"12 адам көз жұмған Жетісай трагедиясынан сабақ": Қазақстан мен басқа елдерде өрт қауіпсіздігі қалай сақталған
Фото: Stan.kz
Жетісайдағы қайғылы оқиғадан кейін америкада тұратын қазақ жігіті осы елдің тәжірибесіне сүйене отырып, тұрғындарды қауіпсіздікке шақырды. АҚШ-та 350 миллион адам тұратын үйлерде түтін мен газды анықтайтын дабыл құрылғысы заңмен міндеттелгенін және оны Қазақстанға алып келу керек екенін айтады. Осы ретте Stan.kz тілшісіне қарағандылық электромонтажшы Темірлан Мұхамеддинов әлі күнге дейін бұл қарапайым құрылғылар әр үйде жоқ, ал олардың көмегімен бірнеше адамның өмірін сақтауға болар еді дейді.
"Дабыл құрылғысын орнату заңмен міндеттелу қажет"
Америкада тұратын қазақ азаматы Жетісайдағы қайғылы өрт оқиғасынан кейін қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Ол АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, әр үйге түтін және газды анықтайтын дабыл құрылғыларын міндетті түрде орнату қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мұндай қарапайым құрылғылар көптеген адамның өмірін сақтап қалуға қабілетті.
"Менің әкем 30 жылдан бері өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейді. Бала кезімнен осындай қайғылы жағдайлар туралы көп естіп өстім. Егер Қазақстан мен Американы салыстыратын болсақ, АҚШ-тың 50 штатында 350 миллионнан астам тұрғынға үйіне дабыл жүйесін, яғни түтін және газды анықтайтын дабыл құрылғысын орнату заңмен міндеттелген. Бұл құрылғылардың екі түрі бар, бірі түтінді анықтайтын, екіншісі газды анықтайтын дабыл құрылғысы. Егер үйіңізде газ пайдаланылса, газ дабыл құрылғысы міндетті түрде болуы керек. Ал электр қуаты бар барлық үйлерде түтінді ескертетін құрылғы орнатылуға тиіс", – дейді ол.
Өрт қауіпсіздігіне алаңдаған видео авторы тұрғындарды дабыл құрылғыларын орнатуға шақырды. Ер адамның сөзінше, мұндай құрылғылардың бағасы қолжетімді болғанымен, адам өмірін сақтауда маңызы зор.
"Қазір дабыл құрылғыларының бағасы 5 мыңнан 35 мың теңгеге дейін барады. 5 мың теңгелік қарапайым түрі тек дыбыс шығарып белгі берсе, қымбаты тіпті телефонға хабарлама жолдай алады. Сондықтан билік өкілдері заң шығарғанда коммерциялық нысандарға да, жеке тұрғын үйлерге де осындай дабыл құрылғыларын міндетті түрде орнатуды талап етуі керек. Ал заң қабылданғанша, қарапайым халық өз қауіпсіздігі үшін мұндай құрылғыларды үйіне орнатып қойғаны дұрыс. Орнатқаннан кейін оның дыбысын тексеріп алған жөн. Мысалы, америкалықтар тамақты сәл күйдірсе де, дабыл құрылғысы бірден іске қосылып, ескерту береді. Қауіпті жағдай туындаса, дәл осы құрылғы адамдарды алғаш болып оятатын негізгі құралға айналады", – дейді отандасымыз.
Белгілі журналист Ғалымжан Қараманұлы да Лондонда өрт қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін айтып, өз үйінде дабыл құрылғысы орнатылғанын жеткізді.
"Ас бөлмемізде түтін шыға қалса, қатты шиқылдап мазаны алады. Газ исіне де бірден реакция береді. Өртке қарсы дабыл құралы туралы айтамын. Даусынан шошып, дереу шара қолданамыз. Сөйтіп төтенше жағдайдан сақтап қалады. Әр үйде дабыл құралын орнатуды Британ үкіметі міндеттеп қойған. Газ инженерлері оны жыл сайын тексеріп кетеді. Бұл құрылғы сіздің үйде де бар деп үміттенемін. 12 адамның өмірін жалмаған Алғабастағы қайғылы оқиға қабырғамызды қайыстырды. Марқұмдардың иманы жолдас болсын", – дейді Ғалымжан Қараманұлы.
Фото: Темірлан Мұхамеддиновтың жеке архивінен
"Дабыл құрылғысы қымбат екенін айтып бас тартады"
Қарағандылық маман Темірлан Мұхамеддинов әр үйде сигнализация орнатудың маңызды екенін және міндеттеу керек екенін ескертеді. Бірақ кейбір тұрғындар оның қымбаттығына байланысты бас тартады дейді.
"Біз әр үйде сигнализация орнатуды ұсынамыз, бірақ кейбір тұрғындар қымбат екенін айтып бас тартады. Шынайы сапалы еуропалық брендтердің құрылғылары смартфонға қосылып, арнайы түрлерін алуға болады. Көбінесе сигнализацияны магазиндерге орнатамыз, кейде құрылыс салушылар орнатып қояды, бірақ оны кейін алып тастайтындар да бар", – дейді маман.
Электромонтажшының сөзінше, тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себептерінің бірі сапасыз және талапқа сай орындалмаған электр монтаж жұмыстары.
"Осыдан екі жыл бұрын бір қабатты, жеке-жеке пәтерлерден тұратын ескі үй-жайларына түнгі кезекшілік бойынша бардық. Бір пәтерде жарық сөніп, кабельдері балқып қалған екен. Өртенудің сәл-ақ алдында қалған. Сол үйдің жарығын жөндеп, қауіпсіз етіп кеттік. Бірақ көршінің үйінде де сол проблема болды, олар бізге хабарламай, жөндетпеді. Келесі күні кешке сол үйден өрт шығып, 11 пәтер өртеніп кетті. Бұл жаңалықтарда жарияланды. Сол оқиға көп адам өз үйіндегі электр сымдарына уақтылы мән бермейді және бір үйдің кесірінен барлық үй өртеніп кетті", – дейді электромонтажшы Темірлан Мұхамеддинов.
Темірлан Мұхамеддиновтің пікірінше, дұрыс таңдалмаған кабельдер мен арзан құрылғылар тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
"Біз 2018 жылдан бері Қарағандыда электромонтаж жұмыстарымен айналысып келеміз. Осы уақыт аралығында 300-ден астам үйге электромонтаж жұмыстарын жүзеге асырдық. Жаңадан салынған үйлерде де, кеңес дәуірінен қалған ескі үйлерде де жұмыс істедік. Көп жағдайда алюминий сымдарды мысқа ауыстыруға тура келеді. Үйге жөндеу жүргізгенде ең алдымен электр монтажына аса мән беру қажет. Себебі көп адам арзан, сапасыз, сертификаты жоқ автоматтар мен кабельдерді орнатады. Мұндай материалдар бірнеше жылдан кейін қызып, балқып, істен шығады, кейін соның салдарынан өрт болуы мүмкін. Сонымен қатар бір электр розеткасына бірнеше техника қосу да өте қауіпті. Ол жүктемені көтере алмай, уақыт өте келе балқып, отқа айналады", – деді электромонтажшы.
"Өрттің болуына электромонтажшы мен үй иесінің де кінәсі бар"
Электромонтажшы Темірланның айтуынша, стандарт бойынша розетка тобына 2,5 мм², ал жарық шамдарына 1,5 мм² кабель қолданылуы тиіс. Алайда кейбір арзан өнімдер көрсеткішке сай келмей, өрт қаупін арттырады. Сондықтан жұмыстарды тәжірибелі мамандарға тапсырып, алдын ала есептеу жүргізу қажет. Сонымен қатар маман үй иесі де өз білімін жетілдіріп, алдын ала ақпарат алу арқылы қауіптің алдын ала алады деп отыр.
"Үйге электр розеткасын мен ажыратқыштарды сатып алғанда олардың стандартқа сай, 16 ампер тоқ күшін көтере алатынына мән беру керек. Арзан өнімдердің көбісі тек 10 ампер көтереді немесе одан да аз. Ал 16 ампер өткізетін розеткалар тек арнайы брендтерде сатылады. Мысалы, разетканың сыртында "16 А, 220 Вт" деп жазылады. Үйдегі өрттің басты себебі электр тоғынан болады. Қате екі тарапта да болуы мүмкін, біріншісі тәжірибесі аз электрик, екіншісі үй иесінің өзі. Үй иесі кейін біліктілігі аз электриктің айтқан заттарын дұрыс сатып алмай орнатады. Ал қазір TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан монтаж жұмыстарын үйреніп, алдын ала хабардар болуға болады. Сондықтан ремонтқа дейін кішкене электрик таңдаудан бұрын өзіңіз ізденгеніңіз дұрыс", – деп толықтырды маман.
Эстонияда да дабыл құрылғысын орнату міндеттелген
Айта кетейік, Эстонияда үйдегі газдың иісін анықтайтын дабыл құрылғысын орнату міндеттелген. Ол газбен жұмыс істейтін барлық жабдықтар орналасқан бөлмелерде, мысалы, су қыздырғышта, және от жағылатын пеш, камин, плиталар сияқты құрылғылар тұрған қабырғада орнатылады. Осылайша құрылғы газдың қауіпті деңгейге жеткенін анықтайды. Газ түссіз, иіссіз және дәмсіз болғандықтан, адам оны сезе алмайды.
Фото: elenger.ee
Газға уланудың алғашқы белгілері
- бас ауыруы
- бас айналуы
- шаршау
- немесе жүрек айниды.
Адам ояу кезінде бұл белгілерді көміртегі тотығын газбен байланыстыра алмауы мүмкін, ал ұйықтап тұрған кезде мүлде сезбеуі мүмкін. Дабыл құрылгазбен жылыту жүйесі бар немесе газ жабдығы орналасқан бөлмелерге, мысалы, ас үйге немесе ваннаға орнатылуы міндетті. Бір құрылғы тек бір бөлмеде жұмыс істейді, себебі көміртегі тотығы деңгейін тек өз орнынан анықтайды. Көпқабатты үйлерде әр қабатқа, мүмкін болса, әр ұйықтайтын бөлмеге орнату ұсынылады.
Бөлмеде газ жабдығы жоқ болса, құрылғын адамның тыныс алу аймағына жақын орналасуға тиіс. Мысалы, диванда отырған адамның деңгейінде немесе төсекке жақын. Дабыл құрылғысын қабырғаға 0,5-1,5 м биіктікте және газ көзіне дейін 3 метрге дейін қашықтықта орнатылады, желдету жүйелерінен алыс болуы керек. Ваннада газ ыдысы болса, датчик ылғалға төзімді болуы қажет. Бұдан бөлек құрылғына ай сайын тестілеу керек, тазалап отыру, батарейкаларды тексеру маңызды. Себебі бұл құрылғының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын қамтамасыз етеді.
"Айлығымыз 160 мың теңге": Қазақстандық жедел жәрдем фельдшерлері жаппай бас көтерді