Түркиядағы қару-жарақ зауытында жарылыс болды: Қаза тапқандар бар
Түркияның Балықесір қаласындағы жарылғыш затттар шығаратын зауытта жарылыс болды. Салдарынан 12 адам қаза тауып, кәсіпорынның 5 жұмысшысы жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: www.dha.com.tr
Жарылыс туралы хабарлаған провинция губернаторы Исмаил Устаоғлы зауытта барлығы 630-ға жуық адам жұмыс істейтінін айтты. Оның айтуынша, құтқару қызметі жарылыстың салдарын жойып, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шұғыл оқиға орнына жетті. Жарылыс салдарынан 12 адам қаза тауып, кәсіпорынның 5 жұмысшысы жарақат алды.
Әзірге жарылысқа не себеп болғаны белгісіз, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік жарылысқа себеп болған жағдайлар мен факторларды анықтау үшін сараптама жүргізілетінін атап өтті.
Қазір “лаңкестік әрекет болуы мүмкін” деген нұсқа ресми түрде расталған жоқ.
“Жарылыстың себебін анықтау жұмыстары әлі бастапқы сатыда. Сондықтан терракт немесе оқиғаның басқа себептерін атауға әлі ерте. Бүгін қаламыз, бүкіл еліміз үшін ауыр күн. Қаза болғандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз”, – деді губернатор.
Жергілікті тұрғындар зауыттың елді мекендерге жақын жерде орналасқанын, мұның одан да ауыр зардаптарға әкеп соғатынын айтып, алаңдаушылық білдірді.
Осы тұста ел билігі алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларының сақталуына бақылауды күшейтпек.
Бұған дейін Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болып, 6 адам зардап шеккені туралы жазған едік.