"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы

Видеодан скриншот
Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды жою үшін көшеде у шашып жатқанына наразы. Сөздерінше, осылайша олар кеміргіштерден бұрын құстар мен тиіндерге, мысықтарға зиян келтіреді. Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігінен егеуқұйрықтарды жоюдың баламалы әдісін және басқа тіршілік иелеріне зияны туралы сұрап білді.
Алматы әкімдігі 15 қыркүйектен 31 қазанға дейін Алматыда кеміргіштердің көбеюінің алдын алуға бағытталған дератизация жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оны қалалық коммуналдық инфрақұрылым басқармасының тапсырысы бойынша "Эко Сервис Алматы" ЖШС жүргізіп жатыр екен.
“Осы уақыт ішінде 20 гектардан астам аумақ дәріленді. Бүгінде Алатау, Жетісу және Медеу аудандарындағы жұмыстар толық аяқталды. Алдағы күндері дератизация Алмалы, Бостандық, Әуезов, Түрксіб және Наурызбай аудандарында жалғасады. Күзгі маусымда жалпы көлемі шамамен 47,3 мың гектар аумақты қамту жоспарланған. Оған жасыл аймақтар, өзен жағалаулары, су айдындары, аялдамалар, контейнер алаңдары мен жеке сектор кіреді”, – делінген хабарламада.
Желі қолданушылары әкімдіктің бұл шарасына көңілі толмайды.
“Тиіндерді өлтірдіңіздер, сөздің шыны керек”, “Бәсе, тиіндер қайда кетті десем”, “Не істеп жатсыздар, егеуқұйрықтар қазір ақылды, мұндайға алданбайды. Құр босқа экожүйені бүлдіріп жатсыздар”, “Ағаштардың астына у сеуіп не керек? Егеуқұйрықтар арықтарда өмір сүреді, ал тиіндер ағаштарда жүріп, уланады”, “Мұның басқа тіршілік иелеріне зиянын неге ойламайсыздар?”, “Құстарды уладыңыздар, ал керемет”, “Абайсызда мысықтар жеп қойса ше?”, – деп жазды желідегілер.
Алматы әкімдігі редакциямызға аталмыш у басқа жануарларға зиян емес екенін айтып ақталды.
“Қоректі жемді дайындау үшін тағамдық негіз ретінде бидай дәні және 1 келі дәндік негізге 20 мл концентрат есебінен Бромадиалон-0,25% родентицидтік құралы қолданылады. Аталған құрал кеміргіштерге қарсы күресте тиімді. Бромадиалон-0,25% құрамында битрекс (ащы компонент) бар. Бұл жем құстар, адамдар және басқа да жануарлар үшін қауіпсіз және олардың кездейсоқ улану қаупін азайтады. Жоғарыда айтылғанға орай, кеміргіштерді жою үшін жасалған шаралардың экожүйеге зияны жоқ екенін мәлімдейміз”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сөзінше, Бромадиалон-0,25% негізіндегі жем егеуқұйрықтар мен тышқандарды жоюда жоғары родентицидті белсенді. Уланған жемді жегеннен кейін кеміргіштер 4-14 тәулік ішінде өледі. Жедел уыттылық көрсеткіштері бойынша бұл өнім III сыныптағы орташа қауіпті заттарға жатады.
1 гектар аумаққа 10–25 топ, шамамен 100-350 ін шоғырланған кезде 3 келі етіп қолдану керек.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік