Тоқаев ҰҚК төрағасының орынбасарын қызметінен босатты
Президент Тоқаев ҰҚК төрағасының орынбасары Дархан Ділмановты қызметінен босатты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділманов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды", – делінген Ақорданың сайтында.
Еске салайық, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылған.
10 наурыз күні ҰҚК Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты тергеудің алғашқы нәтижелерін көрсетті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған.
Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша да тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ Мәсімовтің үйінен 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша мен көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары тәркілеуге алынған.
Сонымен қатар Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған да тыйым салынған.
Бұған дейін бас прокуратура Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының кінәлары дәлелденсе 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
