Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кейбірі сәбиінен, кейбірі анасынан айырылып жатады": Қазақстандықтар перзентхана алдында дүбірлі той жасайтындарды сынады

Перзентхана алдында дүбірлі той жасау қаншалықты дұрысФото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Лимузин, ансамбль, аниматорлар жалдап, перзентхана алдында дүбірлі той жасау бүгінде сәнге айналған. Алайда қазақстандықтар желіде мұндай әрекет сәбиінен немесе анасынан айырылып жатқан өзге жандарға ауыр тиетінін айтып, қарсылықтарын білдіруде. Мамандар да перзентханадан шығып жатқан әйел мен сәби денсаулығына топ болып жиналғандар қауіп тудыратынын жасырмады. Қуанышты жар салып, перзентхана алдында дүбірлі той жасау қаншалықты дұрыс? Stan.kz тілшісі мәселені зерттеп, мамандар кеңесін сұрады. 

Перзентхана алдында дүбірлі той жасау қаншалықты дұрыс

Фото: Желіден скрин

“Сәбиім жансақтау бөлімінде қалды: Жабығып шыққанымда аниматорлар дөрекілік танытты”

Алматылық Анар Мейренбекова перзентхана алдында дүбірлі той жасауға қарсы. Ол тұңғышын дүниеге әкелген сәтте де үйіне еш шусыз шыққанын айтады. Ал екінші сәбиін босанғанда шырылдап жансақтау бөлімінің ортасында жүрген. 

“2024 жылы қазан айында екінші баламды 5-перзентханада босандым. Менде жедел кесарь тілігі болды. Босанғаннан соң шығатын күні сәбиімнің жағдайы нашарлап, жансақтау бөлімінен интенсивті хирургия бөліміне ауыстырды. Перзентханадан баласыз шығып бара жатқанымды бәрі көрді. Медбике барлық заттарымды астына түсіріп беріп көмектесті. Есік алдында күйеуімді күтіп тұрған кезімде бір топ аниматорлар жүр екен. Күйеуім сыртымнан киетін жылы киім әкеле жатыр ма екен деп қарағаным сол еді. Жаңағы аниматорлар маған дөрекілік танытып: “шықсаңыз шығып кетіңіз, болмаса отырыңыз деп”жекіді. Олар баласыз шығып келе жатқанымды, ешкім күтіп тұрмағанын көріп тұр. Дәл сол кезде ішкі жағдайым да өте нашар еді. Сәбиімнің аман қалуы 50/50 болды”, – деді ол.

Анардың айтуынша, күнде сәбиінің амандығын білу үшін барған кезде есік алдында шулап жатқандарды көру жаман сезім қалдырады.

“Тіпті босанып шыққан әйелге де бұл ұнайды деп айта алмаймын. Себебі үлкендер келіп былшылдатып сүйеді, бәрі келіп сәбиді көреді. Ал қырқынан шықпаған бала үшін бұл өте қауіпті. Егер туысқандар қатты жақсы көріп, уайымдайтын болса, одан да той жасағанша мұздатылған дайын тағам өнімдерін әперсін. Сосын ана мен балаға арналған “Қалжа” орталықтар бар, соған жіберсін дегім келеді. Себебі әйел шынымен үйге шыққаннан соң тірліктен күтінуге уақыт таппай қалады. 

Өзім тұңғышымды босанған кезде ешкімді шақырған жоқпын. Күйеуім келіп, гүлімен шарымен қызымызды тып-тыныш алып кетті. Бірден үйге барып демалдық. Қайын әпкем мен анам келіп балаға қарасты. Бірінші босанғанымда да, екінші босанғанымда да мекеме алдында дүбірлетіп той жасауды құптамадым. Себебі өзің сыртыңнан бәрі жақсы сияқты көрінгенімен іштей барлық жерің ауырып қиналып тұрасың ғой”, – деп қосты ол.

“Сәбиді барлығы көріп, сүйгеннен герпес, инфекция вирус жұғады”

Ал Алматы акушерлі-гинекология және перенатология ғылыми орталығының дәрігері Мөлдір Бекмолдақызы перзентхана алдында көп адамның жиналуы жаңа туған сәби мен анаға түрлі инфекция, вирус тарататынын алға тартты.

“Санитарлық тұрғыда, саналы тұрғыда ойласақ, мұндай шараларды құптай алмаймын. Себебі перзентхана да аурухана. Бұл жерде адамдар көп жиналған сайын инфекцияның таралу қаупі де көбейе түседі. Акушер ретінде әйелдерді және жаңа туған сәбилерді ойласақ, мұндай нәрселерге тыйым салған жөн деп есептеймін. Себебі босанғаннан соң әйелде сәбиін 9 ай бойы көтерген орны жаралы күйде болады. Ол жерге инфекция таралу қаупі өте жоғары. Қазір вирустар да өте көп”, – деді маман.

Акушер-гинекологтың айтуынша, жаңа туған сәбидің денсаулығына мұқият қараған жөн. 

“Менталитетімізде жаңа туған сәбиді барлығы көріп, сүйгенді жақсы көреді. Ал келген адамдарда герпес сияқты инфекциялар болуы мүмкін. Бұл бала үшін де, әйел үшін де өте қауіпті. Жаңа босанған әйелге ең бастысы тыныштық пен күтім керек. 

Шынына келсек, бұлай дүрбірлі той жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кейбіреулер аниматорлар, видео түсірілім мен лимузин жалдап жатса, кейбіреулерінің мұндайға мүмкіндігі жоқ. Екінші мәселе бұдан бөлек те әртүрлі жағдайлар болады. Кейбір аналардың сәбилері жансақтау бөлімінде жатады. Тіпті сәбилерінен айырылып қалған да аналар болады. Олар басқа бөлімде болса да сол перзентханада жатады. Қатту шу, музыка, той олардың көңілдеріне қатты тиеді. Үлкен гүл шоқтарымен сырттағы адамдарды көрген әйелдер мұны көңілдеріне алады”, – деді ол.

“Перзентханадан шығуым керек, күйеуім лимузин мен камера жалдап қойған”: Әйелдер денсаулығын емес, туысқандардың көңілін ойлайды”

Мөлдір Бекмолдақызы одан бөлек, босанғанан кейін әйелдер перзентханадан шығарда ауырып тұрса да, есік алдында күтіп тұрған көптің алдына қалай жинақы шығуды ойлайтынын алға тартты.

“Тәжірибемде мынадай әйел болған. Оған бес күн ішінде шығаратынымызды айттық. Одан кейін сараптама қорытындылары нашар болып, тағы үш күн қалатынын айтқан кезде жаңағы әйел жылап жіберді. Неге десек, “күйеуім камера, лимузин жалдап қойды. Біз сонда мұның барлығын далаға кетіреміз бе?” дейді. Мысалы ешкім ол кісілерге “міндетті түрде камера әкеліңдер, әйтпесе шыға алмайсыздар” деп айтпайды ғой. Ал біз оған қал деп айтып жатырмыз. Шынында әйел бар болғаны осылай ұымдастырып жатқан туыстарының алдында қысылып, солардың көңілі қалады деп ойлап тұр. Денсаулығына қарағанда солардың көңіліне алаңдап тұр.

Әйелдер босанғаннан соң тіпті өздеріне қарауға шамалары болмайды. Перзентханадан шығарда көбі шаршаңқы, дұрыс боянып, жиналуға шамалары келмей жатады. Ал перзентхана алдында күткен кей туысқандары оның түріне қарап сынағандарын да көргенбіз. Сол себептен әйелдер баланың жағдайын, өзінің анализдерін емес, алдымен туысқандар алдында жақсы көрінуді ойлайды. Бұл әйелге артық жүк болады”, – деп қосты маман.

Акушердің айтуынша, елімізде мұндай жиындарды өткізуге заң бойынша шектеулер жоқ. Дегенмен пандемия кезінде мұндай шараларды жасауға тыйым салынған.

“Мұндай тәжірибе болған және оны ұстандық. Демек алдағы уақытта да оны қайтадан енгізуге болады. Ең бастысы сәби мен ана бірінші орында болуы керек. Мұндай тойды перзентханада емес, басқа арнайы мерекелік жерде өткізуге болады. Алайда перзентхананың алдында жасаудың қажеті жоқ деп санаймын. Біздің халық негізі шашылғанды, той жасағанды жақсы көреді ғой. Дегенмен мұның бәрі әйелдерге көбірек күш түсіреді. Бұл – заманның талабы емес, адамдардың ішкі қажеттілігі. Егер босанған әйелге не беру қажет деп сұрасаңыздар, оған тыныштық қажет деп айтар едім”, – деп қорытты ол. 

“Әр адам өзінің эмоциясына өзі жауапты”: Психолог не дейді?

Психолог Сая Бақимова болса, қуанышты тойлағанда тұрған ештеңе жоқ екенін жеткізді. 

“Үнемі басқа адамдардың сезімін, эмоциясын ескеріп өмір сүру мүмкін емес. Қуанған кезде де, қайғырған кезде оны бөліскіміз келеді. Қоғам болғасын бәрі де болады. Ондай ауыр эмоцияны сезінбей өмір сүру мүмкін емес. Ересек жан ретінде әр адам өзінің эмоциясына өзі жауапты. Қанша жерден көңілі түсіп тұрса да, өзінің ішкі жағдайына өзі жауап беруі керек. Ол әйел де барлық кезеңде қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Бәрібір түбінде әйтеуір бір бесік той, шілдеханаларда болады. Сондықтан әр адамға эмоциясы үшін жауапкершілікті өзіне беруіміз керек. Алайда өзіміз де ішкі шек пен мәдениет деңгейінен аспауымыз керек. Біржағынан қуанышты тойлаған өте жақсы. Дегенмен ансамбль әкеліп немесе көп адамды жинап шу тудыру дұрыс емес, әрине. Бұл басқа адамдардың жұмысына кедергі жасайды. Ал әдемі, жинақы етіп тойлауға кедергі көріп тұрған жоқпын”, – деді психолог.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 15 Тамыз, 2025 16:12
Талқылау