Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрлі салдары болатынын ескерттік": Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды АҚШ-тан депортациялау туралы пікір білдірді

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қазақстандықтарды АҚШ-тан депортациялау туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz 

АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының 2024 жылғы 24 қарашадағы деректері бойынша депортация тізімінде 369 қазақстандық бар. Осыған орай Әлібек Бақаев қазақстандықтардың еліне оралу жағдайына қатысты пікір білдірді.

"Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына ол елде заңсыз тұрғанын мойындап, штат аумағынан еркін кете алатынын ескертті. Енді мұның салдары болады, біз ескерттік", – деді Бақаев. 

Сондай-ақ министрдің орынбасары мәжбүрлі депортация жағдайында қазақстандықтарға қандай шектеулер төнуі мүмкін екенін айтты.

"АҚШ аумағына кіруге тыйым салынады. Тағы қандай шаралар қолданылатынын білмеймін. Бұл – мемлекеттік саясат. Сондықтан менің ойымша, ерікті түрде кету әрқашан болған және солай болып қала береді. Мұндай мүмкіндік Қазақстан азаматтары үшін де бар. Ал осы мүмкіндікті пайдаланбағандар әрине мәжбүрлі түрде депортацияланады", – деп түсіндірді ол.



Сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі Айбек Смадияров 369 қазақстандықты депортациялау туралы ICE деректері АҚШ-тың жаңа көші-қон саясатына еш қатысы жоқ екенін ескертті.

"Бұл ақпаратты тексеру кезінде Fox News бұл жаңалықты 2024 жылдың 11 желтоқсанында жариялағаны анықталды. Жалпы, депортация – бұл қалаусыз адамды бір мемлекеттен мәжбүрлеп шығару. Депортация – бұл әр штатта күн сайын өткізілетін күнделікті шара. Сондықтан ел билігі мұндай жағдайлар туралы елшілікке немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес. Егер елге адам заңсыз келсе, депортацияланады", – деп түсіндірді Смадияров.

Еске салсақ, АҚШ-тың Қазақстанның 369 азаматын депортациялайтыны туралы хабарлаған едік.

Талқылау