Тегеранда құлаған ұшаққа зымыранның тигенін видеоға түсірген азамат ұсталды
"Халықаралық Украина әуежолы" ұйымына тиесілі ұшаққа зымыранның тиюін видеоға түсірген азаматты Иранның ислам революциясын қорңаушы корпусы (КСИР) қолға түсірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дегенмен бұл бейнежазбаны жариялаған журналист видеоны жіберген ол азамат емес екендігін айтыпты. Видеоны түсіріп, оны қалың жұртқа паш еткен тұрғынына мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне зардабын тигізді деген айып тағылуы мүмкін. Оқиғаға байланысты 14 қаңтарда шеруге шыққан 30-дан астам адам және оқиғаға қатысы бар тағы бірнеше адам қамауға алынған.
Иран президенті Хассан Роухани құлаған ұшаққа байланысты істі "ерекше сот" атқарады деп мәлімдепті.
"Бұл оқиға қарапайым қылмыстық іс ретінде жүргізілмейді. Сот барысын бүкіл әлем көре алады", - деп мәлімдепті Иран басшысы.
Ирандық журналист жазықсыз адам жапа шекті деп шырылдауда. Айтуынша, КСИР тағы бір жалған ақпаратты таратпақшы екен.
"Видеоны түсірген адам қауіпсіз орында. Сіздерге айтарым: КСИР барлығымызды жалған ақпаратпен уламақшы", - деп жазыпты Нариман Гариб есімді журналист.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әуедегі лайнерге зымыранның тигені түсіп қалған видео таралған еді. Артынша Иран үкімет шынымен де ұшаққа зымырандық шабуыл жасалғанын растаған.