Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда итімен автобусқа кіргізбей қойғаны үшін қыз полиция шақырған

Автобус жүргізушісі итті кіргізбей қойды

Фото: Видеодан скрин

Алматы тұрғыны итін ветеринарлық емханадан үйіне қайтып бара жатып қоғамдық көлікке мінбек болған. Алайда үй жануарының автобусқа кіру үшін барлық заң талаптарына сай болғанына қарамастан, автобус жүргізушісі олардың қоғамдық көлікке кіргізбей қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алина есімді желі қолданушысының айтуынша, ол химиотерапиядан шыққан итін ертіп үйге қайтып бара жатқан.

“№85 мемлекеттік нөмірі 855EY02А автобус. Аузында тұмылдырығы, қарғыбауы бар, автобустың жолаушылар тұратын алаңға кірдім. Бұл заңға сай. Алайда автобус жүргізушісі бірден агрессия көрсетіп, дөрекі түрде “автобустан түсуімді” талап етті. Оның айтуынша, итпен автобусқа мүлдем кіруге болмайды екен. Мен оған заң бойынша рұқсат етілгенін түсіндірдім, бірақ ол біз түспейінше қозғалмайтынын айтты”, – деп жазды желі қолданушысы.

Кейін ол полиция шақырып, жағдайды толық түсіндірген. Полиция иттің аузында тұмылдырығы бар екенін растап, жүргізушіге оның әрекеті дұрыс емес екенін түсіндірді. Бірақ жүргізуші өз айтқанынан қайтпаған. Кейін автор полиция бөлімшесіне барып, жүргізушінің үстінен арыз жазуға мәжбүр болған. 

“Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі №349 бұйрығының (26.03.2015 ж.) 37-тармағын және лауазымдық нұсқаулықты бұзды. Аталған тармаққа сәйкес, “Иттер қарғыбау және тұмылдырықпен, жолаушылар жиналатын алаңда тегін тасымалданады”. Бастапқыда жүргізуші итпен автобусқа мүлдем кіруге болмайды деп қарсы болды, кейін өз сөзінен қайтып, басқа талап қоя бастады. Ол иттің аузында тұмылдырықпен болса да, қосымша тасымалдауыш болуы керек деді”, – деп жазды иттің иесі.

Алина итінің қатерлі ісікпен ауыратынын, апта сайын ветеринарлық клиникаға баратынын айтты. Оның сөзінше, иті барлық екпені алған, айына бір рет барлық анализдерді тапсырады және үнемі күтім жасалады. 

Желі қолданушылары авторға қолдау көрсетіп, тіпті қажет кезде иті мен иесін емханаға тегін апарып, көмектесе алатынын айтты. Жазба авторы алдағы уақытта автобус жүргізушісін сотқа бермек. 

Айым Болатқызы
Жұма, 01 Тамыз, 2025 10:02
Талқылау
`