Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысының әкімі Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған Шұғыла Өмірбекке автокөлік сыйлады

Фото:Түркістан облысының әкімдігі

Әйелдер күресінен Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған Шұғыла Өмірбекке көлік сыйлады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер бәсекесінде Шұғыла Өмірбек алтын жүлде жеңіп алған еді.

Ол 55 келінің ақтық сынында Түркия елінің өкілі Туба Демирді 12:8 есебімен тізе бүктірді. Осылайша әйелдер күресінен ұзақ уақытқы үзілістен кейін тарихи алтын жүлдені ел қоржынына салды.

Осыдан кейін оны жерлестері мен Түркістан обылысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар спортшыға алғыс хатпен марапаттап, автокөліктің кілтін тапсырды.

“Сіздерді тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек Шұғыланың жеңісі емес, бүкіл еліміздің және Түркістан өңірінің зор жетістігі. Үлкен ерлік және үздіксіз еңбек пен дайындықтың нәтижесі. Сонымен бірге бұл нәтижелер – өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, дарынды спортшыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Болашағы жарқын спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз. Бапкерлерімізге де алғысымды білдіремін. Енді жеңісті жол Олимпиада төрінде жалғасады деп сенеміз. Сәттілік тілейміз”, — деді Нұралхан Көшеров.

Бұған қоса чемпион қыздың жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетовке де құрмет көрсетіліп, алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыс етілсе, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов алғыс хатпен марапаттады. Чемпион Шұғыла Өмірбекке сый көрсеткен жерлестеріне алғысын білдіріп, ендігі басты мақсаты 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары екенін атап өтті.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 12:29
Талқылау