Трамп енгізген салық Қазақстан экспортының 95%-ына әсер етпейді – Сауда министрлігі
Фото: Pixabay.com
АҚШ Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% салық енгізгеніне қатысты сауда және интеграция министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 шілдеде Трамп 1 тамыздан бастап бірқатар елдерге, оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңа импорттық баждар енгізілетіні туралы ресми хабарлама жіберді. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілімдердің барлығына 25%-дық бірыңғай мөлшерлеме белгіленген. Алайда министрлік алаңдайтын нәрсе жоқ деп отыр.
“Қазақстандық экспорттың басым бөлігі — мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар жаңа бажсыз жеткізіле береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95%-ына әсер етпеуі керек”, – деп мәлімдеді сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық тауарларға болжамды сауда режимін сақтау мақсатында үкімет АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстан мақсаты — нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау.
Мәлімдеулерінше, қазір Америка Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр. Жақында келіссөздерді өткізу күні белгілі болады.
“Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, АҚШ-та Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% баж салығы енгізілетіні айтылды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
