Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихы мен дәстүрі: Қазақ халқы қызды қалай тәрбиелеген?

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», – дейді дана қазақ. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын – жаны нәзік қыз баласы. Соны білген текті халқымыз қыздың тәлім-тәрбиесін, мінез-құлқы, жүріс-тұрысын баса назарда ұстаған.

FzHVh7rH44HifMW0y80nJ6Nmwub7Et

Көненің көзі, асылдың сынығындай қариялардан байырғы қазақ қоғамындағы қыз бен бүгінгі қыз тәрбиесіндегі алшақтық жөнінде жиі естиміз. Тарих парақтарына үңілгеннен кейін де сана сарабынан өткізіп, бұл алшақтыққа өзіміздің де куә болып жатқандығымыз аз емес. Аузын ашса зілі батпандай кесек сөздер мен балағат-былапыт төгілетін, бет жыртысып, шаш жұлысқан қара көздерді көргенде, «қазақ қызы» атауынан бұрын, қыз деген сөзді айтуға арланатынымыз жасырын емес. Ішіңді ашу-ыза кернеп, санаңды «Нені ескермедік? Нені жіберіп алдық?» деген ойлар шырмайды. Расымен де, текті елдің ұрпағы қыз тәрбиесінде нені ұмытты? Нені ескермеді? Бұл сұрақ төңірегінде «Асыл мұра» бағдарламасы ой өрбітті.

Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып жат жұртқа жіберетін әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан қызын барынша аялай, мәпелей отырып ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі, мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екендігін жете түсінген. Бұл тақырып аясында сөз қозғаған этнограф Тәттігүл Қартаева қыз тәрбиесінің нәзік те терең тұстарын тілге тиек етті.

«Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне үлкен мән берген. Қызды әрқашан да қонақ деп, төрге отырғызған. Ол ешуақытта өз әке-шешесінің үйінде төменге отырмаған. Себебі қыз төрге отырса, байимыз, құтымыз өзімізде болады деген сенім болған. Қыз – жат жұрттық. Өскеннен кейін ұзатылып, басқа босағаға баратын болғаннан кейін, қызға, қыздың тәрбиесіне кішкентай кезінен үлкен мән берген. Тіпті, қазақ халқының ерекшелігі, қыз бала дүниеге келгенде-ақ жұмбақтап: «Шырақжағарым келді», – деп айтқан. Себебі адам о дүниеге өткеннен кейін, байырғы, исламға дейінгі дәстүр бойынша қырық күнге дейін сол үйдің әйелі, қыздары қайтыс болған ер адамның артынан шырақ жаққан», – дейді этнограф Тәттігүл Қартаева.

тпмлватли

Халқымыз қыздың мінез-құлқымен қатар киім киісін де назардан тыс қалдырмаған. Қыздың болмысына, эстетикалық талғамына ықпалынан бөлек, қазақ қызы киген киімнің біз біле бермейтін басқа да мәні, сыры бар екен.

«Қыз баланың киіміне, оның әшекейіне де қатты көңіл бөлген. Үш-төрт жасынан-ақ қыз балаға бала білезік соқтырып, қолына таққан. Құлағына сырға таққан. Басына тақия кигізіп, тақиясын әр түрлі күмістермен, моншақтармен әшекейлеген. Басына үкі таққан. Мұның барлығы – қыз баланы көз тиюден қорғау. Және кішкентай кезінен қыз баланың эстетикалық талғамын қалыптастырған. Жалпы, қазақ халқында киімнің, әшекей-бұйымның қымбатын қыздар киген», – деп түсіндіреді этнограф.

Қызына киімнің қымбатын киігізіп, етік-жеңін қымтауды, ар-ұятты бойына сіңірген ата-бабаларымыз қыз баласының тал бойындағының барлығын қалтарыс қалдырмаған. Бүрмелі қос етек көйлек, бешпет, тақиясын кигізіп, беліне түскен салалы бұрымын әсемдеп өріп, шолпы таққан. Қыздың шашына да айрықша мән берілгенін әжелеріміздің әлі күнге дейін шашын тас қып өріп, түскен әр шашын жинап жүретінінен-ақ аңғаруға болады. Шаш жаю – қазаққа, қазақ ұғымына жат құбылыс. Елін жау шауып, иесіз қалғанда және күйеуінен айырылғанда әйелдер шаш жайып, жоқтауын, зар-мұңын айтып жылайтын болған. Жоқтаудан алынған «Қара бір шашым жаяйын, жаяйын да жылайын» деген жолдар соған айғақ. Бүгінде оның да ескерусіз, елеусіз қалғаны бар. Тек көненің жұрнағы ата-әжелеріміздің жалбыраған шашты жақтырмай, әжімді қабағын тырыстырғаны ұлт болмысының ұшығын көрсететіндей.

«Қыз бала шашын еш уақытта жаймаған. Қос өрім, бір өрім, тіпті бірнеше өрім қылған. Ал қыз баланың бұрымы шолпысыз болмаған. Қыздардың шашына міндетті түрде шолпысы тағылады. Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосып, қыздың әдемі жүріс-тұрысына шолпысы әсер еткен. Қыз баланың кеудесіне міндетті түрде тағылатын – алқа, тұмарша, өңіршек, үкіаяқ қыздың әсемдікке құмарлығын, эстетикалық талғамының жоғарылығын қалыптастырған. Қыз баланы көз тиюден қорғауға байланысты кеудесіне әшекей, шашына шолпы таққан. Адам жанынының бір ұшы шашының ұшында мекендейді деген наным-сенімге байланысты шашты еш уақытта әшекейсіз, зергерлік бұйымсыз ұстамаған», – деген Тәттігүл Қартаева нәзік, астарлы ұғымды аша түсіндірді.

381adef4785b635e440b690978493fb6

Сондай-ақ қазақ танымында қыз баласының болмысы қандай нәзік болса, оған қатысты мәселелердің барлығы да соншалық нәзік. Басынан құс ұшырмай, алақанында аялаған қазақ ұзатылған қызға барған жеріне «тастай батып, судай сіңуін» бар жүрегімен тілесе, шаңырағынан ұзамаған қыз жайлы жұмсақ қана «оң босағада отыр» дейді.

«Жалпы қазақ халқында «Қызды оң босағаға отырғызды» деген сөз теңеумен айтылған. Босаға – қашаннан да қасиетті. Киіз үйдің босағасы – қасиетті орынның бірі. Ал «оң босағада отырды» деген сөз қыздың босағада отыруын емес, қыздың өз әке-шешесінің үйінде тәрбиеленіп жатқандығын, әлі ұзатылмағанын білдіреді», – дейді этнограф.

Өзгенің бағына бұйыратын қыздың өз шаңырағынан, ата-ана құшағынан жат жұртқа аттануы да – ерекше назар аударуды талап ететін мәселе. Күнделікті киер киіміне бей-жай қарамаған ұлтымыз үлбіреген қызы ұзатылар шақта барын аямай, сән-салтанатпен аттандырған.

«Үкі қыздың оқ жақта отырған кезіндегі бір атрибуты секілді болған. Ұзатылатын қыз үлде мен бүлдеге оранған. Күйеу жігіттің әкесінің берген қалың малын қыздың әкесі түгелімен қыздың жасауына, киіміне жұмсаған. Қалың малдың бір бөлігін алған кезде малды сатып, қыздың киіміне тапсырыс береді. Арнайы тігіншіні үйіне шақырып, ас-тағамын беріп, айлап күтіп, қыздың ұзатылар киімін дайындаған. Қыздың сәукелесіне арнайы тапсырыс берген. Сәукелеге тігінші де, зергер де өзіндік үлесін қосады. Ол – екі шебердің, екі кәсіп иесінің қолынан шығатын туынды. Әрине, сәукеле жасауға үлкен мән берілген. Сәукеле арнайы да тіктіріледі, ал кей жағдайда қыздың жеңгесінің сәукелесін киіп ұзатылатын кездер болған. Жеңгесі болмаса, қызға арнайы сәукеле тіктіріледі. Сәукеле – ұзатылатын қыздың бас киімі, яғни ұзатылу үшін арнайы жасалған бас киім. Сондықтан сәукелені тігіп болғаннан кейін сый-кәделер жалғасқан. Сәукеле дайын болған кезеңде қыздың жеңгелері күйеужігіттен сүйінші сұратады. Алдымен жеңгелері киіп көріп, қыздың ағаларынан, әке-шешесінен, ата-енесінен, қайын аға, абысындарынан байғазы алған», – дейді Тәттігүл Қартаева.

c61ac1c6c362b836b870585d809d7614_big

Ел ішінде «Қызы бар үйдің бізі бар» деген мақал сақталған. Шалғайда әлдекімнің тәлім-тәрбиесімен, ізгілігімен, сұлулығымен аты шыққан қызы болса, бір топ адам тек жүргендей барып, сол үйге түсетін болған. Құдандалы болудан дәмелі топ әңгіме жарастырып, ауқаттанып, аттанар шақ жақындағанда отырған орнына біз шаншып кетеді. Қонақтар ұзағаннан соң көрпе-жастығын жиыстырған қыз үйі шаншылған бізді тауып алып, келген адамдардың ниетін аңғарған. «Біз шанышар» аталатын бұл дәстүрден кейін, екі ел құда атануға уағдаласқан жағдайда «Құда түсу» орын алады. Дәстүр-салтының бәрі тазалыққа негізделген елдегі жігіт пен қыздың жүз көрісуі, тілдесуі де сондай мөлдір, сондай пәк құбылыс.

«Құда түсу тойынан кейін күйеу жігіттің ұрын келуі жалғасаы. Ұрын келу ойын-сауықпен, үлкен тоймен, әдет-ғұрыппен жалғасқан. Күйеу жігіттің ұрын келуі, қызды көруі, сөйлесуі, оңаша кездесуі, барлығы әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен ұйымдастырылған. Күйеу жігіт ұрын келді деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол ауылға бірден баса-көктеп келмеген. Тасалап, ауылдың жиегіне тоқтаған. Ауылдың шетіне қос тігіп отырған. Күйеу жігіт жеке келмеген. Қасына жора-жолдастарын ерткен. Өзі де, жора-жолдастары да екі қалтасын сақина, білезік, орамалдар, яғни сыйлықтарға толтыра келген. Жора-жолдастары күйеу жігіттің ұрын келуіне байланысты қыздың жеңгелерінен сүйінші сұраған. Жеңгелері қызбен кездестірмес бұрын күйеу жігіт тоқтаған қоса барып, «ентікпе» аталатын сыйлығын алған. Бойжеткенмен кездестіретіндерін айтып, сыйлығын алып, арнайы құрметтеп ауылға шақырады. Күйеу жігіттің ұрын келуіне арнайы үй тігіледі. Ауылдың жастары, көрші ауылдың қыз-жігіттері ұрын келу тойына жиналған. Ұрын келу тойында бірнеше ойын-сауық ұйымдастырылады. Қыз бен жігіт арасындағы айтыс, «Қыз қашар», «Алтыбақан», «Ақсүйек» және тағы басқа ойындар осы тойда ұйымдастырылған», – деген этнограф ата дәстүріміздегі отау құру мәселесінің жөн-жосығын баяндап берді.

Тек қыз, қалыңдықтың ғана емес, күйеу жігіттің де киімі сән-салтанатқа толы болған. Отау құруға ниеттенген ерлердің киім киісі өзгесінен ерекшеленіп тұрады.

«Ұрын келуге аттанар кезде күйеу жігіттің анасы, жеңгелері оның киіміне мән берген. Арнайы бешпент, жарғақ шалбар тігеді. Байырғы қазақ қоғамында той-томалаққа арналған «бір киер» аталатын сәнді киімі болған. Оны той-томалаққа, көшке шыққан кезде киеді. Қазақтар көшке шыққан кезде ескі киім кимеген. «Жаңа қонысқа сән-салтанатпен барайық» деген жақсы ырыммен барлығы сәнді, «бір киер» киімдерін киіп көшкен. Сол сияқты қазақ жігіттерінің, қыздарының киімдері арзан болмаған. Ұрын тойға келе жатқан жігіт сері болса, үкілі бөрік киген. Ал батыр, жауға шауып жүрген, әскер қосынындағы жігіт болса, қауырсын, үкі тағылған дулыға киіп барған. Жалпы «бір киер» сәнді киіммен келген», – дейді этнограф.

Аңғарғанымыздай, қыз өсіру, ұзату мәселелері халқымыздың санасында нәзік иірімдерге, астарлы дүниелерге толы. Қыздың тал бойынан бастап өзге шаңыраққа келін болып түсуіне дейін тұнып тұрған тазалық. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейтін текті халық қыз тәрбиесіндегі ана рөлін басып айтқан. Бұл ретте бойжеткеннің мінез-құлқы, тәрбиесіне жеңгелерінің де ықпалы зор екенін айта кету керек.

54fbeea58b892

«Қазақтың дәстүрлі қоғамында жеңге институты қыз тәрбиесінде маңызды рөл атқарған. Қыздың жеңгелерінің барлығы қайын жұртын, күйеуінің туыстарын атымен атамай, басқа жанама ат қойған. Ал қыз бала ұзатылмаған күннің өзінде болашақ күйеуінің туыстарын атымен атамаған. Жеңгелерінен, шешесінен көргені оң жақта отырған қыздың тәрбиесіне үлкен әсер еткен», – дейді этнограф Тәттігүл Қартаева.

Демек анасынан, жеңгелерінен үлгі-өнеге, тектілік тәлімін сіңіріп өскен қыз баласы өзге шаңыраққа бақ болып, құт болып қонып, жарының ойын, жүрегіндегісін көз-қабағынан таныған аяулы жар, кәусәр, тұма бұлақ болмысымен ұрпағын сусындатқан ардақты ана, қайын сіңлілеріне мінез-құлқымен аты ұлы, болмысы дара «қазақ әйелінің» бітімін насихаттаған өнегелі жеңге бола біліп, күллі елдің тәрбиесіне, тектілігіне үлес қосып, келешегінің іргетасына алтындай кірпіш болып қаланған. Содан болар, «Қазақ әйелі» деген ұғымның өзі биік, өзі дара.

Талқылау