедектікке шығу жағдайлары жыл сайын артып келеді.

Тіпті жаңа туған сәбилердің өзінде гендік және хромосомалық деңгейде өзгерістер байқалып отыр.

Қазір тәуелсіз экологтар мен белсенділер Атырау облысын экологиялық апат аймағы деп тануды талап етіп жатыр. 

“Табиғат пайдаланушыларынан өндірілетін экологиялық айыппұлдарды жергілікті бюджеттен алып кетуді тоқтату қажет. Бұл айыппұлдар облыста қалып, дәл қазір өңір тұрғындарының алдында тұрған өткір экологиялық мәселелер мен қауіп-қатерлерді шешуге жұмсалуын талап етеміз. Егер бұл мәселелерді бүгін шешпесек, ертең бүкіл халықтың жаппай көшуіне тап болуымыз мүмкін. Сонда Қазақстан үкіметіне экологиялық босқындар мәселесімен бетпе-бет келуге тура келеді”, – дейді эколог.

Экология министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға арналған Атырау облысы бойынша рұқсат етілген шығарындылардың (лимиттердің) жалпы көлемі 227 мың тонна болған. Оның ішінде Теңізшевройл ЖШС-нің үлесі – 143 мың тонна, бұл жалпы зиян заттар шығарындыларының 60%-дан астамына тең. Атырау облысындағы атмосфералық ауаның жағдайы, ең алдымен, облыста жұмыс істейтін 50-ден астам кәсіпорын – мұнай-газ өнеркәсібі мен энергия-коммуналдық шаруашылықтарының ластаушы заттар шығарындыларының көп болуымен байланысты. Олардың қатарында ең ірілері – Теңізшевройл ЖШС, NCOC, АНПЗ, "Ембімұнайгаз" АҚ және басқалары.

Атырау облысының тұрғындары бірнеше рет пикеттер, флешмобтар мен экологиялық митингілер өткізіп, өңір халқының экоцидін тоқтатуды, қоршаған ортаны улы шығарындылар мен төгінділермен улауды доғаруды және экологиялық қылмыскерлерді жауапқа тартуды талап етті.

@tilkespekjoq Атыраудағы жағдай туралы не ойлайсыз? #атырау #түтін ♬ 1 second count / when button pressed / time signal 23(1117365) - QUESS

 

Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов “Ақжайық” резерваты аумағындағы өрттің шығу себептері мен ықтимал нұсқалары анықталып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өрттің қасақана қойылғаны анықталса, кінәлі адам жауапқа тартылатынын жеткізді. 

Өңір басшысы өрт жедел шешуді қажет ететін жүйелі проблемаларды көрсеткенін айтты. Оған себеп – Каспийдің таяздануы мен қамыстың кең аумақты алып жатуы. Өрт толық сөндірілгеннен кейін, әкімдік экология министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кешенді жоспар дайындайды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, ашық жалын ошағы сөндірілген. Қазір түтіндеу процесі жүріп жатқан қамыс пен шымтезек қабаттары сөндіріліп жатыр. Өрттің сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Қайта тұтанудың алдын алу үшін аумақтарға су құйылып, топырақ себілді.

Өрт салдарын жоюға шамамен 150 адам, 40 техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. 13 маусымда басталған өрт 17 маусымда оқшауланды. Енді кез келген адам "Ақжайық" резерваты аумағындағы жағдайды онлайн режимде бақылап отыра алады.

Айым Болатқызы
Жұма, 20 Маусым, 2025 19:12
Талқылау