Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Турист мұражайдағы құны 50 мың доллар тұратын "Ван Гогтың орындығын" қиратты (видео)

Фото: Видеодан скрин/x.com/XoxeAndrew

Италияның Верон қаласындағы Палаццо Маффеи мұражайында турист суретке түсемін деп жылтыр тастармен көмкерілген, 50 мың доллар тұратын “Ван Гогтың орындығын” қиратып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tribune.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ерлі-зайыптының мұражай бөлмесін аралап жүріп, кезек-кезек суретке түскенін көруге болады. Әуелі әйел орындыққа отырғалы жатқан сыңай танытып, естелікке суретке түседі. Кейін ер адамның кезегі келгенде ол “экспонатқа тиісуге болмайды” деген ескертуді елеместен, Swarovski тастарымен көмкерілген орындыққа бар салмағымен отырған. Ауыр салмаққа шыдас бермеген орындық сол сәтте-ақ жапырайып, қирап қалды. Ерлі-зайыпты мұражай ережесін бұзып қана қоймай, болған жайтты жасырмақ болып, бірден бөлмеден шығып кетті. 

Италиялық суретші Никола Болланың "Ван Гогтың орындығы" деп аталатын мүсіні – Винсент Ван Гогтың әйгілі "Жатын бөлме" картинасында бейнеленген орындықтан алынған шабыттың нәтижесі.

Палаццо Маффеи мұражайы бұл әрекетті әлеуметтік желіде ашық айыптап, оны "жеңілтектік" және "құрметсіздік" деп бағалады. Сондай-ақ айыптылар мұражай қызметкерлерінің кеткенін күтіп, суретке түскен.

"Олар өнер мен мәдени мұраға құрмет көрсетуге қатысты ережелерді елемеді", – деп мәлімдеді мұражай әкімшілігі.

Алғашында экспонаттың қалыпқа келтіру мүмкін емес деп ойлаған мұражай әкімшілігі араға бірнеше күні салып орындықтың бастапқы қалпына келтірілгенін айтты. Орындықты жөндеуге қанша қаражат кеткені айтылмады. Сондай-ақ экспонатты бүлдірген туристердің жауапқа тартылатыны не тартылмайтыны белгісіз.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 14:38
Талқылау