Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұтас бір ауыл суда тұр: Ақтөбе облысында тасқын астында қалған аймақтан арнайы репортаж (видео)

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы түгел су астында тұр. 112 үйі бар ауылда тасқын кезінде 103 үй зақымданды. Ауылдағы барлық әлеуметтік нысан қирап қалған. Былтыр ғана пайдалануға берілген әкімдік ғимараты да су ортасында тұр. Ақтөбе облысы орталығынан 524 шақырым қашықтықта жатқан ауылдан Stan.kz тілшісі арнайы репортаж жасады. Нұра ауылы аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта жатыр.

Фото: Stan.kz 

Ал облыс орталығы мен аудан арасы 434 шақырым. Алғашында мұнда оншақты үйге су кірсе, қазір 100-ден аса үйі бар бір ауыл тұтастай су астында тұр. Облыстық ТЖД қызметкерлерімен бірге ауылдың көшелерін қайықпен аралап шықтық.

Қираған қара шаңырақ

Нұра ауылына кіру үшін 7 шақырым жерді қайықпен жүзіп барасың. Аудан орталығына бармай, тасыған өзен бойында палатка құрып тұрып жатқандар бар. 

“Осы жерде өстім, өндім. Төрт баламды өсірдім. 24 сәуір күні ауылымыз түгел суға кетті. Абдырап қалдық.  Бізге енді қайтадан үй салып берсе… Нұра деген ауыл ұмыт қалмау керек. Бізді аудан орталығына апарғаннан кейін тіркеліп, осы жерге қайтып келдім. Қазір тасыған өзен жанындағы палаткада жатырмын. Қимайсың. Мал бар. Бұл ауылда тұрғаныма 70 жыл болды. Бұрын мұндай су келген емес. Ауылды қорғап қалатын мүмкіндік болмады. Бәрін тастап шықтық. Шыны керек, су лап еткенге дейін сенген жоқпыз”,  – деді Нұра ауылының тұрғыны Темірбек Құлымбаев. 

Ауыл тұрғындары бұрын-соңды мұндай суды көрмегендерін айтады. Соңына дейін сенбеген. Тұрғындар ауылды жағалай 3 метрлік бөгеттер салған. Бірнеше күн бойы оны бекіту жұмыстарын жүргізді. Қазір олардың бірі де көрінбейді. Бәрі су астында қалды. 

“Еңбектің бәрі зая кетті. Ауыл болып бөгет тұрғыздық. Екі балам да жүрді. Бөгетті бекітеміз деп жүргенде үйдің суға кеткенін білмей қалдық. Торғай өзені де, Ырғыз өзені де осында келіп құяды. Мұндай суды біз бірінші рет көріп тұрмыз. Тікұшақпен қашып құтылдық. Судың ауқымы үлкен, толқыны қатты болды. Оған қарсы тұру мүмкін емес. Өмір бойы от жаққан ауылға бір жыл бұрын ғана газ келген еді. Жаңадан салынған әкімдік ғимараты бар. Ол да өткен жылы пайдалануға берілді. Екі қабатты мектеп, балық цехы, кафеміз, бірнеше дүкендер бәрі суға кетті. Қиын. Әр үйде 4-5 баладан бар”, – деді Нұра ауылының тұрғыны Айболат Сарманов.

Фото: Stan.kz 

Аралда қалған әкімдік

Ауыл ортасындағы Нұра ауылдық округі әкімдігінің ғимараты да суда тұр. 115 млн теңгеге салынған ғимарат өткен жылы ғана пайдалануға берілген. Ырғыз ауданы әкімі Нұрлан Қызбергеновтың айтуынша, қазір су тереңдігі шамамен 2 метр 80 см болып тұр. 

“Мамыр ауылында 25 үй, Нұрада 103 үй зардап шекті. Құйлыс пен Жайсаңбай қазір жұмыс істеп жатыр. Қостанай облысы Женгелді ауылы әкімімен сөйлестім. Торғай, Ақшығанақ түсіп жатыр. Олардың суы бізге келді. Мамыр су қайтты деп айтуға болмайды. Нұра сол күйінде тұр. Белшерде 4-ақ үй. Дәл осы деңгейде тұрғанда қауіп жоқ”, – деді Нұрлан Қызбергенов. 
Нұра ауылында су ортасында тұрған мектепті де жарамды деп айту қиын. Қазірдің өзінде терезелер ісініп жарылып кеткен. Ауыл клубы, балабақша толық суда тұр.

Фото: Stan.kz 

Аман қалған ақтабан

Нұра ауылының тұрғыны Бақытқали Ахметов итінің үйде қалып қойғанын айтып, ТЖД қызметкерлерінен көмек сұрады. Қайық үйдің жанына жақындап, иесі “Ақтабандап” итін шақырды. Иесін көрген ит бірден суға түсіп, қайыққа дейін жүзіп келді. 

Фото: Stan.kz

“24 наурыздан бастап бөгет соғамыз деп арпалыстық. Ауылды қол күшімен біраз ұстадық. Онымен болмады. Дабыл қағылып, шығып кеттік. Итім қалып қойған еді. Балаларым сұрап жүрген. Адам қаппайды, мал қумайды. Кішкентай күшік кезінен асырағанмын. Осыған дейін бір келіп, ауылға кіре алмай кеттім”, – деді ауыл тұрғыны Бақытқали Ахметов.

Тасқыннан аман қалған Ақтабан 15 күн бойы қора айналасына жиналған құрылыс материалдарының үстін паналаған. 

Фото: Stan.kz

“Көңіліміз тоқ емес...”

Ырғыз ауданы орталығында 4 мектеп ғимараты эвакуациялық пунк ретінде танылған. Оларда қазір Нұра, Белшер, Мамыр, Тәуіп ауылдарынан 429 адам жатыр. Көпбалалылар мен мүгедектігі бар адамдардың отбасылары пәтерге шығарылған. Жатын орны бар. Тамағы уақытында беріледі. 

“Біздің қарнымыз тоқ болғанымен көңіліміз тоқ емес. Балаларымыздың балалық шағы өткен, қолының ізі қалған ауылымыз, маңдай тер еңбек түгел суға кетті. Дүниенің кеткеніне жыламаймыз. Қара шаңырағымды ешкім қайтара алмайды”, – деді көз жасына ерік берген Нұра ауылының тұрғыны Ғизат Жылқыбаева. 

Фото: Stan.kz 

Алаңдаған халықтың көңілінде кірбің бар.

“12 сәуір күні аудандағы мектепке әкелді. Содан әлі жатырмыз. Үйден тек екі көйлегімді алып, үш баламды ертіп шықтым. Бір зат алған жоқпыз. Судың келе жатқанын алдын ала айтқанда қамданар едік. Қазір әркімге бір жалтақтап отырмыз. Өзімізге тиесілі бір кесе-қасығым да қалмады. Әрине, бәрі де болады. Бірақ болғанша қаншама уақыт өтеді”, – деді Нұра ауылының тұрғыны Күлаш Есмаханова. 

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге жаңа Нұра ауылын салу орнын қарап жүр.

"Салатын үйлер саны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі үйлер әлі су астында тұр. Ол жаққа техникалық сарапшылар, бағалаушылар әрі бара алған жоқ. Олар су тартылмай қарай алмайды. Бірақ тартылғанын күтіп отыра алмаймыз. Суға кетіп тұрғаны рас. Сондықтан бөлек сала береміз. Мамырда 30 үй болса, соның 22-cіне су кірген. Сол 22 үйді көтеріп салғымыз келеді. Белшерде 4 үй суға кеткен", – деді аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Фото: Stan.kz

Талқылау