Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: “Отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Әрі гранттар мен сыйлықтар табыстау барысында отандық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйін, құзыры мен қызметін қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс екенін атап өтті. Себебі қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтереді.

“Бұл – өткен ғасырда "Қазақ" газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек”,  – деді Президент. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бүгінде Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналғанын да атап өтті. Осы орайда отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келгеніне тоқталды. 

“Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиамамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет. Аталған міндетті іске асыру үшін жаңа медиа менеджмент, шетелден ақпарат тарататын білікті журналистер, тың технология және сапалы инфрақұрылым қажет. Бұл – уақыт талабы. Оны орындауымыз шарт. Осы ретте әлемдік медиа корпорациялардың оң тәжірибесін ескерген жөн”, – деді мемлекет басшысы. 

Президент өз сөзінде қаламын қаруына айналдырған тілшілердің аз емесін де айтты. Әрі олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жататынына тоқталды. Бірақ бұл қатарда жалған, фейк ақпарат таратып, жұртты дүрліктіретін адамдар да барын жоққа шығармады.

Олжас Нұржақып
Сейсенбі, 27 Маусым, 2023 12:38