Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қытайға Каспий теңізінде ортақ жоба жасауды ұсынды

Фото: akorda.kz 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға бірлесіп Каспийдегі Құрық портында жүк терминалын салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев екінші "Орталық Азия – Қытай" саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға күш салуды арттыра беретінін атап өтті. 

"Транскаспий маршрутының тартымдылығын арттыру үшін біз Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, тасымалдау кемелерін өндіруді ұйымдастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қытаймен бірлесіп, Каспийдегі Құрық портында жүк терминалын құру мәселесін қарастыруды ұсынамыз", – деді президенті.

Президенттің айтуынша, қытайлық серіктестердің белсенді қолдауымен Қазақстанда логистикалық инфрақұрылымды дамыту жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр.


"Қытай Қазақстанға ешқандай саяси шарт қоймайды": Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді

Қытайлық банк Қазақстан даму банкіне 1 миллиард доллар бөледі


"Негізгі жетістіктер ретінде "Достық – Мойынты" учаскесінде қозғалыстың ашылуы, Алматы қаласында ірі "Жетісу" контейнерлік терминалының және Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылуын айта аламыз. Болашақта трансшекаралық өзендерде өзендік кемежай дамытуға қытайлық серіктестерінің қатысуын күтеміз. Сонымен қатар Еуропа одағы елдеріне әуе тасымалымен тауар транзитін жүзеге асыру үшін Қазақстанның батыс бөлігінде, Ақтөбе қаласында жүк әуежай хабын құруға дайынбыз", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент күн тәртібінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемін бірнеше есеге арттыратын басқа да ірі көлік-логистика жобалары бар екенін атап өтті.

"Бұл мәселелердің барлығы мұқият пысықтауды талап етеді. Сондықтан көлік-логистикалық дәліздерді кешенді дамыту стратегиясын әзірлеу үшін сарапшылар платформасын құруды және тауарларды жедел кедендік рәсімдеуді енгізу жөніндегі жол картасын қабылдауды қажет деп санаймыз", – деді президенті Астанадағы саммит барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өңірлік өзара логистика саласында Қытай мен Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып қала беретінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан мен Қытай жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйесін біріктіретіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 20:25
Талқылау