УЕФА Чемпиондар лигасы: Плей-оффқа қай командалар жолдама иеленді?
Еуропаның ең белді командалары ойнайтын УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне іріктеу ойындары аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
18-19 ақпанда кәрі құрлықтың ең атақты жарысы саналатын Чемпиондар лигасында Еуропаның 16 командасы 8 жолдаманың тағдырын шешті. Осыдан бір апта бұрын алғашқы ойындарын өткізген командалар жасыл алаңда қайта жолықты. Ендеше, осы ойындар нәтижесін кеңінен тарқатып, назарларыңызға ұсынсақ. Сонымен, жарысты ары қарай қай командалар жалғастырады?
Милан – Фейеноорд
Италияндық команда қонақта өткен алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңілген еді. Өз алаңында миландық клубтан жанкүйерлер тек камбэк күтті. Ойын көрермен қалағандай басталды. 1-минутта “Милан” сапында Малик Тиаудан пас алған Сантьяго Хименес гол соқты. Айта кетейік, Хименес қысқы трансферлік терезе кезінде италияндық клубқа дәл осы “Фейеноордтан” ауысып келген еді. Бірақ алаң иелерінің ойыншысы Тео Эрнандестің қызыл қағаз алуы ойын барысын түбегейлі өзгертіп жіберді. 10 ойыншымен қалған “Милан” қақпасына Джулиан Қарранза 73-минутта гол соқты. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Екі ойын қорытындысы бойынша 2:1. Голландиялық “Фейеноорд” плей-оффқа жолдама алған алғашқы команда атанды. Осылайша, іріктеудің алғашқы жұбында сенсациялық нәтиже тіркелді.
Аталанта – Брюгге
Іріктеудегі екінші италияндық клубта отандастарының күйін кешті. Бірінші ойында 2:1 есебімен жеңілген “Аталанта” өз алаңындағы ойынды сүреңсіз бастады. Ойынның небәрі 3-минутында “Брюгге” шабуылшысы Кемсдин Тальби таблода есеп ашты. Белгиялықтар мұнымен тоқтап қалмады. Бергамолық клубқа алғашқы таймда тағы екі гол соқты. Тальби дубль авторы атанса, Ферран Ютгла есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші тайм бастала салысымен Адемола Лукман алаң иелерін алға шығарды. Алайда араға 12 минут салып нигериялық шабуылшы 11 метрлік айып соққысын дұрыс орындай алмады. Нәтижесінде қос ойында 5:2 есебімен жеңген “Брюгге”, бұл турнирдегі екінші сенсацияны жасады.
Бавария – Селтик
Чемпиондар лигасының үшінші кездесудегі ойында да сенсациялық нәтиже тіркелуге сәл қалды. Шотландиялық клуб екінші таймда алғаш болып есеп ашты. Өз үйінде 2:1 есебімен жеңілген “Селтик” футбол клубы соңғы сәтте қақпаларына гол жіберіп алды. Қосымша уақытта мюнхендік клубтың қапталдағы қорғаушысы Альфонсо Дэвис жеңіс голын соқты. Жалпы есеп 3:2. Бавария плей-оффта.
Монако – Бенфика
Алғашқы ойында француздық команда өз алаңында жалғыз гол соққан еді. Лиссабондағы кездесуде командалар қақпаны 6 рет дәл көздеді. Матч 3:3 есебімен тең аяқталды. Екі ойынның нәтижесінде 4 гол соққан “Монако” португалдық “Бенфиканы” жарыстан шығарып жіберді.
Боруссия Дортмунд – Спортинг
Жарыстың екінші күніндегі алғашқы ойын Германияның Дортмунд қаласында өтті. Қос команда бір-біріне гол соға алмады. Бұл ойын іріктеуде қақпаға доп соғылмаған жалғыз кездесу болды. Алғашқы ойында қарсылас қақпасына 3 гол соққан “Боруссия” жолдама тағдырын алдын ала шешіп тастаған еді. Нәтижесінде “Спортинг” іріктеуден өте алмаған португалиялық екінші клуб атанды.
Реал Мадрид – Манчестер Сити
Еуропаның ең атақты екі клубының іріктеуде жолығып қалғанына біраз жанкүйердің көңілі түсті. Алғашқы ойынды қонақта өткізген мадридтік клуб матч соңында камбэк жасап жеңісті жұлып кеткен еді. Ол ойында 3:2 есебі тіркелген болатын. “Сантьяго Бернабеу” стадионында “Мадрид” өзінің бұл турнирдің королі екенін тағы бір дәлелдеді. Француздық Киллиан Мбаппенің хет-тригіне “Манчестер Сити” ойыншылары тек бір ғана голмен жауап қатарды. Екі ойынның нәтижесі 6:3. “Реал Мадрид” плей-оффта.
ПСЖ – Брест
Іріктеу кезеңінде Францияның қос клубы бір-біріне қарсылас атанды. Қай турнирде болмасын “Брестті” қарсылас көрмейтін париждік клуб екі ойын нәтижесінде 10 гол соқты. Осылайша, ПСЖ бұл турнирдің фавориттерінің бірі екенін анық білдірді. Ал бресттіктер қос матчта бірде-бір гол соға алмады.
ПСВ – Ювентус
Іріктеуде италияндық командалардың мүлде жолы болмады. Биылғы маусымда сүреңсіз ойын көрсетіп жүрген туриндік команда жауапты ойынды қонақта өткізді. “Ювентус” алғашқы матчты 2:1 есебімен жеңген еді. Екінші матчта да бірінші голды италияндықтар соқты. Алайда өз алаңында голландиялықтар барын салды. Нәтижесінде негізгі уақытта 2 гол соғып камбэк жасады. Осылайша, командалар іріктеу кезеңінде алғашқы қосымша уақытты ойнады. Тартысты өткен матчта “ПСВ” сенсация жасап, жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп 4:3. Голландиялық команда плей-оффтың соңғы сегізінші жолдамасын иеленді. Нәтижесінде іріктеуге қатысқан үш Италия клубы жарысты жарты жолдан аяқтады.
Айта кетейік, бұл командаларды плей-оффқа тікелей жолдама алған Еуропаның тағы 8 клубы күтуде. Қарт құрлықтың үздік 16 командасы қарсыластарын 21 ақпанда Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребе тарту рәсімінде біледі.