Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүргізуші Ермек Шөкебаева кінәлі": Алматыда автобус апатынан қаза тапқан жәбірленушінің жұбайы сот әділ өтпегеніне наразы

Алматының Наурызбай аудандық сотында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Судья жолаушы Ахметжановқа қатысты үкім бүгін шығатынын айтты. Stan.kz cайты сот отырысына келген жол-көлік апатынан қаза болған Альменбаев Айдостың жұбайы Айнұр Кусаиновамен сөйлесіп көрді. Жәбірленуші сот әділ өтпеді, бір жақты өтті деп отыр. Үш қызымен жалғыз қалған әйел бүкіл сот, прокурор, адвокаттардың бәрі автобус жүргізушісі Шөкебаеваның құқығын қорғады деп наразы.

Фото: Сот отырысынан скриншотСот отырысының эфирінен скриншот

Жол-көлік апатынан сол күні қайтыс болған Альменбаев Айдостың жұбайының айтуынша, сот процесі басынан, тергеу кезінен бастап дұрыс жүрмеді. Өтірік айғақтардың бәрін тықпыштап, шын айғақтың бәрін айтпады дейді.

“Бұл жерде кімге қанша бергенін білмеймін ғой, оны бір Алла біледі. Төленді ме екен, төленбеді ме екен. Менің олай прокурорды сатып алатындай ақшам да жоқ. Әйтеуір автопарк сенімді отыр, жүргізуші сенімді отыр. Көріп отырсыздар ғой, әр сот отырысына тойға келгендей келеді. Мұнда көп нәрсе жалған. Ата-анасы кеткен бала тұр. Төртеуі де жетім қалды. Оны көрген адам бар, көрмегені бар, араласатын адамдар бар. Солар ғана біздің әрі қарай қалай өмір сүріп жатқанымызды, ашығын айта алады. Мен үш қызбен қалдым... қалай келісемін, айтыңызшы? Келісе алмаймыз. Бір жақты қарады. Бір жақты болмауы керек қой. Екі жақты қаралуы керек еді”, – деп күйінді Айнұр Кусаинова.

“Жүргізуші сол кезде-ақ өзінің кінәсіз шығатынын білген”

Бұл сөзге Айнұр Кусаинованың анасы Гүлмира Кусаинова да қосылды. Олар басынан сот отырысына қатысып, оның әділ өтетініне сенген. Енді заң өкілдерінен көңілі қалып, қайда жүгінерін білмей отыр. Жәбірленушілердің сөзінше, сотталушы Дархан Ахметжанов емес, автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева кінәлі.

“Ақшасы жоқ Ахметжановты соттаймыз деп отыр. Бір жақты ғана қарап отыр. Ал Шөкебаева бұл сотқа келіп те жатқан жоқ. Арасында келмейді да. Бірақ автопарк тіреп тұр ма әлде басқа адамдары тіреп тұр ма, жоғарғы жақтан хабарласты ма... Қазақстан сотына сенудің еш қажеті жоқ екен. Мұның бәрі әлдеқашан алдын ала шешілгендей. Шөкебаева менің баламнан басқа екі адамды қағып кеткеннен бастап-ақ жолаушыға “Сен сотталасың!” деп айтқан. Жүргізуші сол кезде-ақ өзінің кінәсіз шығатынын білген. Адвокаттар да айтып жатыр. Өткеннен бері келіп жүрміз. Өтірік сот екенін білгенде келмеуші едік. Біздің Қазақстанның сотының бәрі сатылып кеткен екен. Басымызды кесіп алса да, шындықты айтайық”, – деді Гүлмира Кусаинова.

Жәбірленушілер үкім қандай болатынын шамамен біліп тұр. Себебі бүгінгі соңғы сот отырысына жүргізуші Ермек Шөкебаева келмеген. Дегенмен жәбірленуші тарап істі апелляцияға бермек.

“Үкімі де белгілі. Бүгін Шөкебаева сот отырысына келген де жоқ, сот та оны сұрамады, прокурор да сұраған жоқ. Міне, басынан прокурор да, сот та – бәрі Шөкебаеваның жағында отыр. Автопарк Алматыны тіреп тұрмын дейді ғой. Бәрі Шөкебаеваның адвокаты боп кетті. Оған ешқандай шаң жуытпайды. Ол ешқандай адам қаққан емес дейді. Апелляцияға береміз. Бас прокуратураға береміз. Бәрі өзінен өзі болып кеткен жоқ қой. Олардың айтуынша, үшеуі сол күні барыпты да, автобустың астына түсіп, өліп қалыпты. Автобустың мүлдем қатысы жоқтай, кінәсі жоқтай. Шөкебаеваны камерадан көрсеткенде ауруханада өтірік жатқан”, – дейді жәбірленушілер.

“Жүргізушінің бұрын қылмысы болған...”

Кусаиноваға бір танысы жүргізушінің бұрын қылмыс жасағанын айтыпты. 

“Бүгін бір блогер танысыммен сөйлестім. Атын атай алмаймын. Сол маған "жүргізушінің сол автобусты айдауға қалай жұмысқа тұрғанын сұрамай ма?" дейді. Себебі бұрын ол троллейбус айдағанда жасаған қылмысы бар дейді. Қазір Ермек Шөкебаева №67 автобустың жүргізушісі. Осы оқиғалардан соң оны көлік жүргізу құқығынан айырмай ма, қалай сонда? Бір емес, үш адам өлімі бола тұра оған ешқандай жаза қолданылмай ма?

Біз алып келген куәгер де бәрін ашық айтып отыр. Сот ешкімге қызық болған жоқ. Біз мына жерге кеп жыладық, сот шынымен өтеді деп ойладық. Бізге көмектесе ме деген тергеуші Алмалы ауданының тергеушісі Болат Оразаев та алдап кетті. Сөздің ашығын айтқанда спектакль болды”, – деп күрсінді әйел.

Айнұр Кусаиноваға желі қолданушылары “Ахметжанов саған ақша беріп қойды ма?” деп пікір жазатын көрінеді. Жәбірленуші “100 теңге төлей алмаған адам маған қайдан ақша берсін?” деді.

“Ахметжановтың кінәсі жоқ деп ойлаймын. Ол 7 айлық баласына бара жатып нақақтан нақақ сотталып отыр. Өте өкінішті. Маған желіде "Ақша беріп қойды ма саған?" дейді. Өзі жолына 100 теңгесін төлей алмаған адам маған несін береді, қандай ақша береді? Бұл жерде жай ғана адами фактор. Осылай болып отыр”, – деп түйіндеді жәбірленуші.

Айта кетейік, бұған дейін айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрап жылап қалған еді. Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушы Ахметжановты заңсыз әрекеттері үшін кінәлі деп тануды және оны қылмыстары үшін 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқаны туралы жаздық. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Полиция автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғаған еді. Сотталушы “бұзақылық” бойынша ғана кінәсін мойындайтынын айтты. 

Талқылау