Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі бөлмелі жаңа пәтер сатып алдым": Алматылық жас отбасы жеңілдетілген бағдарламамен қалай үйлі болғандарын айтты

Тұрғын үймен қамтуға бағытталған "Алматы жастары" бағдарламасы бүгінде қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып үлгерді. Былтырдың өзінде 1000 жас маман аталмыш жеңілдетілген ипотека бағдарламасының үйлі болған. Олардың арасында Саламатовтар отбасы бар. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ерлі-зайыпты мұғалімдер баспаналы болу оқиғасымен бөлісті. отбасы

Бейбіт – дене шынықтыру пәнінің, ал жары Жазира бастауыш сынып мұғалімі. Жас отбасы бүгінде екі ұлды тәрбиелеп отыр. Қала орталығынан үй алуды мақсат еткен олар 2017 жылы "Отбасы банкінен" есепшот ашып, қаражат жинай бастайды. 

"Отбасы банкіндегі" депозитімізге қаржыны үзбей, ай сайын құйып отырдық. Бағдарламаға қатысқанда мұның үлкен көмегі тиді. Себебі депозиттің ашылған уақытына да мән беріледі екен. Артық қаражатымыз болса, депозитке жинадық. Осының арқасында болар, бүгінде екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмыз", - дейді Бейбіт Саламатов. 

Бейбіт "Алматы Жастары" бағдарламасы туралы қарындасынан естігенін айтады. Тиімді жолмен үйлі болу мүмкіндігін жіберіп алғысы келмеген ол құжаттарын әзірлеп, өтінім берген. 

"Қарындасым мемлекеттік және түрлі тұрғын үй бағдарламаларды үнемі бақылап отырады. Өзі де мемлекеттік бағдарлама арқылы бір бөлмелі пәтер алған. "Алматы Жастарының" басталатыны туралы ғаламтордан көріп, бірден маған айтты. Бағдарламаның талаптары біз үшін өте қолайлы болды. Құжаттарды рәсімдеуде де қарындасым көп көмектесті", - деп қосты Бейбіт. 

Отбасының өтініші бағдарламаға ілініп, ары қарай төлем қабілетін растауға жолдама алған. 

"Осы уақытта бағдарлама шарттары бойынша белгіленген сомада үй тауып, ұсыныс жолдау керек. Банк өтініш берген азаматтың табыс көзіне баса назар аударады. Оны растаған соң қаржы мөлшерін белгілейді. Осылай банк бекіткен 13 миллион теңгеге үй іздей бастадым. 2020 жылы тұрғын үйлер салыстырмалы түрде арзан еді", - деді Бейбіт Саламатов. 

Бағдарламаның үлкен артықшылығы тек жаңа үйлерді ғана емес, қайталама нарықтан да пәтер алу мүмкіндігінің болуы дейді жас ұстаз. Өйткені сөзінше, көп жағдайда төмен бағада жаңа үйді табу мүмкін бола бермейді.

"Үйді таңдау кезінде көп нәрсеге мән бердім. Мен үшін орналасқан орны, құжаттарының толық болуы маңызды. Менің таңдауым Алматыдағы "Alma City" тұрғын үй кешеніне түсті. 65 шаршы метр болатын пәтерді таңдап, банкке ұсынып көрдім. Жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған еді. Сол себепті пәтерді өз қалауымыз бойынша өзгерттік деуге болады", - дейді ол.

Айтуынша, отбасы жаңа үйге 2021 жылы көшіп кірген. Ипотекалық заемды тезірек төлеп біту үшін және үстемақыны азайту үшін ерлі-зайыптылар қарызды 8 жылға рәсімдепті.

"Банктегі есепшотымда 2 миллионға жуық қаржы болды. Мұны алғашқы жарна ретінде қолдандық. Қалғанын банк төлеп берді. Меніңше, бұл бағдарлама жастар үшін өте тиімді ұсыныс. Өйткені пәтер бағасының 50%-ын жинамай-ақ, үйлі болуға болады. Бастысы несие тарихы жақсы және "Отбасы банкінде" депозит болуы керек", - деп қосты Бейбіт Саламатов. 

Жас оқытушы жас отбасыларға үйлі болу үшін ерінбей ақша жинап, үнемі ізденісте жүру керек деп кеңес берді. 

Айта кетсек, "Алматы Жастары" бағдарламасы биыл да жалғасады деп жоспарланып отыр. Бағдарлама жайлы толық ақпарат Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының ресми сайтында орналастырылады. 

Тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі мемлекеттік және республикалық ұйымдарда жұмыс істейтін мәдениет саласы, спорт саласы, ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала мамандары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатыса алады. 

2021 жылы “Алматы Жастары” бағдарламасын іске асыру үшін бюджеттен миллиард теңге бөлінген. Бағдарламаға қатысуға үміткерлерден 9 741 өтініш келіп түскен. Олардың 1 000-ға жуығы үймен қамтылды.  

"Алматы Жастары" бағдарламасының қатысушыларына қойылатын негізгі талаптар:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;

  • Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш беру кезінде, жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;

  • Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы;

  • Қатысушының ресми жұмыс өтілі келесі санаттар бойынша Алматы қаласында кем дегенде соңғы 6 ай, міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен болу қажет. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 31 Наурыз, 2022 18:15
Талқылау