"Отандық негізгі тауарлар тапшылығы инфляцияға әсер етіп отыр": Жұманғарин елдегі қымбатшылық себебін атады

Қазақстанда отандық өндірісте бірқатар базалық тауарлардың жетіспеуі инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
“Қазір инфляциялық қысымның басты себептерінің бірі – тұтыну және тұтынуға жатпайтын сегменттердегі отандық базалық тауарлардың тапшылығы. Осыған байланысты салалық министрліктер импортты алмастыруға болатын бағыттарды анықтап жатыр. Ал “Бәйтерек” холдингі инвестицияға тапсырыс аясында жобалар пулын қалыптастыру үшін кешенді due diligence (жан-жақты тексеру) жүргізіп жатыр. Басты мақсатымыз нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайту”, – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, қазір азық-түлік секторында 12 бағыт, ал азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалған.
2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады
Инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайды – Тоқаев
“Азық-түлік блогы агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Атап айтқанда, ет, сүт өнімдері, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу көзделіп отыр. Ал азық-түлікке жатпайтын секторға импорт үлесі жоғары тауарларды шығару бағыттары кіреді. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия бар”, – деді министр.
Ұлттық экономика министрінің пікірінше, бұл бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөлді капиталдандырылған даму институттары атқарады. Олар ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады.
“2026 жылы “Бәйтерек” ұлттық холдингі 1 триллион теңгеге дейін капиталдандырылады. Қаржыландыру көздерін ескеріп, экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 триллион теңге көлемінде шаралар қарастырылады”, – деді Жұманғарин.
Осылайша, 2030 жылға дейін “Бәйтерек” холдингінің еншілес компаниялары өнеркәсіп саласындағы әлеуеті бар, төлем қабілеті жоғары жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 100–120 миллиард доллар болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда инфляцияны есептеудің жаңа әдісі енгізілгені туралы жазған едік.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр