Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тек сүйегін сындырса жазаланады: Ауғанстанда тәліптер әйелдерді ұруға рұқсат берді

Ауғанстан

Фото: Reuters

Ауғанстанда Талибан билігі жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде қабылдады. Алайда бұл адам құқықтары ұйымдары мен халықаралық қауымдастықтың шамына тиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Sunday Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылар құжаттың бірнеше ережесі тұрмыстық зорлық-зомбылықты заңдастыратынын және әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын айтарлықтай шектейтінін ескертеді.

Әйелге келтірілген жарақат үшін жаза жеңіл қылмыстарға қарағанда айтарлықтай аз болуы мүмкін.

Жұбайларға қатысты зорлық-зомбылықты қарастыратын 32-бап ерекше наразылық тудырды. Әйелінің сүйегін сындыру, көрінетін жара не көгертіп ұрғанын әйел дәлелдесе, күйеуі 15 тәулікке бас бостандығынан айырылу жазасын алады.  

Кодекс әлеуметтік бақылауды, патриархатты және идеологиялық қысымды жеке құқықтардан жоғары қояды деген сынға қалды. 

Діннен "тайғандарға" да қатал шаралар қолданылады. 58-бапқа сәйкес, исламнан бас тартқан әйелдер өмір бойы бас бостандығынан айыруға және тәубе етіп, исламға оралғанша әр үш күн сайын 10 дүре соғуға жазалануы мүмкін. Ал діннен безген ер адамдарға басқаша тәсіл қолданылады. Ханафи заңы бойынша, оларға өлім жазасына кесілмес бұрын тәубе етуге үш күнге дейін уақыт беріледі. 

Қырмызы Скендирова
Сенбі, 07 Ақпан, 2026 19:04