Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тартып алды": Жамбыл облысында кейуана немересін қайтара алмай жүр

Немеремді тартып алды! Аяқ асты қызынан туған баласынан көз жазып қалған жамбылдық әже көмек сұрады. Кішкентайынан бағып-қағып отырған жиенін әлдекімдер күштеп тартып әкетіп, Тараздағы балаларды қолдау орталығына орналастырған. 

Эсмира анасынан 7 жасында айырылып, тұл жетім болып қалған. Әкесі де өмірден озғандықтан, Жуалы аудандық соты оны осыдан бес жыл бұрын нағашы әжесінің қамқорлығына беріпті. Ес білгелі Базаркүл Орынбаеваның тәрбиесінде болған жеткіншек кейуананы «мама» деп атап кеткен. Алайда олардың берекелі өмірі бір жарым ай бұрын өзгеріп сала берген. Белгісіз біреулер келіп, әкімдіктенбіз деп, баланы әлеуметтік орталыққа жетектетіп әкеткен, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы"

«Сол күні шай ішіп отырғанбыз. Сол кезде келіп, бірден бас салды. «Бұл жерде өмір сүре алмайсың. Қазір алып кетеміз. Бұл жақта жақсы»,-  деді. Дегенмен анама қайтқым келеді», - дейді кейуананың немересі.

Эсмираны бір айлығында бауырына басқан Базаркүл әже жыларман болып отыр. Баладан көз жазып қалған ол әкімдік өмірімнің мәнін жоқ қылды деп қапалы. Ешкімнен қайыр тілемедім, ел қатарлы баланы тәрбиелеп келдім, дейді.

«Мен жетімдігімді енді біліп отырмын. Мен енді түсініп жатырмын. Сізге қайтамын», - дейді немерем. 9-ы шешім шығатынын айтсам, алдайсыз деп сенбейді», - дейді Базаркүл Орынбаева.

Алайда, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын орган қыздың жайсыз отбасында тәрбиеленіп келгенін алға тартып отыр. Базаркүл Орынбаеваны ата-аналық құқынан айыру үшін сотқа да арызданған. 

«Қыздың өзі адамдардың қасына қайта-қайта алты айлық баланы көтеріп келіп, көзі жәудіреп тұр. Қорғаншысы мас еді. Біз ол мәселені біліп тұрып, қызды тастап кетуге мүкіндігіміз болмады», - дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықова.

Үйіне қайтқысы келетін Эсмира да, ботадай боздаған әже де сот шешімін күтуге мәжбүр. Шешім бүгін, яғни 9-шы шілдеде шығады деп күтілуде. Отырыс жабық түрде өтпек. 

Талқылау