Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Алматы облысында көз жұмған полиция қызметкерін марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Шалхар Байжомартовты "Айбын" ІІІ дәрежелі орденімен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/police_almobl/Видеодан скрин

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Алматы облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Шалхар Байжомартов "Айбын" ІІІ дәрежелі орденімен марапатталды.

Мемлекеттік награданы марқұмның әкесіне Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы облысы полиция департаментіне жұмыс сапары барысында табыстады. Ол отбасына көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың ерлігі мен қызметіне адалдығын атап өтті.

“Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте және тәртіпті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы қатарда. Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді. Полиция аға лейтенанты Шалхар Байжомартов мәңгілікке өз қызметіне адал, ерлікке толы офицер ретінде есте қалады”, — деді Айдар Сайтбеков.

Еске салайық, 20 желтоқсанда "Алматы-Өскемен" тас жолының 42-ші шақырымында " Toyota Camry" көлігінің жүргізушісі көктайғақ кезінде көлікті басқара алмай, облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерін қағып кеткен еді. Оқиға салдарынан полицей оқиға орнында көз жұмды.

Талқылау