Трамп пен Зеленский НАТО саммитінде кездесті: Олар не туралы сөйлесті
Фото: AFP
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Трамп пен Зеленский соңғы рет Ватиканда Рим папасы Францисктің жерлеу рәсімінде кездесіп, Ақ үйдегі келіспеушіліктен кейін қысқаша әңгіме жүргізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі президенттің Гаагадағы кездесуі 50 минутқа созылды. Украина президентінің кеңсесіндегі дереккөзге сенсек, Зеленский кездесуге оң баға берген.
“Шын мәнінде маңызды барлық мәселелерді қамтыдық", — деп жазды ол Telegram-да, Дональд Трампқа және АҚШ-қа алғыс білдіріп.
Украина президентінің айтуынша, олар Трамппен бірге атысты тоқтату мен бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын, сондай-ақ украиналықтарды қорғау мәселелерін талқылаған. Зеленский кейінірек толық мәлімет беруге уәде етті.
Бірнеше сағаттан кейін Украина президенті Зеленский Трамппен кездесуде "қалаларымызды, халқымызды, шіркеулеріміз бен инфрақұрылымымызды қорғау үшін АҚШ-тың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алу" туралы сөйлескендерін айтты. Оның сөзінше, Украина бұл жабдықты сатып алуға дайын және "америкалық қару өндірушілерін қолдауға ниетті".
“Сондай-ақ дрондарды бірлесіп өндіру мүмкіндігі жайлы сөз болды. Біз бір-біріміздің күшімізді нығайта аламыз”, — деді Украина президенті.
Зеленский Трампқа Стамбулдағы соңғы келіссөздер нәтижесінде Ресей Украинаға "өздерінің қаза тапқан сарбаздарының мәйіттерін" бергенін айтты.
“Қазір сарбаздардың туыстарын табу үшін Киевте сараптамалар жүргізіліп жатыр. Біз соғыс алаңындағы жағдай туралы сөйлестік. Путин жеңіске жетіп жатқан жоқ. Мен Президентке нақты не болып жатқанын дәлелдейтін фактілерді ұсындым”, — деді Зеленский.
Дональд Трамп Зеленскиймен әңгімесі туралы баспасөз конференциясында олар атысты тоқтату мәселесін талқыламағанын айтты.
"Мен оның жағдайын білгім келді", — деді АҚШ президенті.
Ол Украина президентімен кездесудің жақсы өткенін айтты. Сондай-ақ Трамп жақын арада Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтып қалды. Бірақ кездесудің нақты қашан өтетінін жария етпеді.

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
