Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бітпеген үйімді күзету үшін басында қонып жүрмін: Таразда 4 миллиард теңгеге салынған үйлердің құрылысы аяқсыз қалған

Таразда 4 миллиард теңгеге салынуы тиіс таунхаус құрылысының қаржысы қолды болған. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бой көтеруі керек үйлердің құрылысы аяқсыз қалып отыр. Онсызда ипотекасын төлеп отырған тұрғындар жарты жолда қалған ғимаратқа өз қаржыларын жұмсауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Ғимараттар қаңырап бос қалуда. Терезелері сынған, сантехника мен батареялар ұрланып жатыр, дейді тұрғындар. Бұл ретте ақшасын салған екі жүзге жуық отбасы көше алмай отыр. Мердігерлер жоспар бойынша 22 гектар аумақта 256 таунхаус салынуы тиіс болған. Бірақ қазіргі уақытта пайдалануға тек 46-сы берілген. Кейбір тұрғындар тіпті өз ақшасына баспана құрылысын бітіруде. Оның үстіне ипотекасын төлейтін тұрғындар шағымдарын жеткізді.

"Енді сыртта да, іште де атқарылатын жұмыс көп. Төбесі әлі бітпеген. Жарық, газ, суды өзім жүргіздім. Терезелері сынған, батареялары ұрланған. Қайта жасау керек жұмыстар өте көп. Қазір түнде үйімді бақылап, осында ұйықтаймын”,- деді тұрғын Серік Сұлтанбеков.



Мердігер құрылыстың тоқтап қалуын материалдар құнының қымбаттауымен түсіндірді. Ол шаршы метр бағасын 120-дан 170 мың теңгеге дейін көтеруді ниет еткен. Алайда әкімдік кейбір талаптарға келіспегендіктен шарт бұзған. Қаланың жаңа әкімі мәселені шешуге уәде беріп отыр. Айтуларынша жоспарларға сәйкес, бұл жоба аяқталады. Бірақ "Күшті аймақтар" деп аталатын жаңа бағдарлама бойынша.

"Құрылыс жұмыстары жалғасады. Бірақ біз қаржылық мәселені шешуіміз керек. Бір шаршы метрдің құны 170-200 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұл тек біздің есептеулеріміз бойынша. Республикалық бюджеттен қаражат сұрауды жоспарлап отырмыз",- деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Талқылау