Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"WhatsApp ақылы болып кетіпті": Қазақстандық әйел сараптама нәтижесін мессенджер арқылы алғаны үшін ақы төлеген

Әлеуметтік желіде Айнұр Жексен есімді желі қолданушысы сараптама нәтижелерін WhatsApp желісі арқылы алу үшін медицина орталығына ақша төлегенін айтты. Ол WhatsApp-ты мұндай мақсатта қолдану қашаннан бері ақылы болып кеткеніне аң-таң. Анық-қанығын Stan.kz ақпарат агенттігі білуге тырысты.

Фото: Видеодан скрин

Айнұр Жексен Invivo медициналық лабораториясынан талдау нәтижелерін алған кезде төлем жасалғаны туралы чекте WhatsApp арқылы 100 теңге алынғанын байқаған. Сөзінше, Invivo медициналық лабораториясы нәтижелерді WhatsApp хабарлама арқылы жіберетіні үшін ақы алатынын ескертпеген. 

“Алғаш рет WhatsApp үшін ақы төледім. WhatsApp қызметі үшін 100 теңге алды. Ескертпеді, анализдің бағасын бірден айтты. Чек пен құжатты алған кезде бір-ақ көрдім. Төлемеске амалым болмады”, – дейді видео авторы.

Осы тұста Invivo медициналық лабораториясының әкімшілігіне хабарласып, жағдайдың анық-қанығын білдік. Олардың айтуынша, анализ нәтижелерін WhatsApp хабарлама арқылы жіберу ақылы екені пациенттерге алдын ала ескертіледі.

“Анализ нәтижелерін WhatsApp-қа және электронды поштаға ақылы түрде жібереміз. Қорытындыны WhatsApp-қа жіберу – науқастардың тарапынан болған ұсыныс. SMS арқылы науқас анализ тапсырған кезде оған бланк беріледі. Науқас онымен танысады. Бланкта WhatsApp SMS арқылы ақпараттандыру ақылы екені көрсетілген. Сондай-ақ науқас бұл қызметтен бас тарта алады. Қажет емес деген жағдайда анализ нәтижелерін сол жердегі құпиясөз арқылы сайттан алуға болады немесе QR кодпен сканерлеп алса да болады”, – деп жауап берді Invivo медициналық лабораториясының әкімшілігі.

Айта кетейік, Meta компаниясына тиесілі WhatsApp мессенджерінің анықтамасында 2016 жылдан бері медиафайлдар мен хабарламалар жіберуге ақы алмайтындары туралы айтылған. 

“WhatsApp қолданбасын пайдалану үшін мобильді желі немесе Wi-Fi арқылы тұрақты интернет байланысы болуы керек”, – делінген анықтамада.

Алайда басқа желі қолданушылары бұл жағдайдың қалыпты екенін айтады. 

“WhatsApp-қа анализ қорытындыларын хабарлама етіп жібергені үшін төленеді, адамдар шатаспаңдар”, “WhatsApp емес, хабарлама жіберу қызметі ақылы”, “Тіркеу бөлімінде бұл қызметтен бас тартуға болады”, “Invivo-да мұндай қызмет бұрыннан бар”, – деп жазды желі қолданушылары. 

@hobby_v_kayf

 

♬ оригинальный звук - Айнур_Жексен

 

Талқылау