Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айлығымыз 160 мың теңге": Қазақстандық жедел жәрдем фельдшерлері жаппай бас көтерді

Фото: Әлеуметік желіден

Астаналық жедел жәрдем қызметкерлері жалақыға жарымай жүргендерін, жасаған еңбекке сай айлық алмайтынын, тіпті әлеуметтік көмек берілмейтінін айтып, видео жариялады. Наразылығын білдірген медицина қызметкерлері айлықтың көтерілгенін күтіп жүргенде, керісінше, айдан-айға жалақы кем түседі дейді. Stan.kz Қазақстанның әр өңіріндегі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерімен тілдесті. 

Астана қалалық жедел жәрдем станциясының фельдешерлері айлықтың аздығынан үндеу жолдап, наразылыққа шыты. Айтуларынша, олардың жалақысы – 250-270 мың теңге аралығында.

“2008 жылы бекітілген 1193-бұйрық әлі өзгертілген жоқ. Президент қанша мәрде айлыққа пайыз қосылып, көтерілсін дейді. Бірақ біз ешқандай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Осы айда 261 мың теңге алдым. Пәтеріме 200 мың теңге беремін. Киімге, тамағыма 80 мың теңге кетеді. Сонда мен болашақ үйіме ақша жинай алмаймын ба? Жедел жәрдем қызметкерлеріне үнемі қауіпті ортада жүреді. Шақыртуға барған науқас гепатит, ВИЧ-пен ауыруы мүмкін. Оған көмектесеміз, “осылай ауырады екенсіз” деп кетіп қала алмаймыз, өйткені бұл біздің міндетіміз. Бірақ біз ауырып қалсақ кім жауапкершлік алады? Ешқандай әлеуметтік көмек жоқ. Қазір Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, президент күзеті, полиция қауіпті қызметтер қатарында. Екі апта бұрын өрт сөндіру қызметкерлеріне тұрғын үйге деп 92 600 теңгеден беріліп жатыр. Біздің жұмыс неге қауіпті қызмет емес? Уақыт таңдамаймыз, алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз”, – деп жанайқайын жеткізді жедел жәрдем қызметіндегілер. 

Сондай-ақ айтуынша, ай сайын айлық көтерудің орнына, керісінше, 30-45 мың теңгедей кем жалақы алып жүр. Ал шақыртулар саны 3 есе артқан. Қазір тәулігіне 9 мыңдай қоңырау түседі. Бұған дейін күніне 3-4 мыңдай шақырту түскен. Ынталандыру төлемдері де төленбейді дейді жедел жәрдем қызметкерлері. Осындай қиындықтарға байланысты жедел жәрдем қызметкерлерінің 80 пайызы жұмыстан шыққалы жатқан көрінеді.

Медициналық мекеме айлықтың аздығы мен сыйақының болмауын бюджеттен бөлінетін ақшаның аздығымен түсіндірген. 

“Несиесі бар фельдшерлер демалмай, 8 қосымша жұмыс істейді”

Бұл мәселе Қазақстанның басқа да өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметкерлеріне ортақ. Аты-жөнін жария етпеуді өтінген жедел жәрдем қызметінің фельдшері 170 мың айлықпен күн көріп жүргенін айтты.

“Астанада, Алматыда фельдшерлердің жалақысы 250–270 мың теңге болып тұр. Ал бізде, кіші қалаларда, фельдшерлер 160–170 мың теңге айлық алады. Өз демалысында да демалмай, қосымша жұмыс істейтіндер көп. Кейбір фельдшерлерде ипотека, несие бар, сол себепті демалыссыз 5–6, тіпті 8 қосымша жұмыс істейтіндер бар. Сонда да Астана мен Алматыдағы фельдшерлердің 270–280 мыңын әзер табамыз. Ай сайын жалақымызға зорға жетеміз, ал жалақы дегеніңіз –  170 мың теңге. Менің ойымша, бұл жалақы қарапайым жұмыс саласындағы (күзетші, таксист, балабақша тәрбиешілері) және адам өміріне қаупі төмен мамандық иелерімен бірдей. Ал бізде қауіпті сәттер өте көп. Ауысымға келгеннен кеткенге дейін “адамдарға ештеңе болмасын” деп тілеп отырамыз. Бірақ өмірде түрлі жағдайлар болады. Біздің баратын шақыртуларымызға айлығымыз мүлдем сай келмейді. Тіпті өте білікті, 10–12 жыл тәжірибесі бар мамандардың өзі жалақының аздығынан жұмыстан кетуге мәжбүр. Вахталық жұмысқа кетіп қалғандар, тіпті таксист болып кеткендер де аз емес. Бұл бірінші мәселе”, –  дейді ол.

Айтуынша, елімізде фельдшерлерге, тіпті дәрігерлерге де әлеуметтік көмек қарастырылмаған.

“Өрт сөндіруші мен әскери қызметкерлеріндегідей жеңілдіктер бізде жоқ. Жұмысымыз осы қызметкерлерімен бірдей қауіпті: нашақорлар, мас адамдар, агрессивті азаматтар, ауа райы өзгергендегі түрлі шақыртулар – бәрі бар. Бір ауысымға келгенде неше түрлі жағдайға тап болып, шаршап шығамыз. Бізде 2/2 кестесімен күндізгі және түнгі ауысым бар. Түнгі ауысымнан кейін екі күн демалу керек. Бірақ жалақы аз болғандықтан, түннен түнге шығатын фельдшерлер мен жүргізушілер өте көп. Кейбіреулер түнге шыдай алмай, өз демалысын пайдаланып күндізгі ауысымға барып жұмыс істейді. Жалақымыз аз болғандықтан, демалысымыз да жұмыста өтеді. Мұны жақындарымыз бен отбасымыз растай алады”, – деді қазақстандық фельдшер.

“Бригада саны аз болғандықтан шақыртуға 4-5 сағат кешігеміз”

Тағы бір мәселе – бригадалар санының аздығы. Қазір қала халқы жыл сайын емес, күн сайын өсіп жатқанын еске салған ол бригадалар санын көбейту керек деп есептейді. Оның сөзінше, аз бригада демалыссыз жұмыс істейді, отбасыға көңіл бөлетіндей уақыт жоқ.

“Фельдшер мамандығы мен жедел жәрдем станциясы елімізге өте қажет мамандықтардың бірі. Бірақ бұл мамандықтың қадірі жоқ, құрмет те жоқ. Шақыртулар көп болғандықтан кейде 4-5 сағат кешігіп барамыз. Өзі ауырып жатқан халық соған ашуланып, фельдшерлерге наразылық білдіреді. Агрессивті пациенттер балағаттап, қуып шыққан кездер де болды. Бәрінің себебі — бригаданың аздығы мен жалақының төмендігі. Қазіргі заманда 200 мың теңгеге өмір сүру қиын. Осындай қиындыққа шыдап, елдің денсаулығын қорғап жүрген жедел жәрдем қызметкерлеріне неге құрмет жоқ? Тіпті бір беттік дипломның өзін дұрыс бермейді. Еңбегі тек адам өмірден өткеннен кейін ғана бағаланады. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, адамдарға көмектескенді ұнатамын. Бірақ төмен жалақы мен нашар жағдай мамандыққа деген махаббатымызды өшіріп жатыр”, – дейді жедел жәрдем қызметкері.

“Санат бар, үстемақы жоқ, жауапкершілік көп”

Теміртаулық фельдшер де өзінің айлығы атқарған жұмысына сай емес екенін айтып, шағымданды. 

“Айлығым айына 140 мыңнан 200 мың теңгеге дейін шығады, ал толық ауысымның бәрін жауып шықсаң – 220 мың теңге. Біздің жұмыс кестесі – тәулік бойы, содан кейін екі күн демалыс. Сол себепті әр қызметкер айына шамамен 240 сағат жұмыс істейді. Бұл өте үлкен жүктеме, мұндай режимде толық қалыпқа келу мүмкін емес. Көбінің кішкентай балалары, отбасымыз бар, бірақ мұндай кестемен үйде де бола алмаймыз. Мысалы, менің екі кішкентай балам бар, бірі 3 жаста, екіншісі 1 жаста. Күйеуім де фельдшер болып жұмыс істейді, оның да кестесі дәл осындай, еңбек өтілі көп болғанына қарамастан жалақысы төмен. Заң бойынша төленуі тиіс санат үшін берілетін үстемеақы – бөлек мәселе. Бұрын үстемақы төленетін, бірақ соңғы айларда қызметкерлер бұл төлемді мүлде алмайды. Бұл көпшіліктің ашуын туғызды, себебі санатымыз бар, жауапкершілігіміз жоғары, ал үстемеақы жоқ. Тіпті санат алудың мәні бар ма деген сұрақ туды, өйткені ол жалақыға еш әсер етпейді”, – дейді жедел жәрдем қызметкері.

“Қызметкерлер ай сайын жалақысын 40 мыңға кем алады”

Айтуынша, басшылық жалақының әр айда әдеттен аз берілуін “сағат аз болды”, “бұл айда ақша аз” деп түсіндірген. Бірақ жүтеме артпаса, азайған емес.  

“Жалақы үнемі аз түседі, ал уәде еткен жоғары айлықты бермейді. Кейбір қызметкерлер керісінше, ай сайын 30–40 мың теңгеге аз алып жүр. Оның себептері бізге түсіндірілмейді. Жалақы түскен күні-ақ қызметкерлер сәйкессіздікті бірден байқайды, себебі біз барлық жұмыс сағаттарын өзіміз жеке есептейміз, тіпті дәптерге жазып жүреміз. Жетпей тұрғанын көрген бойда бухгалтерияға хабарласамыз. Әдетте қоңырау шалғаннан кейін екі–үш сағат ішінде картаға жетпеген соманы салып жібереді. Бірақ бұл тек бір нәрсені көрсетеді: жалақы есептеу жүйесі ашық жүргізілмейді, қызметкерлер әр ауысымын, әр сағатын өздері қадағалауға мәжбүр. Негізі бұлай болмауы керек. Соңғы рет ресми жалақы өсімі шамамен 3 жыл бұрын жарияланды, бірақ жалақымыз іс жүзінде өспеді. Бізде ынталандыру төлемдері жоқ және бұрын да болмаған. Премия мәселесі — бөлек тақырып. Бұрын жыл соңында, желтоқсан айында, премия төленетін. Қателеспесем, алдыңғы жылы әр қызметкерге шамамен 70 мың теңгедей берілген”, – дейді жедел жәрдем фельдшері.

Жедел жәрдем қызметкерлеріне әлеуметтік көмек те берілмейді деп отыр. Оның сөзінше, екінші баласын дүниеге әкелгенде жедел жәрдемде жұмыс істейтін күйеуі екеуіне бір реттік 15 мың теңге берілген.

“Кейбір қызметкерлер кәсіподақ арқылы жолдамалар алады, онда шамамен 50% жеңілдік бар. Бұл – әріптестерім ала алатын жалғыз әлеуметтік көмек. Жедел жәрдем қызметкерлеріне тұрақты түрде көрсетілетін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары мүлде қарастырылмаған. Соңғы бір жылда шақыртулар саны айтарлықтай өсті. Бір бригадаға тәулігіне 20–25 шақырту, кейде одан да көп түседі. Жүктеме тұрақты түрде өсіп келеді, әсіресе кешкі және түнгі уақытта. Тәулік бойы 24 сағат жұмыс істейміз, бірақ соған қарамастан, басшылық таңғы жедел жиналыстарда тіпті шақыртулар көп болса да, демалмай, ұйықтамай жұмыс істеу керек екенімізді айтып отырады. Бізге бөлмеде ешқандай жататын орын болмауы керек дейді. Демалыс мүлде қарастырылмаған. Бұл бригадалардың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуге міндетті екенін және демалуға немесе қалыпқа келуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Ал бұл тікелей біздің денсаулығымызға және жұмыс қауіпсіздігіне әсер етеді”, – деп өз шағымын жеткізді медицина қызметкері.

Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мәселелерді түйіндеді:

  1. Қызметкерлердің жетіспеушілігі және бригадалар тапшылығы;
  2. Ескі резервтік көліктерде қауіпсіздік белдіктерінің жоқтығы, бірақ бұл уақытша деп уәде берді;
  3. Шектен тыс жүктеме және басшылық қызеткерлердің бас көтеріп БАҚ-тан көмек сұрауынан кейін қысым көрсетті;
  4. Қауіпті шақыртуларда дабыл батырмалары мен қалыпты байланыс құралдары жоқ;
  5. Үнемі стресс салдарынан болатын моральдық күйзеліс.

“Ұнамаса жұмыстан шық”

“Фельдшердің жұмысы — тәулік бойы адам өміріне жауапкершілік алу. Біз әртүрлі шақыртуларға шығамыз: тұрмыстық жарақаттардан бастап ауыр реанимацияларға дейін көмек көрсетеміз. Көбіне қауіпті жағдайларға тап боламыз, атап айтқанда, агрессивті науқастар, мас адамдар, жабық пәтерлер. Кез келген жағдайда, жабдық, уақыт пен ресурстардың жетіспеуіне қарамастан жұмыс істеуге тура келеді. Сонда да ешкімге көмек көрсетуден бас тартпаймыз және жасына, жағдайға қарамастан көмек көрсетуге міндеттіміз. Біз жалақы мен жұмыс жағдайлары туралы мәселе көтеріп отырмыз. Қарағандадан басшылық келгенде, мен машиналарымыздың техникалық жағдайы туралы мәселе көтердім. Сонда маған “ұнамаса, ауысымды босатып, жұмыстан шығу туралы арыз жаз” деп жауап берді. Бұл дұрыс емес. Мен өз мамандығымды жақсы көремін, осы жерде қалып, жұмысымды жалғастырғым келеді. Бірақ осындай жағдайда қызметкерлердің алдында қиын таңдау тұрады: төзу немесе кету”, – дейді фельдшер.

Айтуынша, жақында еңбек демалысына шығады. Бірақ содан кейін жұмыстан шығуды жоспарлап отыр. Медицина саласындағы айлық пен қауіпсіздік мәселесі ақхалаттыларды өзі қалап таңдаған мамандығынан бас тартуға мәжбүр етіп жатыр. 

Шымкенттік жедел жәрдем фельдшерлер де 170 мың айналасында айлық алады. Астаналық фельдшер ай сайын қолына 250-280 мың теңге аралығында жалақы алатынын айтты. Ал берілетін премия мөлшері 30-40 мың шамасында. Медицина қызметкерінің мұндай мөлшердегі сыйақыға көңіілі толмайды.

“Бюджетте медициналық көмек қызметін дамытуға қосымша 5 млрд теңге қарастырылған”

Сондай-ақ жедел-жәрдем қызметкерлері мәселе көтерілгелі басшылықтың өздеріне қысым жасап, жазбаларды өшіруге мәжбүрлеп жатқанынан айтып, шағымданды. Алайда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

“Барлық сұрақ менің және әкімнің бақылауында. Оқиға орнына барып, кездесуге дайын едім, бірақ әкімдік олармен кездесу өткізіпті. Биыл өңірге 113 бірлік санитарлық автокөлік жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта жалақыны көтеру үшін тарифтерді арттыру қажет. Барлық тиісті есептер дайын, өңірлермен байланыстамыз, олар үшін қандай тариф оңтайлы және оған қанша қаражат керек болатынын талқыладық”, – деп  уәде берді ол.

Сондай-ақ министр алдағы үш жылға арналған бюджетте медициналық көмек қызметін дамытуға қосымша 5 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. 

“Материалдық-техникалық базаны нығайту, құрылыс жұмыстарын жүргізу, санитарлық автокөлік сатып алу мәселелері — жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі. Бірақ біз де жауаптымыз. Биыл шамамен 160 жаңа бригада құрылды, оларды жедел медицина орталығы үйлестіреді”, — деді Ақмарал Әлназарова.

STAN.KZ
Жұма, 21 Қараша, 2025 15:53
Талқылау