Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында баланы жертөлеге қамап қойған тәрбиеші кешірім сұрады

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде баланы жертөлеге қамап қойған тәрбиеші кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Осыған дейін Сарағаш ауданына қарасты Құркелес ауылының “Ақ көгершін” балабақшасында тәрбиеші баланы жер төлеге қамап қойғаны туралы жазғанбыз. Бұл туралы желі қолданушыларының бірі Нұрсұлтан Тошаев мәлімдеген болатын. 

Бүгін тәрбиеші халықтан және баланың ата-анасынан кешірім сұрады. 

“Барша халықтан және баланың ата-анасынан шын жүректен кешірім сұраймын. Баланың өтінішін орындағаным үшін кінәлі болып отырмын. Қандай жағдай болмасын кешірім өтінемін”, – деп кешірім сұрады тәрбиеші. 

Ал баланың ата-анасы ешкімнің көз жасына қалғылары келмейтінін айтты. Олар полицияға жазған арыздарын кері алуға келісім берген. 

“Халықтың алдында кешірім сұрап тұр, кешірмей қайда барамыз. Аяқ астынан барып қалмасақ, бұл жағдай жалғаса беруі мүмкін еді. Мен бұл кісінің көз жасына қалғым келмейді, тәрбиешіден ешнәрсе талап етпейміз де. Тек мұндай жағдай қайталанғанын қаламаймыз”, – дейді баланың әкесі.

Алайда баланың анасы жертөледегі баласын көрген кезде қаншалықты жаман болғанын айтты. Кешіру ойымда болмады, бірақ жағдайын ескердім дейді ол. 

“Бала ойыншық емес, ата-ана аманат қылып тапсырып кетеміз. Баланы қарағымыз келмегеннен емес, жұмыста болғандықтан балабақшаға апарамыз. Сіздер тәрбие беріп жатыр, қарап жатыр деп сенеміз. Мен баламның жертөледе отырғанын өз көзіммен көрдім. Басқа ата-ананың басына бермесін. Баламды жертөледен өз қолыммен шығарып алдым. Баламның жертөледе отырғанын көрген ана ретінде оңай болған жоқ. Кешірім беретін ойым болмаған еді, аяғым ауыр деп жылап тұрғаннан кейін кешірім бердік”, – дейді жертөлеге қамалған баланың анасы.

Осылайша баланың ата-анасы тәрбиешіні кешіргенін жеткізді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Қазан, 2021 19:17
Талқылау