"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
Фото: @ospanali Instagram парақшасынан алынды
2019 жылы 13 қаңтарда Қарағанды облысы “Охотзоопром” кәсіпорнында браконьерлердің шабуылынан табиғатты қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиев қаза тапқан еді. Ал оның жанында әріптесі Петри Ницык болған. Ол да ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Арада 6 жыл өтсе де ел жадында сақталып келе жатқан іске қатысты Stan.kz шолу жасап көрді.
Бәрі неден басталды?
Қайғылы оқиға 6 жыл бұрын Қарағанды облысында болған.
Тергеу мәліметінше, 2019 жылы 11 қаңтарда күдіктілер киіктерді заңсыз аулау мақсатында Қарағанды облысына келген. 13 қаңтарда браконьерлер 17 жануарды атып өлтірген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 45 миллион теңгеден асқан. Күдіктілер жануарлардың өлекселерін бір көлікке тиеп, мүйіздері мен қаруларын екінші көлікке салып, алып келе жатқан. Дәл сол күні инспекторлар Петр Ныцик пен марқұм Ерлан Нұрғалиев дәл сол аумаққа барған. Олар аумақты тексеру кезінде өліп жатқан бірнеше ақбөкен пен көлік ізін көрген. Бұдан кейін олар нөмірсіз Toyota Land Cruiser маркалы екі жол талғамайтын көлікті көзі шалған. Сосын соңынан қуған.
Ал аңшылар Сержанов пен Севергин күдіктілердің екінші көлігінің соңынан кеткен. Жолда олардың қызметтік көлігі қар құрсауында қалып, шабуылшылар қуғыннан аман қалған. Бұл кезде Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык күдіктілердің көлігіне ілесіп жүрген. Олар өздерінің қызметтік қаруын қолданып, қылмыскерлер көлігінің жанармай багын тесіп, сол арқылы тоқтатқан.
Олар тексерту ретінде бірнеше рет оқ атыпты, алайда заңбұзушылар оларды елемей, жасырынған. Кейін олар көлікке жетіп, тоқтатқан. Тексеру кезінде браконьерлер инспекторларға шабуылдаған. Көліктен екі жігіт пен жүргізуші қарумен шығып, ата бастаған.
Браконьерлерді нысанаға алған Ерлан Нұрғалиев карабинмен қаруланған қылмыскерлерден көліктің кілтін алмақ болған. Осы кезде жүргізуші күтпеген жерден инспектордың бетінен жұдырықпен ұрып, мылтығын тартып алған. Олардың арасында төбелес шығып, нәтижесінде инспектор мен күдікті қарға құлаған. Шабуылдаған ер адам инспектор Нұрғалиевтің кеуде тұсынан бірнеше рет ұрған. Бірақ инспектор оны құлатып, қарсылық танытқан. Сол кезде басқа екі күдікті Петр Ницыкке шабуыл жасаған. Оны мылтық дүмімен аяусыз ұрған. Басынан қатты соққы алған Петр жерге құлап, есінен танып қалған. Оның басындағы қанды көрген күдіктілер оны өлді деп шешіп, Ерлан Нұрғалиевке шабуыл жасаған. Олар инспекторды мылтықтың дүмімен бірнеше рет ұрып, олардың көлігі мен штурманның кілтін тартып алып, қылмыс орнынан бой тасалаған.
Кейін Петр Ницык оянып, артына бұрылса серігі Ерлан Нұрғалиев қарда етпетінен жатқан. Екеуінен де қан саулап аққан. Қанды тоқтату үшін басын футболкамен орап, бас киім киіп алған. Ал серігінің басын полиэтилен пакетпен орап, оны әрең дегенде дөңгелекке қарай сүйреп әкелген.
Ол рация арқылы екінші экипажбен байланысқа шыққан, бірақ браконьерлер алып кеткен GPS құрылғысының жоқтығы зардап шеккендердің нақты орнын анықтауды қиындатқан. Полицияға оқиға жайлы сағат 18:10-да хабарланған, ал жаралыларды тек сағат 20:30-да таба алған. Мұнан кейін оларға әріптестері келіп, дәрігерлерді шақырып, алғашқы көмек көрсеткен. Екеуі де ауыр жарақатпен №1 қалалық ауруханаға жеткізілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, инспектор Нұрғалиев ауыр ми жарақатын алып, комаға түскен. Дәрігерлер оған жасанды тыныс алдыру аппаратын қосуға мәжбүр болған.
Алайда бұл үміт ұзаққа созылмады. 15 қаңтарда Ерлан Нұрғалиев есін жимастан ауруханада қайтыс болған. Оның әріптесі Петр Ницык жарақатынан айығып, бұл іс бойынша басты куәгер саналған.
Марқұм туралы не белгілі?
Ерлан Нұрғалиев Ақмола облысында 1966 жылы дүниеге келген. 2012 жылдың наурызынан бастап "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК Қарағанды тірек пунктінде Орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарған. Оған дейін Ішкі істер министрлігінде ширек ғасыр қызмет атқарып, Нұра ауданында учаскелік полиция қызметкері болып, зейнеткерлікке шыққан. Ол бірнеше жыл бұрын әйелінен айырылған. Үшінші рет ата атанғалы жатқан. Алайда инспектор күтпеген жерден, браконьерлердің шабуылына ұшырап, қаза тапты.
Кейін Мәжіліс депутаттары тарапынан инспектор Ерлан Нұрғалиевқа "Халық Қаһарманы" атағын беру туралы ұсыныс айтылды. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмады. 4 ақпанда оның "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы" Жарлығы жарияланып, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін:
"Охотзоопром" орталық өңірлік филиалының инспекторы Петр Ницык пен марқұм Ерлан Нұрғалиев III дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.
Инспектордың қазасы шетелдік БАҚ беттерінде
“Охотзоопром” инспекторларына браконьерлердің шабуылдау оқиғасы әлем назарынан тыс қалған жоқ. Әлемдік БАҚ-та ақбөкендерді қорғаған инспектордың өлімі туалы айтылды. Инспектор Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык BBC арнасындағы видеосюжеттің кейіпкері болды.
BBC журналисі Абдужалил Абдурасулов “Табиғатты қорғау “Охотзоопром” агенттігінің тарихында алғаш рет браконьерлер мемлекеттік аңшыны өлтіргенін жазды. Нұрғалиевтің өлімі қоғамда дау тудырып, адамдар биліктен қылмыскерді жазалауды талап еткені айтылды.
Мамыр айындағы түсірілім кезінде аңшылар браконьерлердің өздерінен де мықты қаруланғанын айтқан еді.
Инспектор Ныцик өзінің Макаров пистолетін көрсетіп, оларды қорқыту ретінде пайдаланатынын айтқан. Шабуыл кезінде қорқыту үшін оқ атқанын жеткізген.
Қарағанды облысында браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың денесі жер қойнына тапсырылды
Қылмыскерлер туралы не белгілі?
Ерлан Нұрғалиевтің қазасына қатысты 7 адам анықталған. Дегенмен оның үшеуі ғана айыпталған. Ал екінші көліктегі қашып кеткен 4 адам заңсыз аң аулағаны үшін тергеліп, іске куәгер ретінде қосылған. Кейіннен марқұмның достары 4 азаматтың аяқ асты куәгер болып кеткеніне күдіктенетінін айтты. Нұрғалиевтің жақындарының сөзінше, олар ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін. Сондай-ақ олар істің жылы жабылуынан қорқып, іске президенттің араласуын сұрады.
Кейіннен БАҚ беттерінде ресми түрде екі көлікте үш браконьер болғаны айтылды. Оларды сол жылы 21 қаңтарда тапқан. Күдіктілер Қызылорда қаласындағы жеке үйлердің бірінде бой тасалаған екен. Айыпталушылардың жасы 33 пен 53 аралығында. Барлығы Қызылорда облысы, Қарауылтөбе ауылында тұрған және бұрыннан бір-бірімен таныс адамдар.
Күдіктілер қандай жаза арқалады?
2020 жылдың ақпан айында қылмысқа қатысқан барлық 7 браконьерге сот үкімі шықты. Олардың ішінде, Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіковке ең жоғары жаза тағайындалды. Олар өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Қалған төрт қылмыскер заңсыз аң аулағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ Базаров Б. М., Қайырбеков Б. С., Мырзабаев Ж. К. және Әкімов А. У. бес жылға мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот сотталғандарға моральдық және материалдық зиян үшін зардап шеккен инспекторға және қаза тапқан қорықшының туыстарына өтемақы төлеуге қаулы етті.
Қылмыскерлер Петр Ницыктың пайдасына 500 мың теңге материалдық шығын және моральдық зиян үшін 6 миллион теңге төлеуі тиіс болды.
Қайтыс болған Ерлан Нұрғалиевтің ағасының пайдасына 500 мың теңге материалдық шығын және 9 миллион теңге моральдық шығын төлеу бекітілді. Ал қорықшының ұлының пайдасына сотталғандар 1 миллион 890 мың теңге көлемінде материалдық шығын және 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлейтіні айтылды.
Бұдан басқа, барлық сотталғандардан ақбөкенді ату салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 89 миллион 763 мың 750 теңге көлемінде материалдық залал мемлекет пайдасына өндірілді.
Қайғылы жағдайдан соң бұл салаға қатысты не өзгерді?
Аталған қайғылы жағдайдан кейін елімізде аңшыларға қатысты Қылмыстық кодекс қатаңдатылған. Мұны "Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау кәсіпорны" мемлекеттік мекемесінің директоры Мақсат Мұханов айтты.
"Біз қорықшыларды "жануарлар дүниесін қорғау инспекторлары" деп атаймыз. Оларды әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің санатына теңестірді. Бұл қадам қорықшылардың өздерін анағұрлым қорғалған сезінуіне мүмкіндік берді. Қазір Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігінде Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар мен қорықшылардың өміріне қастандық жасау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ 380-баптың 2-бөлігінде қорықшыларға күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – дейді Мұханов.
2019 жылы "Охотзоопром" инспекторының қазасы саланың материалдық және әлеуметтік мәселелерін қозғады. Тексеру нәтижесінде инспекторлардың айлық жалақысы 70–90 мың теңге ғана болғаны және материалдық қамтамасыз ету деңгейі жеткіліксіз екені анықталды. Кейбір өңірлерде техника тозуы 75 пайызға жеткен. Арада бес жыл өткен соң жағдай түбегейлі өзгерді. 2023 жылдың күзінде жалақы 100%-ға артқан. 2023–2025 жылдар аралығында бұл мақсатқа бюджеттен 38 миллиард теңге бөлінген.
Айта кетейік, оқиға 13 қаңтарда Қарағанды облысында болды. “Охотзоопром” кәсіпорнының қызметкерлері өлтірілген сайғақтардың терісін табады. Кейін ізге түсіп, екі көлікті тоқтатады. Тексеру кезінде браконьерлер олардың өзіне шабуылдайды. Екі ер адам да ауруханаға түсті. Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өмірі үшін дәрігерлер соңына дейін күресті. Алайда Нұрғалиев комада көз жұмды. Ал аман қалған инспектор оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
