Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев бұрынғы АҚШ елшісін сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындады

АқордаФото: Ақорда

Президент бірқатар тағайындау жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Мемлекет басшысының өкімімен Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

Ақан Рахметуллин 1993 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызметін бастап, түрлі дипломатиялық және басшылық лауазымдарды атқарған. Пәкістандағы Елшілікте, БҰҰ мен ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктерде, сондай-ақ СІМ Орталық аппаратында жұмыс істеген.

2019–2021 жылдары – Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2021–2022 жылдары – ҚР Сыртқы істер вице-министрі, кейін бірінші вице-министрі.
2022–2024 жылдары – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі.
2024 жылғы мамырдан бастап – ҚР Сыртқы істер бірінші вице-министрі.

Ержан Ашықбаев 1974 жылы 16 маусымда Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ және Гарвард университетінің түлегі, халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару магистрі.

1998 жылдан бері ҚР Сыртқы істер министрлігінде түрлі дипломатиялық және басшылық қызметтер атқарған. СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, министр орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, Үкіметтің ресми өкілі болған.

2021 жылдан 2024 жылға дейін – Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын, түрік және француз тілдерін біледі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар елші тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен:

Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды; 

Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Қасекенұлы Батырашев Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды;

Қазақстан Республикасының Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әнуарбек Серікұлы Ахметов Қазақстан Республикасының Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 13 Қазан, 2025 09:37
Талқылау