Тоқаев Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдады
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тиімділігін арттыра түсу үшін екі ел президенттерінің әкімшіліктері арасындағы тығыз байланысты жолға қоюдың маңызды екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Тоқаев Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен кездесу барысында екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
“Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық әрі стратегиялық сипаттағы қарым-қатынасын атап өтіп, жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тиімділігін арттыра түсу үшін екі ел президенттерінің әкімшіліктері арасындағы тығыз байланысты жолға қою маңызды”, – деді Тоқаев.
Кездесуде ақпараттық-идеологиялық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және жастар саясаты салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша мән берілді.
Президент Астанада халықаралық "Заковат" интеллектуалдық ойынының өткізілуіне қолдау білдіріп, мұндай іс-шаралар екі мемлкет арасын жақындата түсетінін атап өтті.