Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тек "Ауыл" партиясы еліміздің шалғай ауылдарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде

"Ауыл" партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына және түрлі деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттар, сондай-ақ аталған партияның белсенділері мен мүшелері еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Алыстағы ауылдардың біріне ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Ауыл" партиясының мүшесі Ақжол Мейірбеков те барып, іс-шара туралы айтып берді.

"Еліміздегі шалғай ауылдардың бірі – Алматы облысы Кеген ауданы Тұйық ауылының тұрғындарымен кездесіп, "Ауыл" партиясының сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Халықпен кездесу барысында, олар үшін өзекті мәселелердің мән-жайына тоқталып, ұсыныс-пікірлерін тыңдадым. Біздің жұмыс үлкен болды. Іс-шараларда халық "Ауыл" партиясын қолдайтындарын айтып, сенімдерін білдіруде. Мен де осы партияның мүшесі болғаныма мақтанамын. "Ауыл" төрге шықсын!", – деді Ақжол Мейірбеков.

Сондай-ақ, оның айтуынша, "Ауыл" партиясы – үгіт-насихат жұмыстарымен шалғай, шекараға жақын ауылдарды қамтыған жалғыз партия. Үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күндерінен бастап "Ауыл" партиясы алыстағы ауылдардың барлығында болып шықты.

Еске салсақ, көптеген қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен сахна майталмандары "Ауыл" партиясына қолдау білдірді. "Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Бәріміз ауылдан шықтық. Қазақ үшін ауыл не? Ол ең бастысы – демография. Ауыл – асыраушы. Ауыл біздің ұлттық дәстүрдің алтын ұясы.

"Ауыл" партиясы Мәжіліске баратын болса, осыны батыл көтеру керек. Барлық партия, "Аманат", "Ақжол" ауылды қолдау керек. Бәріміз ауылдан шықтық. Қала халықты асырай алмайды. Халықты асырайтын тек ауыл", - деді жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері Дулат Исабеков.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев "Ауыл" партиясын қолдайтынын айтып, ауыл әкімдерін партияға дауыс беруге шақырды.

"Қазіргі таңда ауылда көп проблема шешілмей жатыр. Олардың қатарында тіл мәселесі, ауыз су, жайылым, мал сату, жайлау, қыстау, көктеу, күзеу де бар. Парламентте ауылдың проблемасын білетін адамдар отыруы тиіс. Ауыл және аудан әкімдері басқа партияда емес, нақты жұмыс істейтін "Ауыл" партиясында болғаны дұрыс және сайлауда сол партияға дауыс беруі керек", – деді жазушы.

Белгілі актер, "Шаншар" әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов "Ауыл" партиясын қолдайтынын және сайлауда дауыс беретінін айтты.

"Бір тамшы болса да, ауылға тамсын. "Ауыл" партиясын қолдаймын және сайлауда дауыс беремін. Партия осы жолы Мәжіліске өтсе, ауылды дамытуға бағытталған іс-шараларын қолға алатынына сенімдімін", – деді актер.

Ақын, журналист Мейірхан Ақдәулетұлы да халықты "Ауыл" партиясын қолдауға шақырды.

"Ең алдымен, ауылдың тағдыры дегеніміз – ол қазақтың тағдыры. Ауылға адамдар өздері қызығып, қуанып баратындай жағдай жасау керек. "Ауыл" партиясын халық қолдап, Мәжіліске партиядан көбірек адам барса екен деген тілегім бар", – деді ақын.

Ауылды дамытуды көздейтін партия Мәжіліске өткен жағдайда ауыл мен қала арасындағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметтері сапасындағы айырмашылықты айтарлықтай қысқартуды қолға алатынын атап өткен жөн. "Ауыл" партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылдық елдімекендер инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту мәселелерінде кешенді және жүйелі тәсілді қолдану, ауылдық елдімекендерді газдандыруды ұлғайту және оларды жоғары сапалы интернетпен қамту мәселелері қамтылған.

Тапсырыс беруші: "Ауыл" ХДПП;

"Ауыл" ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Талқылау