"Құлшылықты камера алдында жасайды": Қажылық сапарын желіге жүктейтін шоу-бизнес жұлдыздарының әрекеті көпшілікке жақпай қалды
Бүгінде қажылық сапар екінің біріне қолжетімді. Соңғы кезде қасиетті мекенге мобилографын ертіп барып, эмоциялық фото-видеосын жүктейтін шоу-бизнес жұлдыздарының іс-әрекетін көпшілік жиі сынайды. Желі қолданушылары “Әншілер өздерін көрсету үшін барады”, “Қажылыққа бару бизнеске айналды”, “Сауап емес, сурет жинап жүр” деп сөкті. Осы мәселе бойынша Stan.kz тілшісі есімі елге белгілі азаматтардың пікірін сұрап көрді.
Фото: Stan.kz
Айта кетсек, жақында “Өнер қырандары” театрының директоры Мадияр Серікбаевтың Қағбаны жылап жүріп айналып, құлшылық жасаған видеосы тарады. Мұны көрген шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай қатаң түрде сынап, “Құлшылықты камера алдында жасамайды” деп ескерткен еді.
“Виктор Франкл үш интимдік дүниенің жасырын болуы керек екенін айтты: Ең біріншісі, Құдаймен қарым-қатынасыңды көпшілікке жарияламау. Намаз оқитыныңды, құлшылығыңды көрсетпеу. Екіншісі, әйеліңмен қарым-қатынас. Екі адамның арасындағы ғашықтық сезім құпия болып қалуы керек. Үшіншісі, өлім туралы ойыңды жұртқа айтпау. Бұл дүние қоғам назарын салмақты мәселелерден алшақтатады. Халықтың деңгейі өсек пен төсек айналасында қалады. Бүгінде құлшылығын камера алдында жасайтындар көбейген. Адам құлшылыққа отырған кезде ынта-шынтасы Құдайға ғана бағытталуы керек. Егер сондай кезде бір камера алдыңа келіп, түсіре бастаса, адам сол сәтте-ақ шынайылығын жоғалтады. Егер парызды орындаған кезде шынайылық болмаса, құлшылық есептелмейді. Жасандылықтың кесірінен Құдайдың мойныңа жүктеп тұрған міндетін күл-талқан етесіз. Егер камераны қосып, фото-видео салсаңыз, кино түсіргенмен бірдей боласыз. Қажылық емес, көркем фильм түсіріп қайтасыз”, – деді шығыстанушы.
Сондай-ақ Санжар Керімбай қажылыққа бару, бесінші парызды өтеу әркімнің жеке қалауы екенін айтты. Дегенмен бір жылда бірнеше рет баруды қолдамайтынын жасырмады.
“Одан кейінгі мәселе – адамдардың жаппай қажылыққа ағылуы. Бірақ біз ешкімнің жолына кесе-көлденең тұра алмаймыз. Бұл тенденцияның түп-тамыры Назарбаев дәуірімен тікелей байланысты. 30 жыл билік еткен тұста үкімет қазақтарға дені сау өмір сүретін идеология ұсына алмады. Жалғыз идеологиясы – жемқорлық. Халық қарызға батып, мәнсіз-мағынасыз өмір сүріп кетті. Шыбын жаның қиналғанда бір жерден үміт, тірек іздейсің. Жалғыз кепіл болатын дүние – дін. Тығырыққа тірелген қоғам ең болмаса Құдайдан көмек сұрайын деп қажылыққа аттанды. Мұны ақымақтың іс-әрекеті, надандық деп айыптай алмайсың. Керісінше, қиындықтан қажып, жаман жолға түсіп кетпегеніне шүкір дейсің. Бірақ “бір рет барып келдің, жыл сайын барудың керегі жоқ. Одан да елдегі тірлікке аралас. Кәсіп бастап, шаруашылығыңды дамыт” деп ақыл-кеңес бере аламыз, – деді шығыстанушы.
Ал сынға іліккен актердің өзі жауапкершіліктің бәрін дін өкілдеріне жүктеп, қысқа қайырды.
“Құлшылық – әркімнің жеке көзқарасы мен іс-әрекеті. Мен ештеңе білмеймін. Нақты мынау дұрыс деп ешкім айта алмайды. Оны арнайы мамандардан сұрау керек. Мені сынап жатқандары сол адамдардың өзінен сұраңыз. Мен “фотоға түскен дұрыс, мобилограф ертіп барыңдар” деп айта алмаймын. Біздің пікірден гөрі ұстаздарымыздың айтқаны ақылға қонымды әрі маңызды”, – деп жауап берді актер.
Танымал әнші, актер Нұрболат Қанай қасиетті мекенге турист ретінде барып келгенін мойындаған еді.
“Шынымды айтсам, ешқандай білім алмай кетіп қалдым. Себебі өзімді лайық көрмедім. Қағбаны көргенде Алладан ұялғанымнан не тілерімді білмедім. Басымда “Қалай? Қалай?” деген сұрақтар болды. “Сенің алдыңа келіп қалдым” деп 7 рет қалай айналғанымды білмеймін. Отбасым, елім үшін дұға жасап аяқтап, ішке келгенде “Неге дайындалып келмедім?” деп қатты өкіндім. Турист сияқты барып келгендей сезімдемін. Не болса да келесіде нүкте, үтіріне дейін дайындалып келемін”, – деп жазды әнші.
“Құрмет” орденінің иегері, әнші Айгүл Иманбаева да Мекке сапарынан фото жариялап, халықтың сынына ұшыраған еді. Өнер иесі анасының алдында перзенттік парызының өтелгенін айтып ақталған.
“Қажылықтың ережесіне сәйкес, Қағбаны бірінші рет айналғанда-ақ осыншама нығметті көруді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір айтып, ебіл-дебіл жыламаған адам кемде кем шығар… Құдды бір жасың жанарыңнан емес, жүрегіңнен егіліп жатқандай болады. Жылдар бойы күйбең тірлікте киген пенделіктің қамыты қалай сыпырылып қалғанын білмейсің… Бұл – менің Умра қажылығына келген екінші сапарым. Осыдан екі жыл бұрын анамды алып келген едім, бұл тек парызымды орындау емес, анамның алдында перзенттік борышымды өтеу еді. Себебі анамның ақ батасын алу – менің өмірдегі ең үлкен жетістігім”, – деп жазған еді әнші.
Одан кейін журналист Бибігүл Дәулетбекқызы шоу-бизнес өкілдері қажылыққа бару үшін “Түркия мен Араб елдерін байытып жатыр” деген пікір айтқан еді.
“Инстаграмды ашсаң болды, алдыңнан Меккеде жүрген шоу-бизнес сайқымазақтарын көресің. "Умрада жүрмін" деген суреттерін жарыса салып жатыр. Кеше ғана ашық-шашық киініп жүрген әншілер, шеттерінен орамалға бүркене қалады. Мақұл, өз қалауы. Бірақ солар миллиондаған қыз-келіншектің миын улайды да, қайтадан шешіп тастайтындарына жыным ұстайды. Меккеге бару сән болып кеткен бе?! Соларға қояр сұрағым: сендер өзі соңғы рет бұл дүниеден өткен ата-әжелелеріңнің, жақындарыңның зиратына қашан бардыңдар?! Әруақ риза болмай – тірі байымайды. Осылай кете берсек, бір күні ауған еліне айналуымыз әбден мүмкін”, – деп сынаған еді БАҚ өкілі.
Желіде пікірі үшін жиі талқыға түсетін блогер, медиа менеджер Жанәділ Райымбеков Меккеге фотоға түсу үшін баратын адамдарға сауап жазылмайтынын жасырмады.
“Кез келген құлшылықтың қабыл болуының екі шарты бар. Бірі – ықылас, екіншісі – Пайғамбар (с.ғ.с) қалай жасады, солай болуы керек. Адамдардың көбі бірінші шартқа мән бермейді. Алланың разылығы үшін деген сөз, мақтан болмауы керек. Жүрек деген өте маңызды нәрсе. Тақуалық деген жүректе. Көп адам Меккеге барады да, рияға ұрынады. Рия дегеніміз – көзге түсу, мақтану. Әркім фото-видео салмас бұрын, өзіне екі сұрақты қоюы керек: “Құлшылықты кім үшін және не үшін жасап жатырсың?!” Сол кезде шынайы жауап береді. Адам өзін ешқашан да алдай алмайды. “Иә, мақтану үшін жасап жатырмын, елге көрсету үшін фото салдым” деген жауап алады. Ондай кезде сауап та жазылмайды. Құлшылығы қабыл болмайды. “Бас істемесе, екі аяқтың соры” деген – осы”, – деді блогер.
Жаңа жыл қарсаңында отбасымен бірге қажылық сапарға аттанған Қарақат Әбілдина қасиетті мекенге табан тигенде, “соқыр көзден жас шығады” деген сөздің мағынасын түсінгенін алға тартты.
“Балалардың қысқы каникулына ыңғайлап, қажылық сапарды жоспарладық. 2006 жылы алғаш рет барғанда фото мен видеоға түсіруге болмайтын. Кейін заң өзгеріп, фотоға түсіруге рұқсат берген. “Мобилограф ертіп барған” деу артық әңгіме сияқты. Бірақ естелік ретінде бір-екі кадр жасайтынымыз анық. 18 жылдан кейін бала-шағамен бару бұйырды. Ол жақтың атмосферасы мүлдем өзгеше. Сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Халықтың бізге не жазып жатқанын оқып отырмыз. Көпшілік не демейді?! Қызымыз Аяланы да, ұстаздарымызбен ақылдасып отырып, алып бардық. Ол 7 жасқа дейін бүкіл сүрені жаттап алған. “Бала көргенін мәңгі есінде сақтайтын жаста, алып баруға болады” дегесін, келісіммен жолға шықтық. Өте керемет әсер алды. Адам өзін қинап жылатпайтыны анық. Бізде тек қайғы-қасірет болғанда ғана жылау керек деген түсінік бар. Құдай бетін аулық етсін. Қағбаның алдында тұрғанда “соқыр көзден жас шығады” дегенді түсінгендей болдым. Денеңді тоқ соққандай ерекше күйде боласың” – деп жауап берді әнші.
Танымал әнші Саят Медеуовке хабарласып, әріптестерінің іс-әрекетіне қатысты пікірін білмек болдық.
“Осы күнге дейін қажылыққа баруды жоспарламадым. Жақын күндері де ол жаққа баруды ойламадым. Бұл менің дінсіз екенімді білдірмейді. Бір Құдайға сенемін. Марқұм әкем “Адамға жаққаның – Аллаға жаққаның” дейтін. Сол сөзі көкірегімде сақталып қалды. Намаз оқып жүріп те, түрлі оғаш іс-әрекет жасап жатқандарды көріп жүрміз. Көрдіңіз бе, иман әдепте. Өзіміз де эмоцияға беріліп, ашуланғанда түрлі бейәдеп сөздерді айтып қаламыз. Тіпті, барған күннің өзінде фото-видео жүктемейтінім анық. Әу баста жеке бастың күйбің-тірлігін әлеуметтік желіге салуға қарсы адаммын. Құлшылықты да жария етпейтінім анық. Басқа әріптестерім өздері жауап берер. Менің ойым – осы”, – деді Саят Медеуов.
Еске салайық, Алматыда Меккеге шағын қажылыққа жіберемін деп адамдардың қаражатын алып, алдаған ер адам ұсталғанын жазған едік. Ол жалған туристік компания атынан 180 адамнан 100 миллион теңге ақша алған.