Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт елді 1 млн теңгеге араладым": Отандық блогер үнемді саяхаттаудың жолдарымен бөліседі

Алты айда төрт елді аралаған Темірлан Мұқашев үнемді саяхаттаудың жолдарымен бөліседі. Ол саяхатына бар-жоғы 1 100 000 теңге жұмсаған. Аралаған елдерінде не нәрсеге таңқалды, қандай әсер алғаны, не қиындыққа тап болғаны туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берді.

«Біздің халық тон, көлік, киім, гаджет алуға құмар»: Саяхатшы жігіт басқа елдер мен Қазақстанның айырмашылығы туралы

–    Темірлан, әр саяхатыңа қанша қаржы жұмсайсың?

–    Саяхатқа шыққаныма да көп болмады. Небәрі екі рет саяхат жасадым. Яғни, төрт мемлекетті жарты жылда аралап шықтым. Екіншісі, осы жаздың соңында ел аймақтарына саяхат жасадым. Төрт мемлекетті жарты жылда аралағаныма 1 100 000 теңге қаржы жұмсадым. Ал Алматы облысы, Нұр-Сұлтан, Бурабай, Тараз және Жамбыл облыстарын бір айда аралап шыққаныма шамамен 250 000 теңге кетті.

–     4 мемлекетті аралауға 1 100 000 теңге қалай жетті?

–    Ақшаны барынша үнемдеуге тырыстым. Сондықтан керемет мейрамханаларда емес, жергілікті қарапайым кафелерде тамақтандым. Қымбат қонақүйлерде тұрмадым, әр барған елдегі ең арзан хостелдарында қонып жүрдім. Ақша үнемдегенім соншалық, тіпті барған жерлерден бір тал болса да магнит алып келмедім. Өйткені бөтен елде ақшасыз қалып қоймайын деген үлкен қорқыныш болды.

–    Сонда барлық елді бір бағытта аралап шықтың ба?

–    Иә, барлық 4 мемлекетті бір шыққанда араладым. Алғашқы ел – Бали, Индонезия. Одан кейін Вьетнамға бардым, ол жерден соң Тайланд, сосын Үндістанға жол тарттым.

–    Экономды саяхатыңның лайфхактарымен бөліссең?

–    Үнемді саяхаттау үшін, оған моральдық тұрғыдан дайын болу керек. Әдемі әрі әсерлі видеожарнамалардағыдай саяхат болмайтынына дайын болған жөн. Мысалы, қиындыққа тап болған жағдайда мен өзіме «Темірлан осындай саяхаттау түрін өзің таңдадың, сен осындай жағдайларға тап болу мүмкіндігін білдің. Сондықтан мұңайма!» дейтінмін. Үнемді саяхаттау үшін барлығын  алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Маршрут құрып, билеттерді ерте арзан бағаға сатып алу керек.

Екінші, үнемді саяхаттау үшін, жылтыраған қонақүйде емес, арзан хостелдарда тұрасың. Бір бөлмеде өзің ғана тұрмайсың, 10 адаммен бөлісетініңе дайын болу керек. Түнде ұйықтайын десең, біреулер телефонның даусын жаңғыртып видео қарап жатады, енді біреуі қорылдап ұйықтайды. Хостелдің бір түні 1000-1500 теңге тұрады.

Үшінші, үнемді саяхаттау үшін, әруақытта жергілікті жердегі кафелердің бағасын салыстырып отырасың. Мен қайда тамақтанатынымды және қандай тамаққа тапсырыс беретініме дейін алдын ала біліп отырдым. Әдетте кафелердегі тағамдардың бағалары 300-500 теңгеге шығатын.

Төртінші, үнемді саяхаттау үшін, автобус немесе метроға мінетінмін, кейде жаяу жүретінмін. 

–    Ұнатқан елдерің қайсысы? Несімен ұнады?

–    Бали аралы қатты ұнады. Бұл жақтың табиғаты ертегідегідей. Жан-жағың жасыл ағаштарға толы, табиғаты керемет. Таулы аймақ. Сонымен қатар, көп нәрсе арзан. Ең бастысы жергілікті тұрғындары достыққа өте мығым. Тіпті кейбір кездерде тым досшыл болып кетеді. Содан кейін Үндістан ұнады. Ең жақсы тұсы – арзан. Үндістанда аш қалмайсың, өйткені тағамдары өте арзан және көлемі үлкен. Иә, лас ел. Мен Үндістанға осы үшін бардым десем де болады. Көше ортасында қоқыс жатады. Адамдармен қоса сиырлар да емін-еркін жүреді. Әр жері сиырдың тезегіне толып кеткен. Адам абыр-сабыр шұбырып жүреді. Сауда да жүріп жатады. Әйтеуір қашан да шу. Маған бұл нәрселер кайф!

–    Қазақстан мен сол ел арасындағы қандай айырмашылықтарды байқадың? Мысалы, Үндістан саяхатында сені таңқалдырған не нәрсе болды? 

–    Барған мемлекеттердің барлығында байқағаным, адамдары біреудің өміріне араласпайды, өз-өздерімен жүреді. Көшеде неше түрлі қызық киінген немесе бір түрлі болып жүретін адамдарды байқадым, ешкім оларға мән бермейді. Саусақпен көрсетіп күлмейді, видеоға түсіріп алмайды. Яғни, біреудің өмірінде шаруалары жоқ. Одан басқа туризм дамыған, қайда болса да, қала ортасында, тратуар бойында жергілікті туристік фирмалар көп. Олар жергілікті қызықты жерлерге сізді автобусқа отырғызып апаруға дайын тұрады. Туризмнің дамығанының тағы бір белгісі, такси жүргізушілерінің барлығы ағылшынша сөйлесе алады. Жергілікті тұрғындар шетел азаматына таңқалып емес, үйреншікті қарайды. Үндістанда мені бір нәрсе таңқалдырды: ол жақтың лас екеніне дайын болдым. Бірақ тіпті тағамдары да лас болатынын байқағанда шок болдым. Тамақтары ащы және дәмді, бірақ олар оны қалай дайындағанын көрмей-ақ қойған дұрыс. Тамақ дайындағанда арнайы қолғап кимейді, ашық қолдарымен ұстай береді. Сондай-ақ, Үндістанның әділетсіз каста жүйесі мені таңқалдырды.

–    Саяхаттау үшін қалай ақша жинауға болады? Кеңес ретінде айтып өтсең...

–    Ақша қалай жинауға болатыны туралы кеңес беретіндей деңгейде емеспін деп ойлаймын. Өзім ақшаны жақсы үнемдеймін. Мысалы, шопинг жасауға құмар емеспін. Әр уақытта артық шығын жасамауға тырысамын.

–    Танымаған елге жалғыз бару үшін де батылдық керек шығар. Жалпы саяхаттау өмірлік тәжірибе болатындай саған нені үйретті?
–    Танымаған елге жалғыз бару үшін моральды тұрғыда дайын болу керек. Егер қазір мені үйде отырған жерімнен, еш дайындықсыз Үндістанға телепорт жасап жіберсе, онда ана жақта сасқалақтап қалар едім. Бірақ белгілі бір мемлекетке жолға шығарда, ақпарат іздеп танысқанда, виза жасатқанда, билет алғанда алдын ала моральды тұрғыдан дайын бола бастайсың. Саяхат – бұл естелікке қалатын нәрсе. Әсіресе, егер оны жазып алсаң. Бір қымбат затты сатып алғанда, басында қатты қызығып жүресің. Біраз уақыт өткеннен кейін әсерің басылады. Ал саяхат мәңгілікке есте қалады. Әлем өте үлкен, әр түрлі мемлекет және халық бар. Олардың мәдениетімен танысып, солар туралы ақпарат жинау - керемет сезім. 

–    YouTube каналын жүргізіп келе жатқаныңа қанша болды? Және саяхатшы блогер ретінде ол жерден табыс тауып отырсың ба?

–    Ютуб каналымды үлкен саяхатқа шыққаннан бері 2019 қазан айынан жүргізіп келемін. 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында көрермендерім көбейе бастады. Бір айда арнама 60 мың адам тіркелді. Сол кездері ютуб жарнама көрсеткеннен маған 150-200$ беріп тұрды. Қазір менде видеолар шығып жатқан жоқ, сондықтан қаралым да жоқ. Сондықтан  да ақша түсіп жатқан жоқ.

–    Бізде халық ақша болса зәулім үй салуға, шуба киюге, қымбат дүние алуға бейім ғой. Сенің философияң қандай?

–    Иә, біздің халық шуба, көлік, киім, гаджет алуға құмар. Бірақ оларды сол үшін сынамаймын. Мен де әрине қымбат затымның болғанын қалаймын. Бірақ бағана айтып өткенімдей, уақыт өте келе алған затыңа деген қызығушылық басылады. Сондықтан, мен ақша жинап, оны одан да саяхатқа, әлемді көруге жұмсаймын.

–    Алдағы уақытта қандай елдерге саяхатқа шығу жоспарыңда бар?

–    Көрермендерім де «қашан саяхатқа шығасың? Анда бар, мында бар» деп жазып жатады. Бірақ қазір пандемия және саяхаттау мүмкін емес екенін ескермейді. Жарайды, бір-екі мемлекетке барайын делік. Бірақ қатаң карантин режимі тағы басталып кетсе ше? Барлық мемлекет жабылып қалып, бөтен елде қалғым келмейді. Үндістанда карантиннің кесірінен қалып қойған едім. Бұйырса, алдағы уақытта Қытай, Бангладеш, Түркия, Пәкістан, Иранға барғым келеді. Мені осы елдер қатты қызықтырады.


Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

 

Талқылау