Төбелес, қамауға алу, бюрократия: Қазақстандық журналист Мысырға қыдырып барғанда жағымсыз жағдайларға тап болғанын мәлімдеді
Журналист Аида Жексен жұбайымен Мысырға турист боп барғанында жағымсыз жағдайға тап болып, онда құқығы мен қауіпсіздігі қорғалмағанына шамданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист бал айына күйеуімен Шарм-эш-Шейх қаласына барған. Алайда алты күндік демалыстары сұмдық оқиғаға айналғанын айтады. Мұны Facebook-парақшасында мәлімдеген.
“Барлығы қамтылған, бассейндері бар all-inclusive қонақүйін таңдадық. Түнде мангодан аллергия ушығып, сақтандыру арқылы ауруханаға бардым. Қонақүйге қайтатын кезде мас ер адам әурет жерімнен ұстап, поляк тілінде “жезөкше” деп айтты. Мені күйеуім оның қолынан жұлып алып, өз бөлмемізге кірер тұста поляк күйеуімді тұншықтырып, жерге құлатты”, – дейді әйел.
Соның салдарынан ер адамның башпайы сынған. Айтуынша, оның сүйегі көрініп, қан аққан. Ол ресепшндегілердің немқұрайлы қарап, телефон тұтқасын көтермей қойғандарына шамданды.
“Бұл жай ашық сынық емес, сондай-ақ буынның сынуы болған. Сол себепті жұлын анестезиясымен ота жасалып, ауруханаға полиция қызметкері келді.
Бірақ полицей қорғаудың орнына екі тарапты да қамаймын деп қорқытып, арабша жазылған құжаттарға қол қойғызбақ болды және аударуға мүмкіндік бермеді. Құжаттарымды күштеп тартып алды”, – деді журналист.
Ол осыдан кейін сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Олар Шарм-эш-Шейхтегі елшіліктің өкілін жіберіпті. Содан соң ғана полиция оларға оң көзбен қарай бастаған.
Айтуынша, поляк та оларға қарсы арыз жазған. Сол себепті Жексен куәгер іздеген, осы кезде татар жұп келісіпті.
“Таңғы 5-те польшалық турист пен күйеуім қамауға алынды. Елшіліктің өкілі Мұхамед осы уақыт ішінде бізбен бірге жүрді. Мен қонақүйге қауіпсіздігімізді қамтамасыз етпей, өміріміз бен денсаулығымызға қауіп төндіргені үшін шағым жаздым. Олар қалағаныңызды жазыңыз, бізге бәрібір деді. Осының бәрін туроператорға мәлімдедім. Елшілік өкілінің айтуынша, прокуратура жауап алғаннан кейін қонақ үйге барып, камераларын тексеріп, менеджерлерден жауап алған. Осыдан соң күйеуімді босатты, бірақ елшілік араласпаса, Мысыр полициясы мен прокуратурасы бұлай жұмыс істемес еді”, – дейді Аида Жексен.
Айтуынша, Мысырдағы қамау бөлмелерінде су да, тамақ та берілмейді. Жақындары ештеңе әкелмесе, адам бетон үстінде аш отыруға мәжбүр.
“Осыдан соң қонақүй өкілдерінің қарым-қатынасы өзгеріп кетті. Біз ол жақтан кетіп қалдық. Мысыр тұрғындары елдегі бюрократиямен күресіп, табандылық танытқанымызға тәнті болды. Мысырлықтар бұлай істей алмас еді деді. Бұл – елшілік қызметкерлерінің арқасы”, – деді ол.
Ол алкоголь ішпейтіндерге және шулы кештерді ұнатпайтындарға all-inclusive-ті таңдамауға кеңес берді. Айтуынша, тыныш отбасылық шағын қонақүйге барған дұрыс. Себебі мас туристер көп жерлерде оқыс оқиғалар көп болады.
“Сапар алдында сақтандыруға мән беру керек. Елшілігіміз жоқ елде демалмағаныңыз жөн. Елшілігіміздің нөмірлері мен жұмыс кестесін жазып алыңыздар. Қонақүйге барар алдында қауіпсіздік деңгейін тексеріңіздер. Мүмкіндігінше, түнде қалаға шықпаңыздар”, – деді қазақстандық турист.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, расымен көмек көрсетілгенін айтты. Баспасөз хатшысы мұндай жағдай жиі болатынын мәлімдеп, сақ болуға шақырды.