Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт түлікті өсіру үшін несие алғанбыз": Ақмола облысында мал белгісіз індеттен қырылып жатыр

Ақмола облысы Еркіншілік ауылында бір ай ішінде үш мыңнан астам төрт түлік ауырып, 200 бас мал арам өлген. Алайда жауапты мамандар тым немқұрайлы дейді. Себебі екі ай бұрын Елордаға сараптамаға жіберілген сынаманың талдау нәтижелері әлі келмеген. Бұған ашуланған тұрғындар "ветеринарлар қол қусырып, құр отыр" дейді. Ал ауыл халқы дереу індеттің емін таппаса, мал ауруы адамға жұғуы мүмкін деп алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.  

мал

Наурыз айында басталған Еркіншіліктегі белгісіз індет ауыл халқының әбден мазасын қашырған. Әуелде аузынан көбік ағып, тұра алмай жатқан ірі қараның саны аз болған. Кейіннен кесел дендеп, үш мыңнан астам мал көтерем болып қалған. Тұрғындардың айтуынша, ветеринарлардың қолында дәрі-дәрмек жоқ. Тіпті төрт айдан бері мемлекеттен бөлінетін екпені де алмапты. 

Ақыры ауыл азаматтары түліктерін өз күшімен емдеп баққан. Алайда еш нәтиже жоқ дейді. Жиналғандар ауылда 159 адамның үйін кепілдікке қойып, осы малды несиеге сатып алғандарын, енді шығынға шаш етектен батқандарын айтады. 

"Мен 3 миллион алғанмын, балам 9 миллион алған. Өзіміз Үкіметтен "Дамудан" кредит алып, осы малды алған болатынбыз. Ал енді бұл мал түгел қырып қалса, Үкіметке не береміз қайтарып? Ақшасын алдық. Енді сондай қиын жағдайда тұрмыз", – деді шаруа қожалығының жетекшісі Байжігіт Мұсаұлы. 

Тұрғындардың айтуынша, ауылда бір айда 200 бас мал өлген. Олардың өлексесін ветеринарлар алысқа емес, тура ауыл іргесіне апарып тастапты. Соның кесірінен сасық иіске тұншығып отырмыз дейді. Оның үстіне жергілікті халық ірі қарадан тараған кесел енді адамға жұға ма деп алаңдаулы. 

"Төрт мың бас сиырдың мың басы көшенің ішінде жүр. Ал оның аузынан сілекейі ағып, ауырып жатыр. Жанында балалар ойнап жүр. Ол балаларға ауру жұқпасына кім кепіл? Сүт, ет жемесек, онда біздің аштан өлуіміз керек пе?! Халықтың жетпіс пайызы малмен отыр", – деп ашынады ауыл тұрғыны Бекзат Серікбай. 

Жергілікті ветеринарлар бірнеше рет сараптама алған. Алайда малдың неден ауырғанын таба алмай жатыр екен. Сондықтан індет нақты анықталмайынша емдеу шарасын жүргізе алмаймыз дейді. 

"Біз сараптамаға бірнеше рет қан-сілекей алып, сараптамаға жібердік. Бірақ алғашқыда зертханаларда диагностикум болмады. Сондықтан оны тексере алмады. Ақырғы келген сынама нәтижесі бойынша аусыл ауруы емес деген, ящур емес деген сараптамамыз бар",  – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. 

Жалпы аймақта екі айда төрт мыңға жуық ірі қара мал мен бір мың жеті жүз бас қой-ешкі белгісіз індетке шалдыққан. Алайда ветеринарлар жағдай ушыққан Еркіншілікте карантин де жариялауға асығар емес.

Талқылау