Түркістан облысында 3,7 миллиард теңгені жымқырған 15 есепшіге сот үкімі шықты
Фото: Stan.kz
Түркістан облысында миллардтарды қалтаға басқан білім бөлімінің есепшілері сотталды. Мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгеден астам ақшасын бір ғана Шардара ауданының қызметкерлері қалтаға басқан. Барлығы 15 айыпталушыға қатысты сот 7 ай бұрын басталған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін өткен соттың соңғы отырысына келгендер қарасы қалың. Зал ішінде ине шаншыр орын болмамағандықтан, сотталушылардың туыстары үкімді тіпті есіктен әрең сыйып тыңдады. Ал шешімді естігенде есепшілер есеңгіреп, жылап жіберді. Олардың арасында білім бөлімінің басшысы да бар.
Қылмыстық кодекстің 189-бабы (4-бөлігінің 2-тармағымен 9 адам, 371-баптың 2-бөлігі, яғни салғырт қарау бойынша 1 адам сотталған.
“ Шардара ауданының білім бөлімінің басшысына 10 жыл мерзімде бас бостандығанан айыру жазасы тағайындалды. Есепшілерге 7 жыл берілді. Қылмыстық жолмен тапқан пайда мемлекет пайдасына өндірілді. Оның ішінде тұрғын үйлер, пәтерлер. 20 шақты жылжитын, жылжымайтын мүлік бар. Сонымен қатар сотталған тұлғаның меншігінде аудан орталығында алтын сататын орын болған. Оны да қылмыстық жолмен пайда болған деп сот мемлекет пайдасына өндірді”, - дейді Түркістан облыстық қылмыстық істеп жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.
Фото: Stan.kz
Темір тордан құтылып кеткендер де жоқ емес. Олардың бірі жымқырған қаржыны толық қайтарса, үшеуі 62 жастан асқандықтан, рақымшылыққа ілініп, бас бостандығы шектелді. Тағы екі сотталушының балалары кәмелет жасына толмағандықтан, жазасын бес жылдан соң өтейтін болды. Ал бір есепші сот басталмай жатып қайтыс болған. Әрқайсысы 100 млн теңгеден астам қаржыны қалтаға басты деп айыпталғандардың туыстары үкіммен келіскен жоқ.
“ Соттың шешіміне келіспеймін. Себебі қасында жүрмін ғой енді. Сонша ақша алғанын көрген емеспін. Жала жапты деп есептеймін. Біз апелляцияға береміз. Алған бір заты жоқ. Тек басшы болған”, - дейді сотталушының күйеуі Құдайберген Маханов.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында Жетісай ауданының білім бөлімінің есепшілері сотталған еді. Барлығы 46 қызметкер 4 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деп жауапқа тартылған еді. Олардың бәрі жоқ адамның атына ақша аударып келген.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
