БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Тексерушілер үстінен түсті: Ақтөбеде комиссияға арнап дастархан жайған мұғалімдердің басы бәлеге қалды

Облыстан келген комиссияға аста-төк дастархан жайған ұстаздардың басы бәлеге қалды. Сөгіс естіген - Ақтөбенің Байғанин ауданындағы коррекциялық кабинеттің мамандары. Қонаққа сый көрсетпекші болып, технология кабинетіне дайындап қойған түскі астың үстінен облыстан тексеріске келген «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері түскен. 

Ақтөбеде облыстан келген комиссияға дастархан жайған мұғалімдердің басы бәлеге қалды

Салқын сусын, самсаған салат, тізілген тәттілер. Облыстан келген комиссияға арнайы жайылған дастарханнан бәрін табуға болады. Бұл құрмет ауданға Ақтөбеден жіберген педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңестің он адамына арналыпты. Олар ауылдағы денсаулығында ауытқуы бар балалардың ата-аналарына кеңес беруге келген. Алайда әдемі дастарханның ақысын өздері көтеріпті-мыс, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы»

Комиссияға жайған кең дастарханның үстінен түскен «Ақтөбе адалдық алаңы» жобасының өкілдері мектептің басшылығын сауалдың астына алғанымен, олар кінәлі емеспіз деп ақталумен болыпты. Сарапшылық кеңестің төрағасы мұндай шектен тыс қонақжайлылықтың соңы қылмыстық жауапкершілікке тартуға ұласатынын айтады.

«Егер дастархан жайғаны туралы белгілі болса, Қылмысық кодекстің 247-бабы (Заңсыз сыйақы алу) бойынша дәлелденген кезде, 80 АЕК (202 мың тг) көлемінде айыппұл немесе 20 күнге қамау жазасы беріледі», - дейді сарапшылар кеңесінің төрағасы Жанболат Тортаев. 

Дастарханның айналасындағы дау облыстық басқарманың басшылығына да жетті. Олар дереу тексеріс жүргізіпті. Ауданға барғандар еріккеннен дастархан жайғызбады деп отыр. Олар 70 баланы қабылдап, асханаға баруға үлгермейтін болған соң, мектепте ас әзірлеткен, дейді. 

«Бұл жерде ақша, қаражаттың барлығы облыстық ПМК мамандарынан шыққан, біздің мамандар 1000 теңгеден төлеген. Дайындаған – Байғанин ауданындағы коррекциялық кабинет мамандары», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Осылайша, облыстық білім басқармасындағылар ауданға барған мамандар өз ақшаларына тамақ ішкен деген ұйғарымға келген. Дегенмен, ауыл мектебін дәмханаға айналдырғаны үшін облыстағы дәрігерлік психологиялық кеңестің де, аудандық коррекциялық кабинеттің де басшылығына сөгіс жарияланыпты.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр