У қосылған дәрі мен зейнет жасының төмендеуі: Қазақстанда жиі тарайтын фейк ақпараттар қандай
Әлеуметтік желінің ауқымы кеңейген сайын жалған ақпаратттар да көбейе түсті. Әдетте фейктер "жарықтың жылдамдығымен" тарайды. Сәйкесінше мұны тұтынатын адамдар саны да көбейеді деген сөз. Stan.kz тілшісі азаматтар жиі алданатын танымал фейк ақпараттарды еске түсіріп көрді.
У қосылған дәрілер
Әлеуметтік желіде тараған танымал фейктердің бірі – қандай да бір дәрінің улы екені туралы ақпарат. Желіде мұндай мәліметтер өте көп, бірақ ақпараттың шын-өтірігін ешкім тексеріп жатпайды. Сондықтан фейктер адамдар арасында жылдам тарап кетеді.
Мәселен, Палестина мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс басталған соң Қазақстанға "Израильден улы парацетамол тасымалданғаны" жайлы деректер көбейді. Дегенмен дәл осы ақпарат 2019 және 2020 жылдары да желіде тараған. Ал суретте көрсетілген препарат Үндістанда өндірілген болып шықты.
Чектегі улы сия
Қазақстандықтар жиі алданып қалатын келесі фейк – чектегі сияның құрамындағы улы элементтер. Мәліметке сүйенсек сиядағы бисфенол А элементі адамға зиян, егер шамадан тыс болса, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Фейк авторлары чекті қолмен ұстамауға және балаларға бермеуге шақырған. Дегенмен фактчекерлердің сөзіне сенсек, бисфенол А элементінің қауіпті екені рас, бірақ чек құрамындағы оның концентрациясы мүлде зиян емес.
Коронавирус пандемиясы кезіндегі танымал фейктер
2020 жылы ғаламдық пандемия басталған соң еліміздің ақпарат алаңында ресми ақпараттармен фейктер де жарыса жарияланды. Солардың бірінде "адамдарға гуманитарлық көмек бойынша келген дәрілердің сатылып жатқаны да" бар.
Желідегі жазба авторының пайымдауынша, "Тамифлю" препараты Қазақстан Республикасының талаптарына сай келмейді. Сондықтан гуманитарлық көмек арқылы келген дәрі осылай сатылымға шығып кетті деп топшылады. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше "Тамифлю" дәрісі бір реттік жеткізу негізінде елге әкелінген. Оның гуманитарлық көмек бойынша келген препараттарға қатысы жоқ екен.
Қазақстандықтар арасында "целлофан мен скотчтан дайындалған костьюм киген дәрігерлердің" видеосы да қызу талқыланды. Желідегі видеодан пандемия кезінде целлофаннан дайындалған киім киген дәрігерлерді көруге болады. Азаматтар үкіметтің мұндай олқылыққа қалай жол бергенін сынап, дәрігерлердің өміріне қауіп төнгенін жарыса жазды.
Видеодан скриншот
Кейінірек мәлім болғандай видеодағы адамдар "Амазонка" онкологиялық дертке шалдыққанды қолдау қорының" қызметкерлері екен. Олардың мемлекеттік ұйымдарға еш қатысы жоқ. Бригада жүре алмайтын және туыстары жоқ науқасқа көмектесуге келген. Белгіленген орынға жеткен соң олар өздерін қорғау мақсатында қолда бар материалдармен киім дайындапты. Ал тұрғындары мұны видеоға түсіріп, желіде таратып жіберген.
Коронавирусқа қарсы қауіпті екпелер жайлы ақпарат та халық арасында кең тарады. WhatsApp мессенджеріндегі хабарламада полицейлер мен дәрігерлердің екпе салуды ұсынатыны жазылған. Автордың сөзінше, қазақстандықтар оларға есігін ашпауы керек. Ал екпе бірден өлімге әкеп соғады.
Қазақстанда зейнет жасын төмендететіні туралы да фейктер жиі тарап тұрады. Мәселен, ғаламторда ерлердің зейнет жасын 61-ге, ал әйелдердікін 57-ге түсіру туралы ақпарат кең тараған. Көп ұзамай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны жоққа шығарды.
Ақпараттың жалған немесе өтірік екенін қалай тексеру керек?
Фактчекерлер ақпаратты тексеру үшін дереккөзді тексеруге кеңес береді. Егер WhatsApp немесе өзге де мессенджерде тараған ақпарат ресми БАҚ беттерінде жарияланбаса, бұл мәліметтің жалған болу ықтималдығы жоғары.
Сонымен қатар мәліметті бірнеше дереккөз арқылы тексерген абзал. Егер сіз оқыған ақпарат өзге де БАҚ-тағы мәліметтермен сәйкес болса, бұған сенуге болады.
Әлеуметтік желідегі немесе бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметке қоса берілген фото мен видео деректің рас екенін растай алмайды. Сондықтан желіде тараған суреттің қашан жарияланған және оның монтаж арқылы өзгертілмегенін тексеріп алу қажет. Бұл үшін Google Images сынды сервисті пайдалануға болады.
Көп жағдайда фейк ақпараттар орфографиялық тұрғыдан қателіктермен жазылады. Мәтіннен пунктуациялық немесе грамматикалық қатені байқасаңыз, бұл мәліметке сенуге асықпаңыз.