Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда зейнеткерге шабуылдап, үйін тонамақ болған жеті жасөспірім қамауға алынды

Теміртауда зейнеткердің үйіне кіріп, шабуылдап, тонамақ болған жеті жасөспірім мен екі ересек адам екі айға қамауға алынды. Оларға тағылған айып бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Қарағанды облысының прокуратурасының мәліметінше, олардың жасаған қылмыстары ауыр.

"Ең қатаң бұлтартпау шарасын қолдануға жасалған қылмыстың ауырлығы негіз болып отыр. Қылмыстық кодекстің 191-бабының 3-бөлігіне сәйкес, "тұрғын үйге заңсыз кіріп тонау" бойынша жауапкершілік 14 жастан басталады. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жеке тергеу жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада. 



Жасөспірімдер айыпталған бапта мүлікті тәркілеумен бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырылған.

Бұған дейін Теміртау әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қатаң сөгіс алғаны белгілі болды. Күдіктілер оқитын мектептің директорларының орынбасарлары да тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Еске салсақ, бұған дейін Теміртауда қарияның үйіне баса көктеп кіріп, соққыға жыққан жасөспірімдердің видеосы тарағанын жазған едік. Теміртауда түсірілген видеода 16-18 жас шамасындағы жігіттердің төсектен тұра алмай жатқан қарияны ұрып, бетінен теуіп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ қарияға балағат сөздер айтып, бетіне түкірген. Зейнеткер қорғануға тырысқанымен одан сайын соққы алып жатқаны байқалады. 

Талқылау