Тоқаев ішкі саясат мәселелері жөніндегі көмекшісін тағайындады
Арман Қырықбаев президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасы президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", – делінген хабарламада.
Арман Қырықбаев 1976 жылы 20 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясының түлегі. Мамандығы бойынша халықаралық экономист. Мемлекеттік қызметте, мәдениет және жастар саясаты саласында 28 жылдан астам еңбек өтілі бар.
1996 жылы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің референті, атташесі болып қызмет атқарған. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің атташесі, 1999-2000 жылдары-Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы, кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД істері комитетінің екінші хатшысы болды.
2005 жылы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылдан 2006 жылға дейін Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры, 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Арман Қырықбаев 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымында болды. 2015 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласы әкімінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту және басқа да мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.
Еске салсақ, осыған дейін парламент мәжілісінің депутаты Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанын жазғанбыз.