Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Иранмен арадағы шиеленіс күшейген тұста Таяу Шығысқа тағы бір әуе тасымалдаушы кеме жіберді

Фото: wikipedia

АҚШ президенті Дональд Трамп Кариб теңізінде жүрген АҚШ-тың ең ірі әуе тасымалдаушы кемесі – USS Gerald R. Ford пен оны сүйемелдейтін кемелер тобын Таяу Шығысқа жіберуге бұйрық берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл шешімді қабылдауға Иранның ядролық және зымыран бағдарламасын тежеу мәселесі төңірегіндегі талқылаулар себеп болған.

The Guardian басылымының мәліметінше, шамамен үш аптадан кейін USS Gerald R. Ford аймақта USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушы кемесіне қосылады. Бұл АҚШ-тың өңірдегі әскери әрекетін күшейтпек.

Бұған дейін Трамп Тегеранмен келісімге келе алмаған жағдайда әуе шабуылын жасау мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Өткен аптада АҚШ пен Иран Оман елінде жанама келіссөздер өткізді. Алайда келесі кездесудің уақыты әзірге белгіленбеген.


Трамп Иранмен сауда жасайтын елдерге тарифтерді көтермек


Иран президенті АҚШ-пен келіссөз жүргізу туралы тапсырма берді - БАҚ


“Форд” кемесін Таяу Шығысқа көшіру туралы хабарлаама Трамптың Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінен кейін тарады. Израиль Иранның ядролық бағдарламасын шектеумен қатар, оның зымыран бағдарламасын қысқартуды және “Хезболланы” қолдауды тоқтатуды талап етіп отыр.

Соңғы бір айда Трамптың риторикасы өзгерді: бұрын Ирандағы наразылық білдірушілерді қолдайтынын айтса, қазір ядролық бағдарламаны тежеуге басымдық беріп отыр. АҚШ-тың бірқатар БАҚ-тарының мәліметінше, өткен жазда болған 12 күндік қақтығыс кезінде Израиль мен АҚШ авиациясының соққыларынан кейін Иранның бұл бағдарламасы белгілі бір деңгейде зардап шеккен.

USS Gerald R. Ford кемесі 2025 жылдың маусымында АҚШ-тан шығып, содан бері шетелде жүр. Оның елге қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Трамп келіссөздер сәтсіз аяқталса, оның салдары “өте ауыр” болатынын ескертті және келісім бір ай ішінде жасалуы тиіс екенін айтты. Кейін Солтүстік Каролина штатындағы Форт-Брэгг базасында сөйлеген сөзінде, Иранда биліктің ауысуы “болуы мүмкін ең жақсы нұсқа” екенін де мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырып, қарсы жағдайда бұрынғыдан да ауқымды әскери соққы жасалатынын ескерткен еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 14 Ақпан, 2026 10:42