Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда полицей оқиға орнында қайтыс болған адамның банк картасын иемденіп, ақша шешіп алған

Теміртау қаласында полицей оқиға орнынан мәйіттің банк картасын алып, жеке мақсаттарда пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Теміртау қалалық соты полиция қызметкері Ж-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ж құқық қорғау органының қызметкері бола тұра қызмет бабын теріс пайдаланып, банктік картаны ұрлап, одан ақша шешіп алғаны үшін айыпталды.

Анықталғандай, Ж есімді азамат Теміртау қаласының полиция бөлімінің криминалисті болып жұмыс істеп жүрген кезінде оқиға орнына барып, пәтерден табылған мәйітті тексеру барысында марқұмның "Халық Банкі" АҚ-на тиесілі банк картасын тауып алады. Ол картаның құпия нөмірлерін көріп, бұл мәліметтерді теріс мақсатта пайдаланып, кейін банк картасынан 182 000 теңге шешіп алған.

Прокурор Ж-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап, материалдық шығын өтелгендіктен, жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды және қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.


 

Талдықорған полиция басшысы кабинетінде қыз зорлаған: Сот хатшысы айыпталушының әйелінен 20 миллион теңге алды деп айыпталды


Сот Ж-ны қылмыстық кодекстің “Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану бойынша" кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, Ж-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырып, пробациялық бақылау орнатылды.

Сот, жәбірленуші тараппен татуласу нәтижесінде, қылмыстық істі тоқтатты. Ж-ның бұрын сотталмағаны, үш кәмелетке толмаған баланың асыраушысы болғаны, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтегені ескерілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Маңғыстау облысы полиция департаменті құны екі миллион теңге тұратын алтын жалатылған әйелдерге арналған 80, ерлерге арналған 100 сағатқа тапсырыс бергенін жазғанбыз.

Талқылау