Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

267 миллион теңге: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы топ-менеджерлерге берілген сыйақыға қатысты пікір білдірді

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желілерде тараған топ-менеджерлерге берілген миллиондаған бонустар туралы қауесеттерге жауап берді. Сондай-ақ, ол банк басқармасының мүшелеріне сыйақы есептеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ибрагимованың сөзіне қарағанда, жыл сайын банк басқарма мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты жариялайды. Сыйақы есепті кезеңде жүргізілген барлық төлемдерден құралады екен. Бұған жалақының жалпы сомасы, сондай-ақ ақшалай сыйақының барлық түрлері кіреді.

"267,3 миллион теңге мөлшеріндегі жиынтық сыйақы еңбекақыдан, жыл қорытындысы бойынша бонустардан, сондай-ақ емдік жәрдемақыдан, демалыс, іссапар және ауруханалық төлемдерден құралады. Осылайша, кейбір блогерлердің басқарма мүшелеріне 267 миллион теңге мөлшерінде жылдық сыйақы төленгені туралы ақпараты жалған болып табылады", - деп жазды Ибрагимова Facebook-тегі парақшасында .

Ләззат Ибрагимова жалған ақпарат еңбекақыны реттеу туралы білімнің болмауына байланысты таралуы мүмкін деп болжады.

"Банктің бірінші басшысының заңды әрекеті мынадай, мен кейбір блогерлердің осы мәселені қозғаудағы белсенділігінің нақты себептеріне баға бере алмаймын. Оқу үшін ешқашан кеш емес, қаншалықты керемет көрінсеңіз де, ақпарат алуды ғана емес, оның дұрыстығын қайта тексеруді де үйренуіңіз керек", - деп түйіндеді Ибрагимова.

Бұған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 7 басқарма мүшесі өткен жылы миллиондап сыйақы алғаны хабарланды. Бір жылдың ішінде сол 7 азаматқа жалақы-сыйақысымен қосқанда, 267 миллион теңге төленуі көпшіліктің жағасын ұстатты. Мұны естігендер топ-менеджерлердің бұл қылығын бассыздыққа балады. Тіпті, құзырлы органдардан тексеру жүргізіп, қалғандарды жауапкершілікке тартуды сұрады

STAN.KZ
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2020 15:38
Талқылау